Қызылордада қаржы жымқырған есепшілерге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот үкімі шықты.
«Жаңақорған аудандық ауруханасының қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып, 2015-2019 жылдары өзара келісіп, іссапар шығынын рәсімдеп, ірі мөлшерде қаражат жымқырған. Іссапарға бармаса да құжат жасап, өздеріне ақша аударып алуға және қолма-қол шешіп беруге келісетін аурухана қызметкерін тауып, банкомат картасына аударып, шешіп алу арқылы ірі мөлшерде мемлекет қаржысын иемденген» делінген хабарламада. Тергеу барысында сот-бухгалтерлік сараптама жасалды.
Нәтижесінде, Жаңақорған ауданаралық ауруханасына 14 миллион теңгеден астам залал келтірілгені анықталды.
Сот аудандық ауруханада әр жылдарды қызмет атқарған М.Сатыбалдиева мен З.Шомантаеваны кінәлі деп танып, есепшілік және материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтер атқару құқығынан 2 жыл мерзімге шектеп, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үшінші адам М.Бурисбаевтың 2 жылға бас бостандығы шектелді.