Референдумның ашық өткенін отандық және халықаралық байқаушылар мойындады - Еділ Жаңбыршин

Референдумның ашық өткенін отандық және халықаралық байқаушылар мойындады - Еділ Жаңбыршин 1

Парламент Мәжілісінің депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин референдум әділ әрі ашық өтті деп есептейді. Бұл туралы ол Facebook  парақшасында жазды. 

"Кеше Қазақстан тарихында мәңгілік із қалдыратын саяси іс-шара өтті. 27 жылдан кейін Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар бүкілхалықтық референдумға шығарылды. Ел арасында бұл іс-шараға қатысты біраз дискуссия болып, алуан түрлі ой-пікірлер айтылды. Сенім мен сенімсіздіктің «майданы» болды десек те артық айтпаспыз. Олай болуы – заңдылық. Өйткені неше жыл ескі билік елдің еңсесін басып, қоғамға үрей ұялатып, демократиялық үрдістерді тежеп келді.
Бірақ қанша дегенмен адам баласы жақсылықтан үмітін үзген емес. Қазақстандықтар болашақта еліміздің оң бағытта дамуына зор үміт артып отыр. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев өзінің барлық үндеулерінде ел үшін қызмет жасайтынын, саяси трансформацияларды қолға алатынын және демократиялық өзгерістерді іске асыратынын ашық айтып келді. «Ер айтты, ер жасады» деген ұстаныммен Президент саяси модернизацияны Конституциядан бастады және оны бүкіл халықтың шешіміне салды.
Ендігі кезек қазақстандықтардың шешімі еді. Қоғамда күмән да, қорқыныш та,  сенімсіздік те болғаны рас. Бірақ елдің сенімі мен ақылы, парасаты пен мәдениеті, үміті мен арманы жеңді!
Референдум легитимді болуы үшін бірнеше талап орындалуы керек еді.
1. Референдум туралы заң бойынша референдумға 50%-дан астам сайлаушы қатысу керек еді, ол көрсеткіш ресми мәліметтерге сәйкес 68,06% болды.
2. Қатысқан сайлаушылардың 50%-дан астамы «Иә» деп дауыс беру керек еді, бұл көрсеткіш 77,18% болды.
3. Қазақстанның 14 облысы мен республикалық деңгейдегі 3 қаласының 2/3, яғни 12 әкімшілік-территориялық бірлігі жоғарыдағы екі көрсеткіштен өтуі керек еді, ол 16 болды.
Тағы бір мәселе. Референдумда өрескел заңбұзушылықтар болған жоқ. Барлық сайлау процесі ашық өтті, оны отандық және халықаралық байқаушылар да мойындады.
Үшінші айтып кететін жәйт, бірнеше тәуелсіз ұйымдардың сайлаушылармен жүргізген exit poll нәтижелері де ресми мәліметтерден көп айырмашылық берген жоқ.
Осы жағдайларды ескерсек,  Референдум-2022 толық заң талаптарына сай өтті. Референдум қорытындысы бойынша жалпы халықтың 18,66% қарсы дауыс берді. Бұл – заңдылық. Өйткені болып жатқан процестерге күмәнмен қарайтын, сенбейтін азаматтарымыз да бар және осы саяси трансформацияларды қаламайтын күштердің де әлі  арамызда бар екенін ескерген жөн. Дегенмен қоғам мен биліктің арасында консенсунс орнады және қоғамдық келісімшарт қабылданды деп айтуға болады.
Халықтың көпшілігі билікке сенім білдіріп, дауыс берді. Енді негізгі «әрекет» биліктің жағында. Электорат биліктен, әсіресе Үкіметтен нақты өзгерістер мен шешімдерді күтеді.
Президент мықтылығын, Парламент ықпалдылығын, Үкімет тиімділігін іске асыратын Конституциялық реформаны халық қолдады! Ендігі жерде ескі шаблондар мен стильдерді ысырып тастап, жаңа әдістер мен көзқарастарды қолға алып, бәрімізге бірлесіп Жаңа Қазақстан үшін жұмыс істеу қажет! ,–  деп жазды ол.
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.