Айбар Қасенәлі: Жәнібек ханның кесенесі – Қорғалжында
Айбар Қасенәлі: Жәнібек ханның кесенесі – Қорғалжында
1,037
оқылды
Қазақ жеріндегі мемлекеттілік тарихының 3 мың жылғы тарихы бар дегенде біз оны ең бірінші Қазақстан аумағынан табылған тарихи деректермен, оқиғалармен байланыстырып айтамыз. Сол себепті көне ескерткіштер мен жәдігерлерге тіл бітірген археология ғылымының маңызы зор. Болашағымызды бағдарлау үшін өткеннен сабақ алу қажет. Осы тұрғыдан алғанда ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының басшысы, РhD докторы Айбар Қасенәлінің айтары аз емес. – Айбар Ерланұлы, кейінгі кездері еліміз бойынша Ұлық ұлыс тарихына қатысты зерт­теулер қызу жүргізіле бастады. Мемле­кет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қазақ тарихының ажырамас бір бөл­шегі ретінде Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы мәселе көтерді. Сіздің осы тақы­рыпты қаузап жүргеніңізді білеміз. Сол туралы айтып берсеңіз. – Иә, кейінгі кезде Алтын Орда тари­хына қатысты зерттеулер жандана түскені рас. Бұл зерттеулер ертерек уақытта да бол­ған. Бірақ қазір ерекше реңк алды. Ал­тын Орда уақытының ескерткіштерін зерт­теу кеңестік кезеңде тұралап қалған. Елі­міз егемендік алған алғашқы жылдары да оған көп көңіл бөлінбеді десек те бо­лады. Тек 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға сапары барысында осы тақырыпты көтерді. Пре­зидент ұлы ханның үлкен ұлы Жошы хан кесенесінің қазақ жерінде тұрғанын тілге тиек ете тұ­рып, Ұлытау өңірін мәдени ту­ризм тұрғы­сынан дамытуды тапсырды. Ал бұл шаралар Алтын Орданың 750 жыл­дығын мерекелеу аясында жүргізілуі керек деген болатын. Алтын Орда тақырыбы бойынша ғы­лыми-зерттеу жұмыстарымен біздің ғы­лы­ми топ он жылға жуық уақыт бұрын бас­тады. Оның ішінде Алтын Орда мен Қазақ хандығы уақытына жататын Ұлытау жерін­дегі Жошы хан, Алаша хан, Аяқ­қамыр, Бол­ған ана, Талмас ата кесенелері, одан бө­лек, Қор­­ғал­жын өңірінде Жәнібек кесе­несі мен Бытығай кешенінде қазба жұмыс­тары атқарылды. Жошы хан мен Алаша хан кесенелерін ертеректе академик Әлкей Марғұлан зерт­теген еді. Біздің зерттеу жұмыстарымыз за­манауи зерттеу әдістерін қолданумен ерек­шеленеді. Оның ішінде радиокөмір­тек­тік сараптама, палеогенетикалық сараптама, яғни көне ДНҚ, қосымша антропологиялық зерттеулер бар. Ал Аяққамыр мен Болған ана кесенесіндегі зерттеулер алғаш рет жүр­гізілді. Бұлардың ішінде ең алдымен Болған ана кесенесі туралы бөле-жара атауға бо­лады. Зерттеу жұмыстары барысында Алтын Орда уақытының рухани және мәдени өмі­рінен хабар беретін тың археологиялық деректер алынды. Мәселен, антрополо­гия­лық материал, көне текстиль, бағалы ме­талдан жасалған бұйымдар, былғары етік және тағы да басқа құнды жәдігерлер. Бұл жәдігерлерді қалпына келтіру бойынша халықаралық ғылыми топ бірнеше жыл қатарынан еңбек етті. Нәтижесінде Болған ананың антропологиялық реконструкциясы жасалды. Бұл реконструкция археологиялық және антропологиялық деректерге негіз­дел­ген гиперреализм әдісі қолданылған Қа­зақ­стандағы, мүмкін әлемдегі алғашқы ре­конс­трукция. Ал жібек шапан жаңғыртпасы туралы айтсақ, ол – Жошы әулетіне тиесілі жаңғыртылған жалғыз шапан дей аламыз. Қазір бұл жәдігерлер Қарағанды облысы тарихи-өлкетану музейінде арнайы экс­позицияда тұр. Жоғарыда аталған зерттеулер бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлына екі рет баян­дал­ды. Алғашқысы 2019 жылы Қарағанды об­лысына ресми сапары барысында Жошы кесенесінде, одан кейінгі 2021 жылы «Жо­шы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуында. Былтыр Ұлытау жеріндегі Талмас ата кесенесінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Құнды тарихи жәдігерлер табылды. Қазір бұл жұмыстардың тек алғашқы сатысы ғана жүргізілген, яғни әлі толық аяқталған жоқ. Ол жерде археологиялық жұмыстардан бөлек, консервациялық және реставра­циялық жұмыстар, музейлендіру жұмыстары жүргізілуі керек. – Алтын Орда тарихынан бөлек, Қазақ хандығының ескерткіштерін де зерттеп жүргеніңізді білеміз. Соның ішінде елорданың іргесіндегі Қорғалжын өңірінде қазақ мемле­кеттігінің негізін қалаған Жәнібек хан жатыр деген әңгіме бар, осы сөз қаншалықты рас? – Қазақ хандығы кезеңі археологиясы деген – өте қиын тақырыптардың бірі. Елі­мізде кенжелеп қалған бағыттардың бірі де­сек те болады. Көп жағдайда Қазақ хан­ды­ғы дегенде біз тек Қазақстанның оңтүсті­гіндегі үлкен-үлкен ортағасырлық қалалар­дың атымен, ол жердегі зерттеулермен ғана шектеліп қаламыз. Ал далалық аймақтағы зерттеулерге келгенде өкінішке қарай мар­дымды зерттеулерді айта алмаймыз. Кезінде археолог Кемел Ақышев бұл кезең ескерт­кіштерін зерттеп, бірқатар еңбек жариялаған болатын. Солардың қатарында Бозоқ қала­шығын айтуға болады. Ендігі бір ескерткіш­тер, ол – Жәнібек кесенесі. Бұл ескерткіш 2009 жылы табылып, сол жылы К.Ақышев атындағы Археология институты қызмет­керлері зерттеу жұмыстарын жүргізді. Же­текшісі – белгілі ғалым Марал Хабдулина. Зерттеу 2010 жылы да жалғасын тапты. Тек 2020 жылы Ақмола облысы әкімдігі қолдауы арқасында ол қайтадан жалғасып, аяқталды десек болады. Зерттеу барысында бірнеше жерлеу орны ашылды. Антропологиялық деректермен қоса, нумизматикалық коллек­ция шықты. Зерттеу жұмыстарының толық спектрі жүзеге асты. Халықаралық зертха­наларда сараптамалар жасалды. Ескерт­кіштің уақыты анықталды, антропологиясы зерттелді, реконструкциясы жасалды. Ендігі кезекте бұл кесенеде кім жерлен­ген деген заңды сұрақ туындайды. ХХ ға­сырдың басындағы карталарды бұл жер «м. Жанибек» деп көрсетілген, яғни «мо­гила» немесе «мавзолей» деген сөз. Карта жасал­ған уақытта өмір сүрген адамдар бұл кесененің Жәнібекке арнап салынғанын білген. Өкінішке қарай, ауылшаруашылық жұмыстардың қарқынды жүргізілуіне бай­ла­нысты бұл ескерткіштер бүлінген. Тек қана қабырғалары ғана қалған. Бұл біздің тарихымызға жасалған үлкен қастандық деп бағалар едім. Бірақ аман қалған архитекту­ралық және кесектердің декор ерекше­ліктеріне қарап бұл кесене сол замандағы белгілі тұлғаға арнап салынған деуге болады. Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тарихында хандық еткен Жәнібек есімді 3 адам болған. Алғашқысы Алтын Орданың ханы болған, ол Сарайшықта жерленген. Та­ғы бір Жәнібек Есім ханның үлкен ұлы. XVII ғасырда жоңғарлармен соғыста қаза тапқан. Ендігі бір Жәнібек, ол – Қазақ хан­дығының негізін қалаған Жәнібек хан. Ал­­тын Орда мен Қазақ хандығының хан­дары Дешті Қыпшақ даласын мекен еткен. Одан бөлек Қорғалжын өңірінің тарихи топографиялық жер-су атауларына да мән берсек қызық деректерді табамыз. Ол жерде Сұлтангелді, Абылай, Керей деген атауларды да кездестіреміз. Біздің археологиялық зерттеулеріміз Қорғалжын өңірінде орналасқан кесенені Жәнібек ханға тиесілі деген тұжырымды қуаттайды. кесене Жалпы, бұл жерде тек таза тарихи мә­селелерден бөлек басқа да шаруалар бар. Атап айтар болсақ, ескерткішті қайта қал­пына келтіру, қорғау аумағын белгілеу, мүм­кін болса кесенені жаңғыртып, Қорғал­жыннан арнайы визит-орталық ашу жұмыс­тары қолға алынуы керек. – Сақтарды қазақтың арғы атасы деп жүрміз, өзіңіздің археологиялық зерттеу жұмыстарыңыз барысында соған дәлел бо­ларлықтай деректер кездесті ме? Қазақ же­рінде алғашқы мемлекеттіліктің нышандары қашан пайда болған? – Қазақ жерінде мемлекеттіліктің ал­ғаш­қы нышандары қола дәуірінің соңына қарай, 3 мың жылдай бұрын пайда бола бас­таған. Сол кезде Орталық Қазақстанда Бе­ғазы-Дәндібай деген мәдениет болған, оның ірі-ірі Кент, Ақкезең, Бұғылы, Саң­ғыру, т.б деген қалалар бар-тын. Одан басқа мемлекет басқарған тұрғаларға арнап кесенелер де салған. Қыс қатал, жаз ыстық болуына байланысты өзен-көлдердің бойында отырған жұрт енді тау ішіне барып паналады. Сол замандардан бері қарай ірі қалалардың өмір сүруі тоқтатылды, олардың орнына шағын қоныстар пайда бола баста­ды. Ал сақтардың шаруашылық жүргізу тә­сілі бүгінгі қазақтардың тұрмысына ұқсас. Сондай-ақ сақтар біздің жерімізде өмір сүрген соң, біздің жеріміздің байырғы тұр­ғыны деп қабылдауымыз керек. Біз сақтарды көшпелі дейміз ғой, алайда олар жартылай көшпелі, жартылай оты­рық­шы шаруашылық жүргізген. Өйткені таза көшіп-жүрген халық кен өндіріп, темір бал­қыта алмайды. Экспедициялық зерттеу ба­ры­сында сақтардың отырықшылық қо­ныс­тары көптеп табылып жатыр. Бір қы­зығы, бұрынғы сақ қыстақтарының үстіне кейін қазақтар барып отырған. Бұрынғы сақтар мен кейінгі қазақтар қоныстарының орна­ласу ландшафты, топографиясы бәрі бірдей. Егер ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ қыс­тау­ларын зерттесеңіз, олардың жанынан еже­л­гі сақ­тардың қоныстары жиі кездеседі. Бұл ежелгі сақ­тар мен қазақтардың шаруа­шылық жүр­гізу дәстүрінің бірдей екенін білдіреді. Экспедициялық зерттеулердің мақса­ты – сақтар қорымын аршып, алтын жә­ді­герлер табу емес, оның арғы жағында көп­теген зерттеулер бар. Мәселен, осы жәді­герлер «қай жерде жасалды, қалай жасады, кімдер жасады?» деген сұрақтарға жауап іздеу қажет. Егер алтын әшекей балқытқан пештер, оның құйған қалыптар табылатын болса, бұл үлкен жаңалық болар еді. Әзірге оның нақты жауабы жоқ. – «Алтын адам» туралы не айтар едіңіз? Ол тек қазақ даласынан ғана табылмаған шығар? – Қазақстан аумағында 8 «Алтын адам» табылды. Бірақ біз «Алтын адам» деп тек Есік обасынан Кемал Ақышев тапқан бір ғана ескерткішті айтуымыз керек. Қалған «алтын адамдарды» табылған өңірімен бай­ланыстырып атаған жөн. Мәселен, «Елеке сазы адамы», «Ұржар ханшайымы», «Талды көсемі» деп... Басқаларын «Алтын адам» деп айтудың қисыны жоқ. «Алтын адам» – термин. Біз солай қабылдауымыз керек, соған қоғамды үйретуіміз қажет. – Қазақстанда бір жылда қанша экспе­диция ұйымдастырылады? Олардың нәтижесі қандай? Олардың археология ғылымына қосып жатқан үлесі туралы не айтасыз? – Біз Қазақстанда жылына қанша экс­педиция ұйымдастырылғанын білмейміз. Оның есебі осы күнге де­йін жүргізілме­ген. Сол олқылықтың ор­нын тол­тырайық деп былтырдан бастап «Қа­зақстандағы археологиялық зерттеулер» деген жинақ шы­ғаруды қолға алдық. Өз шамалауымызша, еліміз бойынша былтыр 100-ден астам экспедиция ұйымдасты­рылған. Одан бөлек ескерткіштерді қайта қалпына келтіру экспедициялары жүргі­зіледі. Оның есебі жеке жасалады. Қазір біз кімнің қандай деректер жинап, қандай ескерткіштер қазылып жатқанынан бейхабармыз. Елімізде архео­логиялық қазбалар жөнінде ортақ база жа­салмаған. Оны айтасыз, республика аума­ғын­да қанша ескерткіш бар, олар қай ке­зең­дерге жатады, типтік тұрғыдан қандай, жіктелуі бойынша мәртебесі қалай т.б. сұрақтардың бәрі бұлыңғыр. Әзірге 25-30 мың ескерткіш бар деген тоқтамға келіп отырмыз. Осы мәсе­лелерді қамтитын «Қа­зақстанның архео­логиясы» веб-платформа жасап жатырмыз. Онда еліміздің археоло­гиясына қатысты барлық ақпарат болады. Барлық тарихи ескерткіштердің толық базасы жасақталады. Кеңес кезінде 1966-1986 жылдар ара­лығын қамтитын «Археологиялық ашы­лым­дар» деген жинақ болған. Сонда Қазақ­стандағы экспедициялар туралы шағын-шағын ақпараттар бар. Одан кейін тәуелсіз Қазақстанда 2003 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы жарияланғанда, 2003-2009 жылды қамтитын экспедициялық жинақ жарыққа шықты. Бірақ бұл да толық емес. Мұнда тек «Мәдени мұра» бағдар­ла­ма­сы аясында зерттелген ескерткіштер ту­ралы ақпарат берілген. Ал біздің мақсат – Қазақстанда қандай экспедиция жүрді, со­лардың бәрінің басын қосу. – Әңгімеңізге рақмет!