Кепілді кіріс ұсынатындардың қармағына түскендер көп. Жауапты органдар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру туралы ақпаратты таратып, қаржы пирамидаларына қарсы жұмысты күшейтіп-ақ жатыр. Бірақ алаяқтардың арбауына түскендердің саны анағұрлым артып, онлайнда ойындағысын жүзеге асырып жатқандар да көбейіп келеді. Бас прокуратураның дерегінше, соңғы бес жылда интернет алаяқтық саны он есе өскен.
Жақында Экономикалық тергеу қызметі Қазақстандағы 23 қаржы пирамидасына қатысты 55 қылмыстық істі қарап жатқаны мәлім болды. Бұдан басқа, интернет ресурстардағы 2 мыңға жуық сілтеме бұғатталған. Сондай-ақ былтыр 31 мыңнан астам адам алаяқтардан зардап шексе, биыл олардың қатарына 3 мыңнан аса жәбірленуші қосылған. Қаржы мониторингі агенттігінің берген мәліметіне сүйенсек, қазірдің өзінде 34 онлайн қаржы пирамидасы анықталған.
Әдемі жарнаманың әлегі
Әлеуметтік желідегі алаяқтарға тұсау салу қиын болып тұр. Жауапты органдар алаяқтардың әрекетіне барынша тосқауыл қойғанымен, олар да күн сайын әдіс-тәсілін өзгертіп әлек. Әсіресе, халық көп шоғырланған аймақтар Best Road Investment, Finiko, Antares, GAP, Grand life cooperation, Januya, B2B Jewelry сияқты қаржы пирамидаларының ошағына айналыпты. Оның ішінде Алматы мен Нұр-Cұлтан, Шымкент қалалары, БҚО, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарында отырып-ақ алаяқтар аңғал халықты арбауына оп-оңай алдап түсіреді. Оның ішінде қазақстандық банктер, телекоммуникация, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың сайттарына сілтеме жіберу жиілеген. «Марғұлан Сейсембайдың бизнес тренингіне жазылып үлгеріңіз», «70 000 теңге инвестициялап, апта сайын 150 000 теңге алыңыз», «Қосымша табыс инвестициялап, 600 000 теңге табыңыз», «Қазақстан тұрғындары үшін тиімді акция» деген секілді әдемі жарнамаға алданып, опық жегендер жетерлік. Сенбесе, сенімге ие болу үшін соңғы уақытта алаяқтар әлгіндегідей экономиканың түрлі секторында табысқа жеткен кәсіпкерлер мен танымал адамдардың есімін пайдаланады. Кейбірі халықтың көзайымына айналған әншілер мен желіде оқырманы көп танымал вайнерлерді жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға қолданып жатыр. Алайда алаяқтардың жарнамасын жасағандар емес, соңында қарапайым халық қана сан соғып қалады. Өйткені қаржы пирамидасы жарнама арқылы жәбірленушісін көбейтеді, ал жарнама жасағандар қомақты қаражатын алады. Алаяқтардың схемасы ұқсас. Біріншісі, кредит пен өзге де міндеттемелерді өтеуге көмектесу. Бұл үшін олар қарыз алушыға мәселені шешу немесе кредит төлеу бойынша міндеттемелерді өзіне алатындарын айтып, кредит сомасының бір бөлігін жіберуге үгіттейді. Шын мәнінде, клиенттің қарызы өтелмейді. Керісінше, банк алдындағы берешегі өсе береді. Екіншісі, ұтыс қою арқылы пайда табу. Букмекерлік кеңселерде ұтыс арқылы үлкен ақша табуға уәде беретіндер де «маңғыт, аузыңа саңғыт» қылып кетеді. Үшінші, нарықтық құнынан әлдеқайда төмен автокөлік сатып алуға шақыратындар жеке немесе компания атынан хабарласып, ақша аударымын жасатқаннан кейін-ақ ізін суытады. Төртіншісі, смартфонның соңғы моделін арзан бағаға сатып алуға сендіріп, аванс ретінде тиісті ақшаның жартысын алдын ала банк картасына аударуды сұрайды. Қалған соманы басқа есепшотқа аударуды талап етіп, мұны аудару кезінде мәселе туды деп түсіндіреді. Артынша алаяқтар әрбір смартфон үшін тағы қосымша ақы төлеу қажеттігін жеткізеді. Қысқасы, соңында смартфон жоқ, алаяқтың өзін таппай қаласың. Бесіншісі, құжаттарды тездетіп алуға «көмектескісі келетіндер». Олар да әдеттегі схемамен жұмыс істейді. Алтыншысы, нарықтық көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсетін жоғары кірістілікке уәде ету. Бұл бизнесті қатысушының кірісі жаңадан қосылған адамдардың салымы есебінен қалыптасады-мыс. Сондай-ақ пандемия кезінде өзге адамның атынан онлайн несие рәсімдеу көбейген еді. Алайда қазір алаяқтықтың мұндай түріне жол бермеу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі электронды тәсілмен кредит беруге шектеу қойды.
Алаяқтарға алданбаңыз!
Осындай алаяқтардан сақтану мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғындар арасында 4 мыңға жуық ақпараттық түсіндірме кітапша таратқан. Қоғамдық орындарда қаржы пирамидасының құрығына түсіп қалмау үшін бейнероликтер көрсетіледі. Интернеттегі парақшаларына да күн сайын мониторинг жасалып, жолы кесіледі. «Бүгіннің өзінде осындай 2 мыңға жуық интернет кеңістікті анықтадық. Алдағы уақытта мектептің жоғары сыныптарында, орта техникалық және жоғары оқу орындарының 1-2 курстарында қаржылық сауаттылық пәндерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр» деп атап өтті Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов. Дегенмен бір емес, бірнеше орган бақылауға алғанымен, қаржы пирамидасының қақпанына түскендер көп. Себебі алаяқтар – техника тілін жақсы меңгерген тісқаққан мамандар. Көбі халықтың психологиясын әбден зерттеп, қоғамның қажеттілігіне сәйкес әрекет етеді. «Мысалы, қаржы алаяқтары білім беретін орталық ретінде құрылады. Әдісі де қарапайым. Алдымен адамды арзан бағада курс оқуға шақырады, жеңілдіктерін көрсетіп, толық сомасын алады. Сосын курсты түгел оқу үшін белгілі бір тауар түрін сатып алуға үгіттейді және артыңыздан бір-екі адамды тіркеуге міндеттейді. Ақшаңызды төлеп қойғандықтан, ары қарай ақша күйіп кетпеу үшін шартты орындауға тура келеді. Бұдан бөлек, бір күнде баюға шақыратын вебинарлар көбейді. Біздің айтарымыз, адал бизнес жүргізіп жатқан ешбір компания 200, 500, 1000 пайыздық өсімге кепілдік бермейді. Ал біздің халық бүгін 100 теңге салса, ертең 1000 теңге болады деп санайды», – дейді Әлібек Әбділов. Қаржылық мониторинг агенттігі 2 243 жәбірленушісі бар 21 қылмыстық істі аяқтаған. Биыл бірінші тоқсанның өзінде 19 қылмыстық іс жүргізу аяқталды. Ол бойынша 232 жәбірленуші бар. Ал олардың былтыр келтірген 3,7 млрд залал сомасы 6,4 млрд, яғни 173,5 пайызға артығымен қайтарған. Сот шешіміне сәйкес, қаржы пирамидаларының мүлкі сатылымға қойылады. Одан түскен қаражат жәбірленушілерге, қалғаны мемлекетке қайтарылады. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар шекара сыртында болса да жазадан құтылмайды. Өйткені алаяқтардың ошағы белгілі болса, оларға халықаралық іздеу салынады. «Мысалы, Алматыдағы атышулы B2B Jewelry қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы Украина азаматы болған. Интерпол арқылы күдіктінің Батыс Еуропа елдерінде бой тасалап жүргенін білдік. Қазір Қазақстанға экстрадициялау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алдағы уақытта Қазақстанның заңы бойынша жауапқа тартылады. Бүгіннің өзінде біздегі есеппен осындай халықаралық іздеуде жүрген 8 адам бар», – дейді агенттіктің ресми өкілі. Ал Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Бөлегеновтің сөзінше, қаржы пирамидасына қатысты былтыр 6, биыл 2 қылмыстық іс қаралған. Айтпақшы, қоңырау шалатындардың арасында «түзеу мекемесінде отырғандар бар» деген қауесет те шындыққа жанасатынын жеткізді. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп 20-22 пайыздық пайданы уәде еткен Investment Consulting Agency, Life is good, «Отбасы мен жастарды қолдау қоры», Mudarabah capital, «Свой дом», TBXCapital, FinCentra, Global Alliance, Finiko-пассивный компаниялары да тексеріліп жатыр.
Аңқау елге арамза молда
Заңгер Мұратқожа Әмитов «екі есе қысқа уақытта байып кеткісі келетіндердің түсінігін толығымен жоймай, алаяқтардың құрбаны болғандар азаймайды» деп отыр. Өйткені қаржы пирамидасына алғашқы салым жасайтындар оңай олжа табуы үшін өздерінен кейінгілердің тағдырын ойлап жатпайды. «Алаяққа тап болған бірінші адам салған сомасын екі еселеп алады. Яғни, ол салған ақшасын шығару үшін таныстарын алып келеді. Өзі пайда көру үшін өзге біреуді орға жығады. Мұның артында пайдакүнемдік бар. «Мен де салдым, сен де салып көр. Ұтылмайсың» дейді. Ұсыныс басқадан емес, өз танысы болған соң ойланып қалады. Жақында ғана Шымкентте осындай қылмыстық іске қатыстым. Мыңдаған адам бірін-бірі ертіп келген. Пайдакүнемдіктің соңы тойымсыздыққа әкеледі. Сөйтіп, алған ақшасын тағы салады. Соңында өзі де сан соғып қалады», – дейді Мұратқожа Шарапханұлы. Әйткенмен, қаржы пирамидаларының қулығына құрық бойламайды. Көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың өзі алаяқтардың алдауына аңдаусызда түсіп қалады. «Жарнама жасауға немесе кіріс беруге уәде ететін ұсыныс келсе, алдын ала тексеріп алу керек. Тіпті болмаса, хабарласқан адамнан кеңсесінің мекенжайын сұрап, құжаттарын жіберуді сұраңыз. Себебі қазіргі заңнама бойынша, жарнамалағандар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер де жәбірленушілерден түскен ақшаны бөліскені расталса, қылмыстық жазаға тартылады. Сондықтан кез келген салымнан бұрын барлық ақпаратты сыни тұрғыдан қарап, оларға мүмкіндігінше көп сұрақ қою маңызды», – дейді заңгер. Күні кеше Экономикалық тергеу қызметі қаржы пирамидаларының белгісі байқалған сайттар мен сілтемелерді тексере алатын Telegram-ботты іске қосатындарын айтты. Қоңырау соққан күдікті адамның сөзінен секем алғандарға арналған бағдарлама тиімді боларын алдағы уақыт көрсетеді. Десе де, қазірдің өзінде қомақты кіріс туралы ұсыныс түскен бойда қоңырау соққан адамның қитұрқы әрекетін анықтау қиын емес. Ол үшін қаржы маманы болудың да қажеті шамалы. Қаржыны инвестициялаған кезде «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал. Заңды түрде тіркелген инвестициялық компания Қаржы нарығын реттеу агенттігінің сайтында көрсетілген тізімде болуы тиіс. Егер хабарласқан компания осы тізімде жоқ және ешқандай кеңсесі көрсетілмесе, берген ақшаңызды растайтын чек берілмесе, телефон арқылы ақша аудартып, карточкаңыздың нөмірін сұрайтын не болмаса өзіңізден кейін адамдарды тіркету туралы ұсыныс түссе, бұл кәдімгі қаржы пирамидасы.