Ақтөбеде үйсіз-күйсіз жүрген 14 қаңғыбас 800 млн теңге айналымы бар компанияның "басшылары" болып шықты
Ақтөбеде үйсіз-күйсіз жүрген 14 қаңғыбас 800 млн теңге айналымы бар компанияның "басшылары" болып шықты
© depositphotos.com
2,268
оқылды
Ақтөбеде далада үйсіз-күйсіз жүргендер 800 миллион теңге айналымы бар фирмалардың директорлары мен құрылтайшылары болып шықты.  Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының прокуратурасы қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтендіру орталығындағы бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Орталықта тұратын 14 адам кәсіпкер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры және құрылтайшысы ретінде тіркелгені белгілі болды.
"Жауап алынған"кәсіп иелері" бұған еш қатысы жоқтығын, олардың үшеуі 1 және 2-топтағы мүгедек екенін айтқан. Сонымен қатар 2021 жылдан 2022 жылдың сәуіріне дейін бұл "бизнестің" айналымы шамамен 800 миллион теңгені құраған", – деп жазды Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев әлеуметтік желіде.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша салық органдарына заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіліп, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.