Кәсіби кітапханашыларды даярлайды
Кәсіби кітапханашыларды даярлайды
544
оқылды
Биыл Қазастанда жоғары білімді кітапханашыларды даярлайтын бірден-бір құрылым Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Кітапханатану және библиография» кафедрасының құрылғанына 65 жыл толады. Содан бергі аралықта алғашында бөлім кейіннен факультетке айналған бұл кафедраның кітапханатану және библиография мамандарының бірнеше толқыны тәмамдап шықты. Кафедра түлектеріне «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша әлеуметтік білім бакалавры академиялық дәрежесі беріліп, олар республиканың әртүрлі типтегі кітапханаларында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Қазір университет басшылығы бакалавриатты үздік бітірген түлектерге магистратурада оқуын жалғастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмысы, кітаптану, кітапханатану мен библиографиятанудың өзекті мәселелерін зерттеуге, кітапхана мамандарын сапалы, уақыт талабына сай, жоғары деңгейде даярлауға бағытталған. Оқытушылар құрамы республикалық, халықаралық ғылыми конференцияларға, семинар-тренингтерге, дөңгелек үстелдерге, шеберлік дәрістер үнемі қатысып, тұрады. Соңғы жылдары кафедра оқу үрдісіне жаңа инновациялық технологияны енгізу мәселелеріне үнемі ерекше көңіл бөліп отырады. 2016 жылы Ұлттық кітапхана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті арасында дуалды оқыту жүйесі бойынша келісімшарт жасалды. Ұлттық кітапханада Кітапханатану және библиография кафедрасы құрылды. Аталған кафедрада дуалды оқыту туралы келісімшартқа сәйкес Ұлттық кітапханасы 6В03201 – Кітапхана ісі білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларды даярлаудың практикалық орталығы ретінде жасақталды. Ұлттық кітапханада «Кітапханалық жарнаманың теориясы мен тәжірибесі», «Инновациялық кітапханалық қызмет көрсету, «Кітапханадағы іскерлік қарым-қатынас мәдениеті», «Кітапханалық қызметтің ғылыми-зерттеу негіздері», «Электронды кітапханалар және ресурстар» және басқа да оқу пәндері бойынша сабақтар өткізіледі. Кітапхана – оқырманға тегін кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсететін мәдени мекеме. Қазіргі заманауи кітапханалар ақпараттық, ғылыми және білім беру қызметтерінде әртүрлі инновациялық нысандары мен әдістерін пайдаланады. Демек, кітапханалардың жұмысына жоғары білікті мамандар ауадай қажет. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Кітапханатану және библиография» кафедрасы дәл осы бағыттағы жұмысын табысты жалғастыра береді.

Г.НҰРЖАНОВА, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Кітапханатану және библиография кафедрасының меңгерушісі, Ш.УСЕНБАЕВА, педагогика магистрі, аға оқытушы, А.БАЙДАРОВА, магистр, оқытушы