Алаш зиялылары дінге өте нәзік қараған – Дихан Қамзабекұлы
Алаш зиялылары дінге өте нәзік қараған – Дихан Қамзабекұлы
1,057
оқылды
Л.Гумилев атын­дағы Еу­разия ұлттық уни­верситеті Жур­налистика және саясаттану фа­куль­тетінің бір топ сту­денттері өндірістік тә­жірибеден өту үшін редакция­мызға кел­ген еді. Студенттердің кейбірінің ал­ғашқы тәжіри­белері болса да, «үйренсем», «білсем» деген ықылас-ниеттері бөлек. Болашақ журналистер AIQYN-да жиылып, бірінші рет сұхбат құрды. Олардың бүгінгі ке­йіпкері – Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің прорек­торы, ҚР ҰҒА академигі Дихан ҚАМЗА­БЕКҰЛЫ. Ойлары еркін, сауал­дары шынайы шық­қан се­кілді. Мағжан ақын айтқандай, бұл жолы біз де алаң ұсынып, жас­­тарға сенім білдірдік.

Редакциядан

Еркежан ӘУЕСБЕК: – Дихан аға, біз сізді алаштанушы ретінде танимыз. Осы Алаш тақыры­бын зерттеуіңізге не түрткі болды? – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының Фи­лология факультетінде білім алғанмын. Тарихқа деген қызы­ғу­шылығым сол кезеңнен басталды. Институтта жүріп тарихты жүйелеуді үйрендім. Буржуазияшылдарды, Мағжан мен Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті сту­дент кезімде естідім. Оған дейін мек­тепте бізге тарихтың бұл тұс­тарын көп оқыта бермейтін. Із­денуші болған соң ішімізде «неге бұ­лай?» деген күдік те туындап жа­татын. Осылайша, ғылыми текс­тердің астарына үңіліп, шындыққа көз жеткізуге асықтық. Сөйтіп жүрген кезде, бізге мұғалімдеріміз шет жағасын айта бастады. 1983 жы­лы оқуға түстім, сонда алғаш Мағ­жан туралы естідім. Мағжанның поэзиясы да соншалықты керемет еді. Сол кезде баспалар кітап шы­ғармайтын. Адамдар кітаптарды қолмен жазып немесе машинкаға басып, таратып сататын. Сондай кітаптардың ішінен Мағжанның өлеңдерін қызығып оқи бастадық. Мағжан рухының мықтылығына, ұлтшылдығына риза болмау мүмкін емес еді. Осылайша, алаш арыстарына қызыға бастадық. Біздің ба­ғымызға орай Кеңес үкіметін сы­найтын, сынауға мүмкіндік беретін өзгерістер, яғни қайта құру кезеңі басталып жатты. Мәскеуден келетін көп газет-журналдарда ұлтқа, тарихқа, философияға қатысты тың деректер де жарияланып жатты. Біз соған қызығып, ары қарай Алаш тақырыбына келдік. Бұл тақырып қоғамда жабық саналатын. Сон­дықтан Алашты зерттеу үшін архив ақтаруға тура келді. Ал архивті қа­расаң, таңғаласың. «Еңбекші қа­зақты», барлық ескі газеттерді қа­радық. Онда жазылған көп дүниені бұрын-соңды естімегенбіз. Менің көзіме ең бірінші 1924 жылы Орын­борда Қазақ білімпаздарының бі­рінші съезі өткені түсті. Біз айтып жүрген қазіргі мәселелердің бәрі сол жерде талқыланыпты. Төрінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы сияқты мықтылардың бар­лығы отырған. Мәскеуден кел­ген қазақтар Орынборда алқалы жиын өткізіп, шешім шығарады. Ал бұл жайлы біздің тарихта ешқандай ақпарат жазылмаған. Бізге тың дерек табу, ары қарай Алашты зерт­теу қызық еді.

Баламнан ғалым жасамаймын

Еркежан ӘУЕСБЕК: – Өміріңіздің қанша жылын ғы­лыми зерттеуге арнадыңыз? – Мен қазір белсенділігімді ептеп азайттым. Өмір бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Жұ­мыста таңнан кешке дейін отыра­мын. Қолым босай қалса, кейде тү­німен, кейде демалыс күндері ғы­лыммен айналысамын. Ғы­лым­мен тұрақ­ты шұғылданбасаң, кітап жаза алмайсың.  «Егер қонаққа барып жүрсең, ол ғылым болмайды. Олай жүрсең, уақытыңның бәрі текке кетеді. Содан сенің бұл дағдыңа отбасың да, балаларың да бейімделе бас­тайды», – дейтін ғалым Рабиға Сыз­ды­қ. Бірақ мен ба­лам­нан ғалым жасамаймын. Олар­ды да түсінесің, олар басқа балалар сияқ­ты қыдырғысы, қонаққа бар­ғысы келеді. Сондықтан отбасың­ның да жағдайын ойлау қажет екен. Біз тым жұмысшыл болып кеткен кез­де кішкентай қызым: «бүгін үйде боласыз ба? Болмайсыз ба?» – деп сұрады. Содан бастап балаларға да көңіл бөлу керек екенін түсіндім. Шы­нымды айтсам, бір отырғанда 10 сағатқа дейін архив ақтарған кезіміз болды. Зарина РАХМЕТОВА: – Университетте жастармен жиі жолығасыз. Жалпы, қазіргі жастар­дың біліміне көңіліңіз тола ма? Са­уаты төмендеп кеткен жоқ па? – Бұл өте нәзік мәселе. Шындап келгенде, сауаттылықты 11 сынып­тық біліммен ғана өлшеуге болады. Бала мектепті бітіргеннен кейін сауатты болып шығуы керек, оның мәңгі бақи артынан қуып жүріп оқыта алмайсың. Ресей империясы кезінде гимназия 7-8 жылдық бол­ған, оны бітірген бала бір сөзінен қате таппайтын сауатты болатын. Өйткені оқушы 1-2 сөзден қате жі­берсе, оқудан шығарылатын. Қа­зір 11 сыныпты бітірген бала 100 пайыз сауатты деп айта алмаймыз. Егер 11 жылда бар мүмкіндігімізді салып, оқушыларды оқытқанымызда сауатты халық жасап алар едік. Қазір қазақ мектебінің тағдыры да қиын болып тұр. Ал оны қиындатып жатқан – өзіміздің қоғам. Мысалы, Финляндия мемлекетінің мектеп­терінде үй тапсырмасы берілмейді, таңертең келгеннен кешке дейін барлық тапсырманы сол жақта орын­дап кетеді. Кішкентай кезімде мен де журналист болғым келген, сол кездегі «Пионер», қазіргі «Ұлан» газетіне мақала жазатынбыз. Әр мақаланы қолмен қағазға айна қатесіз түсіретінмін. Қазір оқу­шы­лардың жазуын тану мүмкін емес. Сондықтан мектепте әр мұғалім баланы сауаттылыққа баулыса, қоғамның, жастардың сауаттылығы артады деп ойлаймын. Бір жағынан, ол оңай да емес, педагогикалық институт бітіргеннен кейін өзім де педагогпын, жақсы түсінем. Егер жүз адамның оны сауатты, ақылды болса, онда ел сауатты, ол ел ешқашан құрымайды. Физиканың заңдылығы бойынша шешуші салмақ деген бар, оннан азайып қалса, мемлекет құлап қалады. Зарина РАХМЕТОВА: – Әлеуметтік желі жастардың сауатсыздығына әсер етіп жатыр ма? – Әрине, әлеуметтік желінің әсері бар. Бірақ оның екінші жағы да бар, уақыт ырғағы сондай жыл­дам, мысалы, IT мамандығы үшін бүгін жазылған кітап 2-3 жылдан кейін ескіреді. Сол секілді жазған кезде де жылдамдық қажет. Уақыт­тың ырғағы адамға берілгеннен кейін, қысқа сөздерді жазып үйрену керек. Қарапайым амандасудан бастау керек. Мысалы, «саламатсыз ба?» деген сұраққа «саламатсыз ба?» деп сұрақпен жауап береді, дұрысы «саламатпын» болуы керек. Түркі өркениетін қарасақ, олар барлық сөздерді қысқартып үйреткен, бірақ сөздерді қысқартудың бас-аяғында мықты, зиялы азаматтар отыруы қажет. Сондықтан әлеуметтік же­лінің пайдасы да, зияны да бар. Фатима МЫРЗАБЕК: – Қазіргі тарихи киноларға кө­ңіліңіз тола ма? – Маман ретінде өзіміздің са­ламызға арналған киноларға көңі­ліміз толмай қалады. Себебі біз де­ректерді біліп отырамыз. Мы­са­лы, Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильм болды. Басқаша берсе ғой деген жерлер кездесті. Негізінен дұрыс жасалған. Бастапқыда фильм түсірер алдында кеңесімізді айттық. Кейіннен баға бердік. Аз қаржымен, жақсы дүние шығаруға тырысқан. Ал сын айтқанда «Көшпенділерде» мына жері мынадай болса ғой деп айтқан кезіміз болды. Көп қаржы жұмсалып түсірілген фильмдер бар. Фильмге атсалысқан адамдар мемлекеттің ақшасын үнемдеп жұм­сайық деп ойламайды. Бұл – біздің халықтың басынан өткен аштықтың әлі де қанымызға сіңіп қалғанының дәлелі. Қазір көп адам­дардың пейілі де тарылып ба­рады. Жалпы, адам негізі мамандану керек. Кейде кино режиссура, сце­нарийі жағынан сәл әлсіздеу болуы мүмкін. Маған жастардың соңғы жылдағы ізденістері ұнайды. Әміре Қашаубаевқа арналып түсірілген «Әміре» фильмін көрдім. Мен Әмі­ренің тарихын бір кісідей білемін. Менің түсінігімде кинодағы Әміре – тарихтағы Әміренің 10-ақ па­йызы. 90 пайызы қиял. Бір жағынан мұндай фильм керек деп есептедім. Себебі ауылдан шыққан қарадо­малақ Францияның ортасына бір-ақ сәтте кіріп кетеді. Ал тарихи де­ректер бойынша Әмірені Па­рижге жіберетін кезде, Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлына хат жазады. «Әміреге пышақ, ша­ныш­қы ұстауды үйрету керек» дей­ді. Ал фильмде Әміреге қазақтың барлық жақсылығын салған. Әмі­ренің барлық трагедиясын да көр­сетеді. Сондықтан халықтың рухын көтеру үшін мұндай фильмдер ке­рек те шығар. Сонымен қатар анимацияға да көп көңіл бөлуіміз керек. Өйткені мульфильм ұрпақты тәрбиелейді. Ең таза адам – бала. Ұлт болашағы үшін балаға арнап жасалған әр дүние әдемі болуы керек. Кейде мен де мультфильмдерді қызыға тамашалаймын. Мысалы, сонау 90-жылдары «Спирит: Душа прерий» деген мультфильмді соңына дейін көрдім. Бұл жылқы туралы, тура қазақтың тағдырына ұқсас мультфильм. Американы иеленгендердің үндістерді бағындырамыз деген идеясын жылқының тағдырымен береді. Өмірге жылқының көзімен қарайды. Әр балам дүниеге кел­ген сайын, есі кіргенде осы мульт­фильмді көрсетемін. Үйге қо­нақ келсе, солармен бірге көремін. Телевидениенің басшыларына: «қазақшаға аударсаңдаршы», – деп бірнеше рет айттым. Бірақ бұл ұсынысым ескерусіз қалды.

Қазір пікірлес адам табу қиын

Фатима МЫРЗАБЕК: – Алаштанушы ретінде жастарға Алаш зиялыларының қандай қасиет­терін үлгі етесіз? – Бірінші қасиет – білімге ұм­тылу. Біз қазір «отаншылдық, па­триотизм» деген сөздерді жиі ай­тамыз. Ал алашзиялылары «елшіл» деген сөзді көп айтқан. Ел үшін бә­ріне баруға даяр болды. Содан ке­йін олар жеке шықпаған, көп адам­дар бірлесіп жұмыс істеп, пі­кірлесіп тұрған. Қазір пікірлес адам табу қиын. Пікірлес адамдар мін­детті түрде бір-бірімен дауласып та қалады. Ал ол кезде қазақтың даму тарихы оларды пікірлес қыла білді және олардың басын біріктіруге ықпал етті. Елшілдікке білім то­лық­қан кезде, сапалы біліммен же­туге болады. Сапалы білім – адам­заттың фундаменті. Жақында Алашты зерттеп жүрген жапон ғалымы Уяма Томохико Райымжан Марсековтың Қытайдағы жапон­ның өкілі арқылы, жапоннан алаш­тықтардың көмек сұрағанын дә­лелдеп берді. Алаш­ арыстары «бі­рінші бізге қару-жарақ, дәрі-дәрмек беріңіз» деп сұрайды. Содан кейін «бізді қолдаңыздар, біз тә­уелсіз мемлекет боламыз» деген екен. Тура осы көзқарастың барлы­ғы да, жүз жыл бұрынғы газет-жур­налдарда қатталып тұр. Сондықтан қазіргі жастар елшіл болып, елді жақсы көруі керек. Журналистикада мың түрлі тақырып бар. Егер шы­нымен өз салаларың арқылы елге пайдалы маман болғыларыңыз келсе, сол мың тақырыптан біреуін ғана өздеріңізге негізгі тақырып қылып алыңыздар. Ол тақырыпты бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүрі­ңіздер. Сонда сол тақырыптың на­ғыз маманы боласыздар. Сол саланың сарапшысы, қызықсаңдар, ғалым болып кетесіңдер. Әсемай МАКУОВА: – Жастар Алаш тақырыбына қызыға ма? – Соңғы жылдары жастардың Алашқа қызығушылығы қатты екенін байқадым. Бүгінгі буынның Алашқа деген ілтипаты өте ерекше. Біздің қаламгерлер, тарихқа қызы­ғатынның көбісі алашшыл болып бара жатыр. Мен оған қуанамын. Алаш көбейе берсін. Сапалы біле ме, сапасыз біле ме, әйтеуір қызыға берсін, себебі «Алаш» деген – ол «қазақ» деген сөздің синонимі. Өз тарихымыздың синонимі, сапалы кезеңнің синонимі. Сондықтан да Алаш тақырыбына деген ынтаның болғаны жақсы. Ал енді алашшыл, Алашты зерттейтін жастар санаулы. Бірте-бірте зерттеушілердің де қатары көбейе берері анық. Әр тұлғаның, әр оқиғаның тарихы бар. Сондықтан Алашты тоқтаусыз зерттеймін деген жастарға тақырып жетеді. Бірақ ғылым саласының да өзін­дік мәселелері бар. Қазір Пре­зидент Ғылым академиясын қайта қалпына келтіріп жатыр. Ғылым академиясы бұрын қоғамдық ұйым болып қалған, соны қайтадан мем­лекеттік ұйым ретінде жандан­дыр­мақ. Ғылымға жастар неге бар­май­ды? Мысалы, кезінде талай журна­лист ғылым жолына түсіп, белгілі ғалым атанған. Адамдар ғылымның қиын екенін біледі, тәуекелге бар­ғандары ғана нәтижеге жетеді. студенттер Қарақат СУХАНОВА: – Алаш зия­лыларының есімдері көше атау­ларына беріліп жатқаны барлы­ғымызға мәлім. Дегенмен еске­русіз қалған Алаш арыстары бар ма? – Кеңес заманында көше атта­рын күштеп қойдыратын. Орталық көшенің бәрі Ленин, одан кейін негізгі көшелердің атауы – Ком­мунист болатын. Қазір Лениннің орнына Абылай хан, Коммунистің орнында Абай көшелері пайда бол­ды. Қазақ тарихына еңбегі сіңген осындай тұлғалардың есімінің ұмыт қалмай, ел аузында айтылып жүр­гені, әрине жақсы. Алаш зиялы­ла­рынан ескерусіз қалған, есімдері насихатталмай жүргендері де бар. Кезінде біз мыңнан астам Алаш қозғалысына қатысқан адамның тізімін жасағанбыз. Бізден кейінгі зерттеушілер 2 мыңнан аса Алаш зиялысын тауып отыр. Соның ішін­де 500 зиялы жазып-сызып жүрген адамдар, қалған мың жа­рымы Алаш қозғалысына демеу болып, қаржы­сымен атсалысқан. Алаш зиялы­ларының есімін ең бірінші туған, өскен өңірінен бастап насихат­тауымыз керек. Мысалы, Телжан Шо­нанұлының есімін Ақтөбенің негізгі көше атауларына беруге бо­лады. Айта кету керек, көше атта­рын бергенде де белгілі бір заң­ды­лыққа бағыну қажет. Елордадағы Кенесары көшесі Абылай ханға жалғасады, Абай барып Шәкәрімге жалғасады, ал Кравцов көшесі Тә­уелсіздік даңғылына жалғасқан. Сонда бізге тәуелсіздік алып берген адам Кравцова ма? Сондықтан көше аттарын қоярда аса сақтық танытқанымыз жөн.

Алаш арыстары молданың алдынан өткен

Салтанат АСАНӘЛІҚЫЗЫ: – Алаш зиялыларының дінге деген көзқарасы қандай болды? – Дін деген – сіз бен біз. Біздің ұстанымымыз. Мысалы, сіз тамақ ішер алдында «Біссімілдә» деп ай­тасыз. Оны жарияға жар салып, «мен бүгін 3 рет «Біссімілдә» дедім» деп айтпайсыз ғой. Дін де сол секілді ішімізде тұруы керек. Алаш зиялыларының бәрі 100 пайыз мектепке барып, молданың алды­нан өткен. Себебі ол заманда, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында бастауыш білім діни мек­тепте берілген. Бірден орыс мекте­біне барғандар өте сирек, жоқ деуге де болады. Сондықтан олардың бәрінің аузында Алласы, санасында Құран аяттары болған. Бірақ істің барысында олар прагматиктер. «Бұл маған қаншалықты қажет? Бұдан маған пайда бар ма? Ұлтыма пайдасы қандай?» деген сұрақтарға маңыз берген. Мысалы, Әлихан Бөкейхан Одессада бір қазақтың байын кездестіреді: – Не істеп жүрсің мұнда? – деп сұрайды. – Қажылыққа бара жатыр едім, ақшамды ұрлатып алдым, – деп жауап береді бай. – Сонда сен қажылықтың мәні неде деп ойлайсың? – деп сұрайды Әлихан. – Өмірлік парыз ғой, – дейді бай. – Егер сен ауылыңда кем-кетікке жағдай жасасаң, көпір соқсаң, соның өзі қажылықтан кем емес сауап екенін білесің бе? – деп айтыпты Әлихан. Міне, осының өзі Әлиханның дінге, жалпы имандылыққа деген көзқарасын көрсетеді. Осындай пікір Ахмет Байтұрсынұлында да болған.

«Смағұлдың сүйегі» неге шықпады?

Алмагүл БЕРДІМҰРАТ: – Дихан аға, бұрын жазып, бірақ жарияланбаған еңбектеріңіз бар ма? – Жарияланбаған бір ғана кітабым бар. Оны 2016 жылы жазып қойдым, «Смағұлдың сүйегі» деп аталады. Смағұл Сәдуақасұлының сүйегін зерттеп, кейін 2010 жылы елордадағы ескі қорымға алып келдік. 6 жыл бұрын елдік мәселе­лерді шешу оңай емес еді. Бәрін ақылмен, ғылым негізінде шешуге тырыстық. Бірақ қанша күрделі жағдайлар болса да, ақыры жүзеге асырдық. Смағұлдың сүйегін елге алып келдік, жерлегеннен кейін басына өзіміз белгі орнаттық. Адам кісі қайтқанда қатты ойланады емес пе? Ал тұлғаның сүйегін жер қой­нына тапсырғанда мен жүз есе сон­дай күйге түстім. Содан Смағұлдың сүйегін елге қайтарудың қалай қиын­ға соққанын, жерлеу про­це­сінің қалай жүзеге асқанын жазуым керек деп санадым. Ертең Кенеса­рының бас сүйегі келсе, осындай болады екен-ау деген де ойлар болды. Осылайша, барынша мәде­ниетті жеткізіп, ешкімнің шамына тимейтіндей хатқа түсірдім. Бірақ сол жылы ол кітапты шығарған жоқпын. Себебі «Смағұлдың сүйе­гі» кітабы жарық көрсе, сол кезде билік басында отырған біраз адамға ыңғайсыз болар еді. Кейін сол адамдардың бәрі ауысып кетті, енді шығарайын дегенде әртүрлі жағ­дайлар болып, кітаптың баспадан шығуының сәті түспей келеді. 80 бет ғана кітабымды түбі шығара­тыным анық. Алмагүл БЕРДІМҰРАТ: – Ал қазір қандай зерттеумен, ғылыми жұмыспен айналысып жүрсіз? – Қазір Алашқа дейінгі кезең, 1916 жылдың оқиғасы, Амангелді Имановты жаңаша көзқараспен жазып жатырмыз. Бірінші дүние­жүзлік соғыс кезіндегі қазақтар, олардың тағдырының поэзиядағы көрінісі, көркем шығармадағы көрінісі жайлы да ойластырып жа­тырмыз. Екінші зерттеуіміз – Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдығы. Бұрын жарияланбаған еңбектері, жарияланған еңбектеріндегі қате кетіп қалған жерлерін түзетудеміз. Ахметтің еңбектеріндегі кейбір сөздерді орыстардан ұят болады деп баспагерлер өзгертіп жіберген. Сол қатені түзетіп, Ахаңның нұсқасында қайта шығарамыз. Мәншүк АБДУЛЛИН: – Қазіргі жастардың тарихқа деген көзқарасын, білімін қалай нығайтуға болады? – Мықты елдің тарихы сол елдің мүддесіне жазылады. Бастысы – қызыға білу керек. Тарихты біл­гіңіз келсе, сол салаға маман ретінде қараңыз. Адам өмірге келгеннен кейін ештеңеге бейжай қарамауы керек. «Тарих қалай болды? Өткен­нен қалай тәлім тәрбие аламыз?» деп ойлануымыз қажет. «Ұлт неден қателесіп жатыр?» деп тырыссақ, тарихымызды жақсы біле бастай­мыз. Тарихқа қызыға түскен сәтте әр дәуірдің бірнеше адамдарын оқып, тани түсесіз. Жастардың қа­зір­гі жазған мақаласы біраз жыл­дардан кейін тарих болып қалады. Мәдениетті адам заманнан білім алуы керек. Тек қана кітаптан емес, кино арқылы да барлығын ұғы­на алады. Қазіргі кезде жастар кино арқылы да тарихқа үңіле алады.

Аштық пен қуғын-сүргінді екіге бөлу керек

Мәншүк АБДУЛЛИН: – Қуғын-сүргін күні 31 мамырда атап өтіледі, дәл сол сияқты қазақ­тарда ай, күндері белгіленбей, ес­керусіз қалған күн бар ма? – Ескерусіз қалған күндер көп. Ең бірінші, аштық пен қуғын-сүр­гінді екіге бөлу керек. Екеуі екі түр­лі оқиға. Себебі ашаршылықта 4 миллионға жуық халқымыздан айырылдық. Қуғын-сүргінде 120-150 мың адам жер аударылса, 21-25 мың адам атылды. Сондай-ақ пат­ша үкіметі қазақты діннен шығару саясатын жүргізген. Соған байла­нысты елімізде бірнеше қарсы­лық­тар да болған. Осы датаны да ес­керусіз қалдырмай, белгілеп қою артық етпейді. Тұңғыш шыққан «Жас азамат» газетінің шыққан күнін, Қазақ білімпаздарының съезін, ең бірінші тойланған мерейтой ретінде Ахмет Байтұрсынұлының 50 жыл­дығы есте сақтайтын мейрамдардың қатарында болуы керек. Сонымен қатар белгіленетін мемлекеттік маңызды күндердің аты өте қысқа болуы тиіс. Жаңа күн ойлап табу­дың қажеті де жоқ. Әлем бойынша ЮНЕСКО бекіткен мерекелер ті­зімі бар. Сол мерекелерді қатар той­лап отырсақ, тиімді болар еді. Мәншүк АБДУЛЛИН: – Бір жыл­дары шәкірттеріңізге төте жазуды үйретіпсіз. Бұл архивпен жұмыс істеу үшін қажет болды ма? – Архив дегеніміз – телегей-теңіз. Оның қызығына кірген адам тұңғиығына бойлай береді. Осыдан жүз жыл бұрынғы қазақтардың өмірімен, әлеуметтік жағдайымен танысады. Барлық архивте зерттеу­шіге жол көрсететін арнайы кітап болады. Не зерттейтінін білген адам­ға іздегенін табу қиын емес. Ұлт­тық кітапхананың сирек қол­жазбалар қорында бұрын шыққан газеттер қат-қабат болып сақтаулы тұр. Бірақ кезінде ксерокс жоқ за­манда сол газет-журналдардың көп парақтарын адамдар жұлып алып кеткен. Ал бұл жазбалар мұрты бұ­зылмай, Ресейдегі екі үлкен кітап­ханада сақтаулы тұр. Бұдан да ерте шыққан кітаптар – Петербургта. Ол жазбаларды оқу үшін зерттеушілер төте жазуды білуі керек. Біздің ке­зімізде филологияда төтеше әріп­терді үйрететін. Қызыққан адам он күнде Ахмет Байтұрсынұлы құрас­тырған әліппені меңгеріп алады. 97-98 жылдары жастар көне қол­жазбаларды оқуға ерекше қызықты. Сол кезде біз шәкірттерімізге үйреттік. – Әңгімеңізге рақмет!