Отандық «Рахат» фабрикасы «Барбарис» карамелі мен ирис өндірісін тоқтатты. Компания бұл тәттілерді өндіруге көп қант қажет деп түсіндірді. Сондай-ақ тәттілер өндірісінің тоқтатылуымен бірге Шымкенттегі фабрика жұмысы да тоқтап қалған, – деп хабарлады Forbes.
«Қазір бізде «Барбарис» карамелі мен ирис өндірілмейді. Дегенмен бұл өнімдерге сұраныс жоғары, бірақ олар қантты көп қажет етеді. Сондықтан біз қант мөлшері жоғары барлық тағамды алып тастадық, өйткені қант жоқ. Салдарынан Шымкенттегі фабрикамыз да тоқтап тұр. Әзірге оның жұмысын шілдеге дейін тоқтаттық. Қант шілде айында жеткізіледі деп күтіп отырмыз, жұмысты жалғастырамыз», – деді Алматыда фабриканың 80 жылдығына орай өткен баспасөз мәслихатында LOTTE Рахат фабрикасының басқарма төрағасы Константин Федорец.
Кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығындағы барлық қантты сатып алды. Бірақ оның өзі жеткіліксіз.
«Біз қантты тек Қазақстаннан қуана-қуана сатып аламыз. Бірақ жергілікті қант өндірушілер Қазақстан нарығына қажетті мөлшердің 30 пайызын ғана қамтамасыз етеді, бұл – өте аз. Олар бразилиялық қамыстан қант шығарады, шынын айтсам оларға сапа жағынан әлі де жұмыс істеу керек», – деп түсіндірді Федорец.
Қазақстан қантты қайдан аларын білмей отыр
ЕАЭО-ға кірмейтін басқа елдерден қант әкелу қымбатқа түседі. Жеткізуге акциз салынып, әр тоннасы 35 пайызға қымбаттаған. Спикердің айтуынша, Қазақстан көп жылдар бойы бажсыз ресейлік қантты пайдаланып келген. Ал Ресей «есігін жапқанда» Қазақстан қантты қайдан аларын білмей қалды.
«Қазір біз қантты Қазақстандағы зауыттардан алып қана қоймай, Бельгиядан да үнді қантын әкеліп жатырмыз. Үкімет бізге қажетті 20 000 тоннаның 1 600 тоннасын бажсыз әкелуге квота берді. Сондай-ақ қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп квотаны көбейтуге тырысып жатырмыз. Олар бұл мәселені шешуге уәде беріп отыр. Жақын арада квота беріліп, үзіліс болмайды деп үміттеніп отырмыз», ссдеп нақтылады Федорец.
Қант тапшылығынан елде оның құны 90 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ зауыт Қазақстаннан сатып алатын ұнның құны да 100 пайыз өскен. Ал қалған өнімнің шамамен 96 пайызын «Рахат» фабрикасы шетелден әкеледі. Мысалы, Түркиядан кептірілген өрік пен фундук, Калифорниядан бадам, Вьетнамнан кешью, Ганадан какао жеткізіледі. Федорецтің сөзінше, жергілікті өнімнің сапасы көңіл көншітпейді.
Тәттілер қымбаттайды
Зауыт «Рахат» өнімдерінің бағасын бірқалыпты ұстап тұруға тырысқанымен, қант тапшылығы бағаға қатты әсер ететінін айтып отыр.
«Барлығы шикізат бағасына тәуелді. Қазір валюта бағамы мен шикізат бағасы арасында ешқандай байланыс жоқ. Тапшылық орын алуда. Биыл бидай 100 пайызға, қант 90 пайызға қымбаттады. Қолымыздан келгенше шығынды өз пайдамыздың есебінен ұстаймыз. Жақын арада не болатынын әзірше айта алмаймын», – деді басқарма төрағасы.
Федорец бұл жағдайдың жағымды тұсы да бар екенін айтты. Мысалы, тұтынушы сұранысы қымбат өнімге ауысқан. Себебі фабриканың жоғары сапалы кәмпиттері импорттық кәмпиттерден арзан. Сондай-ақ шетелде қазақ тәттілеріне сұраныс артты.
«Соңғы оқиғаларға байланысты біз жаңа серіктестер таптық. Олар: Израиль мен Грузия. Біз Израильмен серіктес боламыз деп ойламадық. Алайда ресейлік өндірушілерге тыйым салынғандықтан, өнімдеріміз ол жақта да сұранысқа ие бола бастады. Олар «Мишка на Севере» сияқты ескі кеңестік сауда белгілерін қалайды. Бірақ әзірге ол жаққа айына 35 мың доллар көлеміндегі тауар жөнелтуді жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді Федорец.
Ал зауыттың экспорттан көретін пайдасы жалпы кірістің 22 пайызын құрайды. Сондай-ақ биыл Ресейге жөнелтетін тауар көлемі көбейген.
Қытайдың жауабына байланысты
Бірақ бәрінен бұрын компания COVID-19 індетіне байланысты тоқтап тұрған Қытайға тауар жіберудің қайта жандануын ерекше күтуде.
«Қытай биыл қайта ашылуы мүмкін. Олар келісімшарт жасауды белсенді түрде қайта қолға ала бастады. Қытай біз үшін өте маңызды сату нарығы», – деді Константин Федорец.