Елімізде әскерде жүріп қайтыс болғандар жайлы жиі еститін болдық. Бұндай қаралы хабарды әр жыл сайын кемі он шақты рет құлағымыз шалады. Бейбіт күнде сарбаздардың көз жұмуы жақсы құбылыс емес. Белгілі бір дәрежеде әскердегі былықтың азаймай тұрғанын көрсетеді. Шамасы, саладағы жауаптылар темір тәртіп пен әлімжеттікті шатастырып алса керек. Ал осындай оқиғалардың себебін қайдан іздейміз? Мемлекеттік құпия деген желеумен армия нені жасырады? Қоғамның әскерді бақылауына не кедергі?«Қарт» сарбаздан қауіп жоқ
4 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы Еділ Тешебаевтың асылып өлгені хабарланды. Үйіне оралуға бар болғаны 3 айдай уақыт қалғанда қаза тапқан. Сонда 1 жылдық әскери мерзімнің 9 айына дейін жеткен. Білуімізше, сарбаз армияға келген алғашқы 6 айында «дух» атанады. Яғни, өзінен бұрын келгендердің «тәрбиесін» көреді. Кейінгі 6 айында «дед» атанып, бұл жолы өзінен кейінгілерге «тәртіп орнатады». Ал Тешебаевтың 9 айға жеткеніне қарасақ, ол «дед» болған. Бірақ сонда да өзіне қол жұмсап отыр. Демек, сарбаз қысым көрген болса, басқа емес, офицерлерден зардап шеккен.
Жалпы, соңғы айларда әскердегі өлім көбейді. Бәрін тізбектеп жатпаймыз. Әйтеуір соңғы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов келеңсіз құбылыстың белең алуына қатысты өз ойын айтқан болатын. Алайда ведомство басшысының жауабына қоғамның да, оның ішінде біздің де көңіліміз толмады. «Сарбаздар өліміне әскер ғана кінәлі емес» деумен бастаған ол «әскердегі сарбаздар арасында әлімжеттік жоқ» деп сөзін түйіндеген. Негізі Қорғаныс министрлігі біраз жылдан бері осындай ұстанымға бекіп алды. Қай кезде де «әлімжеттік жоқ» деумен келеді. Мысалы, 2015 жылы ведомство теріс құбылыстың жойылғаны туралы байлам жасап, бір солдаттың екіншісіне күш көрсетуін жай «казармалық бұзақылыққа» жатқызды. Дегенмен жауынгерлердің өз-өзіне қол салуы Қарулы Күштерде әлімжеттік тамырына балта шабылмағанын анық аңғартады.
«Мемлекеттік құпияны» өлім әшкерелейді
Әскери саладағы көп дүние, маңызды деректер мемлекет құпиясы ретінде саналып, ол жайлы ақпарат таратыла бермейтінін білеміз. Мәселен, бұндай санаттағы құпияға не жатуы мүмкін? Әскери бөлімшелердегі сарбаз саны, қару-жарақ есебі мен оның түрлері, мүмкіншіліктері, әскердің стратегиясы сияқты дүниелер расымен жасырын болуы тиіс. Дегенмен осы күні Қазақстан армиясы мемлекеттік құпияға өздерінің ішкі былығын да қосып жіберген сыңайлы. Шынында сарбаздың ішіп-жейтін тамағы, оның құнарлылығы, жатын орнының жағдайын мемлекеттік құпияға жатқызуға болмайды. Еліміздің армиясындағы әлімжеттік жайы ылғи жауаптылар тарапынан мүмкіндігінше құпия саналып жүр. Әлде «аюға әліп үйреткен таяқ» қағидатын бекем ұстанады. Немесе қатаң тәртіп дегенді ұрып-соғумен шатастырады. Мысалы, бір сарбаз қайтыс болғанға дейін оның не нәрседен зардап шеккені, қалай қысым көргені толық айтылмайды. Таяуда ғана Еділ Тешебаев қаза тапқанда да осындай жайт кездесті. Әскери бөлімдегілер әуелде ата-анасына «сарбаз аяқкиімнің бауына асылып қалды» десе, көп өтпей «белдігіне асылып қалған» дегенді айтқан. Екіұдай сөз шикіліктің барын аңғартады. Осындай негізсіз құпиялыққа белгілі бір дәрежеде саладағы жауаптылар кінәлі. Неліктен? Қараңыз, статистика бойынша соңғы 2011-2021 жылдар аралығында 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Сонда жыл сайын орта есеппен 22 отбасы қара жамылып отырған. Ал әскери прокуратура жалпы тіркелген суицидтің 90 пайызында еш қылмыстық сипат жоқ деп шешім шығарыпты. Бірақ Халықаралық қауіпсіздік магистрі, запастағы майор Эмин Джаббаров бар әлімжеттік пен былық саладағы мамандардың өздерінен басталып тұрғанын айтады.
– Өзім бірталай жыл әскерде қызмет еткен адам ретінде айтарым, әскердің ішкі мәселесін жақсы білемін, әлімжеттіктің бастауында міндетін өтеуге келген жас сарбаздар емес, жауапты офицерлер тұр. Сарбазға қысымды солар көрсетеді. Негізі оларға жаңадан келген сарбазды шыңдап, шынықтыру тапсырылады. Бірақ олар бұны әлімжеттік арқылы іске асырады. Бұл нәрсе офицерлердің «құндылығына», моралі мен этикасына айналып кеткен. Барлық мәселе офицерлердің ниетіне, біліміне тіреліп тұр, – дейді ол.
Жас сарбаздарды ұрып-соғып, мәжбүрлегендердің жазаланған кезі өте аз кездеседі. Оның өзінде оқиғаға қоғам назар салғаннан кейін ғана іске асқан. 2017 жылы әскерде 86 қылмыс жасалды. Соның ішінде әлімжеттік факті ретінде ресми тіркелгені – Қарағанды облысының Приозерск қаласында орналасқан №44841 әскери бөлімінде әскери қызметкер 19 жастағы сарбазды ұрып өлтіргені. 2018 жылы Маңғыстаудағы Үстірт шекара бекетінде қатардағы жауынгер Бақытбек Мырзамбеков мәжбүрлі түрде 40 градус ыстықта дене шынықтырумен айналысқаннан қайтыс болды. Бұл аз ба, физикалық жүктемені көтере алмаған жауынгерді басқа сарбаздар тепкінің астына алған. Медициналық көмек қажет болған жәбірленушіге дәрігер шақырылмаған. Осы қылмыс үшін шекара заставасының бастығы, оның орынбасары, қауіпсіздікке жауапты офицер мен бір сарбаз сотталды. Бірақ қайталап айтамыз, бұдан басқа көп іс «қылмыс жоқ» деген желеумен жылы жабылады. Құдды сарбаз әскерге кетсе, бөлек аралға түскендей. Саланың қоғамнан оңашаланып қалғаны сонша, жауаптылар үшін әлімжеттік те әскердегі «мемлекеттік құпияға» айналып кетті. Сонда қоғамның әскери саланы бақылауға хақы жоқ па?
Қоғамдық бақылау қағаз жүзінде
Елімізде әскери саланы тек әскерилер ғана бақылап келеді. Жай күндері белгілі әскери заставаға қандай да бір ұйымның өкілдері тексеру жүргізе алмайды. Аттап бастырмайды да. Әрине, аз болса да әскердегілерге бақылау жүргізуге шамасы жетер бір ұжым бар. Ол – Жауынгерлер аналары комитеті. Бірақ қазіргі ахуалға ондағылардың да көңілі көншімейді.
– Осы күні әскери бөлімдер жайлы жақсы сөз айту қиын. Жауынгерлер қандай жағдайда күн кешіп жатқанын біле алмаймыз. Кез келген нәрседе мәжбүрлеу әдісін қолданады. Осындай амал суицидке себепші болуы мүмкін, – дейді Алматы қаласы Жауынгерлер аналары комитетінің жетекшісі Зинаида Чивилева.
Әскердегі қайғылы жағдайлар көбейген соң таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссия құрамы мен қандай нәтижелі іс атқаратыны алдағы уақытта белгілі бола жатар. Ал біздің пайымдауымызша, мұндай комиссияға ерекше артықшылық берілгені жөн. Мысалы, комиссия бір бөлімшедегі жағдайды зерттеумен шектелмей, барлығын қамтығаны дұрыс. Кез келген уақытта ескертусіз қалаған әскери бөлімшеге барып, ішкі жағдайды бақылай алуы тиіс. Осындай тексеріс арқылы біраз былық ашылып жатса, кейін әскери бөлім басшылары өз құзырын аз да болса ретке келтірер деген дәме бар. Бірақ бұл амалдың өзі армияға толық реформа жүргізгеннің көрінісі болмасы анық.
Ширата ма, қирата ма?
Қалай алсақ та, әскердегі әлімжеттік мәселесін ақтай алмаймыз. Дегенмен әлем елдеріндегі жағдайды да бір шолып өткенді абзал санадық. Бізді таңғалдыратыны – дамыған елдер де әскердегі әлімжеттікті жеңе алмай отырғаны. Әсіресе, АҚШ армиясы hazing немесе bullying-тен көп зардап шегеді. Жас жауынгердің денесі мен жүйкесін құрыштай шынықтырудың бір тәсіліне, қатал сынақ түріне жатады. Мәселен, жаңа шақырылғандарға намысқа тиетін лақап ат тағу, таң атпай ұйқыдан ояту, еш себепсіз жер-жебіріне жету, бірнеше күн тамақ татырмау қалыпты саналады. Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Соның кесірінен өзіне қол жұмсағандар саны да артқан. Соңғы екі жылды алып қарасақ, 2020 жылы АҚШ армиясында 41 сарбаз өзіне қол жұмсаса, 2021 жылы 60-ы өз өмірін қыршын қиған. Былтыр бұл мәселе ол елде «үлкен трагедия мен масқара» аталған болатын.
Түйіндер болсақ, армияны шынықтыру үшін қашанда қатаң тәртіп керек-ақ. Дегенмен бұл әдістің әлімжеттікке ұласып тұрғаны алаңдатады. Соңғы айларда сарбаздардың өлімі көбейгенінен салаға жауапты басшылар сабақ алып, реформа жүргізеді деп ойлаймыз. Әйтпесе бұндай жағдайдан кейін баласын әскер қатарына жібергісі келмейтіндер сөзсіз көбейеді. Сайып келгенде, бұл қорғаныс саласына деген сенімді сетінеткен.