Жалған ақпарат таратқандар қалай жазаланады?
Жалған ақпарат таратқандар қалай жазаланады?
1,555
оқылды
Бұл туралы ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Спартак Қабденов ІІМ-нің дәстүрлі брифингте айтты.
«Мұндай қылмыспен күресу үшін құқық қорғау органдарында барлық жағдай жасалған. Олар жоғары техникалық құралдармен жабдықталған. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады. Қылмыстың 90 пайыздан астамы «ізі суымай» кезекші тәулікте ашылды. Интернет арқылы жасалатын көрнеу жалған хабарламаларды ашу үшін біз шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынаста құқықтық көмек бойынша жұмыс істейміз, – деді ол.
Қабденовтің айтуынша, қолданылған анонимді пошталар, IP-мекенжайлар және телефондар туралы шетелдік құқық қорғау органдарынан мәлімет алынады.
«Жоғарыда атап өткендей, интернетті қылмыс жасау мақсатында қолданғандарды ұстау және жауапкершілікке тарту мысалдары жеткілікті. Қазақстанда терроризм актісі туралы көпе-көрнеу жалған хабарлама үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (бұл 14,5 млн теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады», – деді Спартак Қабденов.
Оның айтуынша, жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту жазасы азаматтарға 14 жастан бастап қолданылады.
«Мұны мектеп оқушылары білуі тиіс. Сонымен қатар осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығын өтелуі керек. Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды ата-анасы өтейді», – деді ол.