«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен бейнеконференция өткізді.
«Жастар бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөнінде іс-шаралар кешенін жүргізу» әлеуметтік жобасы шеңберінде ұйымдастырылған бұл бейнеконференцияға аталмыш қоғамдық бірлестік төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті басшысы Болат Жылқыбаев қатысып, сөз сөйледі.
Жиында жастар арасында құқықтық сауаттылықты, нормативтік-құқықтық актілердің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, жастарды мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру барысы туралы хабардар ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерін және Adaldyq alany жобалық кеңселерін тарта отырып, пікірталас және оқыту алаңдарын ұйымдастыру мақсатында жастар санасында еркіндік, отбасы құндылықтары, жеке кеңістік және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері туралы тұрақты дүниетанымдық ұстанымдарды қалыптастыру тетіктері талданды.