Қазақстанда қант бағасы күзде 1 000 теңгеге дейін көтеріледі
Қазақстанда қант бағасы күзде 1  000 теңгеге дейін көтеріледі
© inform.kz
546
оқылды
Қазақстанда күзге қарай қант бағасы 1 000 теңгеге дейін көтеріледі, – деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы. Қазір Ақтөбеде қант келісінің ең төменгі бағасы  – 670 теңге. Алматы дүкендерінде қант 700 теңгеден сатылып жатыр.  Оралдың сөрелерінде дәл осындай баға. Елордалық сатушылар қант келісінің бағасын 750 теңге деп белгіледі. Шымкент пен Қостанайда қант шамамен 800 теңгеден сатылуда. Қант тапшылығынан өңірлерде бір адамға 2-3 келіден артық қант сатылмай жатыр. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі елде қанттың бар екенін, бұл мәселе Үкіметтің бақылауында екенін мәлімдеді. Зауыттарда өндіріс тоқтаған жоқ, аймақтарды қантпен үздіксіз қамтамасыз етілуде. Биыл Қазақстанда қант қызылшасы аз мөлшерде, нақты айтқанда 12 мың тонна егілген. Қалыптасқан жүйе мен тиісті қолдау болмаса, диқандар егінді көбейтуге мүдделі емес. Оларға соя өсіру әлдеқайда тиімді және оңай.
"Қант қызылшасын өндіруге байланысты шаруалардың өздерінде күрделі мәселелер бар. Суға қатысты маңызды мәселе туындап отыр. Өйткені қант қызылшасы ылғалды жақсы көретін дақыл. Біз әлі де 90 пайыз импорт тұқымға тәуелдіміз. Қант  қызылшасын өз бетінше іріктеу үшін күрделі жұмысты жолға қойған жоқпыз. Біз лайықты технологияларды қамтамасыз ете алмадық, өйткені біздің суару әлі ретке келтірілмеген. Ал бұл салаға жақсы инвестиция қажет", – деді "Атамекен" ҚР ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.