Қуаныштан көз жасымды бір төгіп алдым - Қалдыбек Құрманәлі
Қуаныштан көз жасымды бір төгіп алдым - Қалдыбек Құрманәлі
1,134
оқылды
Бүгін Мемлекет басшысы композитор, қазіргі Әнұранымыздың авторы Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы орайда белгілі композитор, шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәліге хабарласып, сүйінші сұрадық. Ол жақында ғана көзі тірісінде-ақ «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшіге ең жоғары атақтың берілуіне күш салып, сол жолда бір топ қазақ зиялыларының атынан Президентке хат жолдаған болатын.  –Қалеке, құтты болсын! Көңіл күйіңіз қалай? Рақмет бауырым! Қазір ғана естіп, қуаныштан бір жылап алдым. Бұл Мемлекет басшысының Шәкеңе деген ерекше құрметі деп білемін. Қазақ халқы Шәмшідей дара таланттың еңбегінің осылайша өз деңгейінде бағалануын 30 жыл күтті десек болады. Осы күнге жету үшін қаншама жыл неше есіктерді қақтық десеңізші. Бүгін, міне таланттың еңбегін туған халқы, Мемлекет басшысы өз деңгейінде бағалап, әділ бағасын беріп отыр. Бұл жерде әділет салтанат құрды деп ойлаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға, біздердің жазған хатымызға қолдау көрсетіп, тілегімізді орындағаны үшін алғысым шексіз.  – Енді қандай арманыңыз бар? Ендігі арман сол Президентке бір топ зиялылардың атынан жазған ашық хатта көрсетілген екінші мәселе Шәкеңе Шымкент қаласынан бір ауданның аты берілсе. Президентіміз біздің бұл ұсынысымызды да қолдайды деп сенемін. Бізбен жасаған шағын сұхбатын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлі:
«Өздеріңіз білесіздер,  былтыр жүрегіме ота жасады. Сол кезде өліп кеткенімде осы күнді халқыммен бірге көре алмас едім. Сондықтан тағдырыма да,  менің сауығып кетуімді тілеген халқыма да дән ризамын»  деген сөзімен аяқтады.