Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов елдегі реформалар, билік пен халықтың арасындағы өзара сенімді нығайта түскенін айтты. Сондай-ақ Жаңа Қазақстанды құруда барлық азамат жауапкершілікті сезінуі керек деп түсіндірді.
«Әділетті Қазақстанның басты көрінісі – әділ сайлау. Осы орайда Жаңа Қазақстанның алғашқы саяси науқаны бұрын-соңды болмаған ашықтық, әділдік жағдайында өткені мәлім. Референдум асқан белсенділікпен, әкімшілік күштеусіз, нығыздаусыз, халықты әбігерге салмай өткізілді. Оның қорытындыларын бұрындары елдегі сайлау үдерісін үнемі сынап келген халықаралық ұйымдардың өзі оң көзбен қабылдап, оң баға беріп жатыр. Тіпті, еліміздегі әсіре сыншыл топтардың өзі де өзгерістердің дұрыс жақта өрбіп отырғанын мойындауға мәжбүр болды. Бұның өзі айқындаған стратегиялық бағыттың дұрыс екенін дәлелдеп отыр. Жалпы алғанда, біз мынаны айқын түсініп-түйсініп алғанымыз абзал - заман түбегейлі өзгеріп жатыр», - деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы Жаңа Қазақстан - бірлікпен, ынтымақпен, қажырлы еңбекпен ғана қалыптасатынын қадап айтты. Сонымен қатар ол - баршамыздан зор жауапкершілікті, табандылықты, шынайылықты, принципшілдікті қажет ететін жауапты миссия деп атап өтті.
«Тарихи референдум елімізде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сенімсіздік сеңін бұзып, билік пен халықтың арасындағы өзара сенімді нығайта түсті. Еліміздің болашақ тарихын айқындайтын маңызды құжаттың тағдырын шешуді Президент халқына сеніп тапсырса, халықтың дүйім көпшілігі өз көшбасшысына берген сенім мандатын жаңартты. Бұл – өзіне-өзі сенімді күшті билік пен өз тағдырын өз қолына ала бастаған ашық және жауапты қоғамның саяси серті. Біз бұл тағлымы зор таңдаудан – еліміздің ішкі және сыртқы саясатының дұрыс бағытта екенін анық көрдік! Конституциялық өзгерістер реформалардың соңы емес, үлкен жолдың, саяси трансформацияның басы ғана екенін жуырда Мемлекет басшысы Ғылым академиясында сөйлеген сөзінде айтқан болатын», - деді Ерлан Қошанов.