Зорлық-зомбылықтың зардабын тартып отырғандар – әйелдер мен балалар. БҰҰ мәліметіне қарасақ, 2019 жылы әлемде 50 мың әйел мен бала жұбайының немесе жақындарының қолынан қаза тапқан. Қиянатты өзгеден бұрын жасаушы – жәбірленушінің туған-туыстары екені аңғарылған. 2017 жылы тек әйелдердің өзін ғана есепке алсақ, 87 мың әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмыпты. Адамзат үшін қасіретке баланған бұл қылмыс түрі Қазақстанда да тыйылмай тұр. Ішкі істер минстрлігі мен Бас прокуратураның дерегінше, зорлық-зомбылық статистикасы 2015 жылдан 2018 жылға дейін 90 пайызға, тұрмыстық зорлық 104 пайызға өскен. Ең өкініштісі, Қазақстанда бір жылда 400-ден астам әйел күйеуінің қолынан қаза табады.
2018 жылы 18,5 миллион халқы бар Қазақстанда 1 130, 2019 жылы 1 080 әйел зорлығы бойынша қылмыс ашылған. Ал 42,2 миллион тұрғыны бар Украинада 2019 жылы 148 әйел зорлау фактісі тіркеліпті. Салыстырар болсақ, халқымыздың саны аздығын есепке алмаған күннің өзінде біздегі әйел зорлау қылмысының өршіп тұрғаны анық. Былтыр 4 000-нан астам әйел күйеуінен зорлық көргенін айтып, полицияға шағым берген. Осы секілді жаңалықтарға үңіле қалсаңыз, сандардан көз сүрінеді. Жыл басталғалы тағы бір қылмыс ашылды. Ақтөбеде 54 жастағы ер адам мүмкіндігі шектеулі туысын зорлап келген. Сал ауруына шалдыққан әйелдің зорланғаны сот-медициналық сараптама кезінде дәлелденіп, қылмыскерге қатысты іс сотқа жіберілді. Зорлық оқиғасынан кейін Қазақстанда өмір сүргісі келмейтінін айтып, үш әйел өзге елдерге қоныстанған. Салдарын білдік, жазасын берді деген күннің өзінде, қылмыстың себебімен күресе алмай отырғанымыз жасырын емес. Зорлық-зомбылықтың себебіне байланысты болжамдар өте көп. Біреу ішімдікті құрту керек десе, енді бірі есірткі саудасына тосқауыл болған жөн дейді.
Бала зорлаушылардың басым бөлігі қылмысты ақыл-есінің ауытқуынан немесе жыныстық сауаттылықтың болмауынан жасауы мүмкін. Жыныстық сауаттылықтың болмауы психологтарды да алаңдатып отыр. Ал әйел зорлығына келгенде ішімдік жайы жиі қозғалады. Ішімдік бағасын қанша қымбаттатып, қоғамдық жерлерде заңмен тыйым салып жатса да, елімізде ащы сусынға құмартқандар саны азаяр емес. Зорлық-зомбылық себебі біз тізген факторлардан бұрын адамның тәрбие деңгейі мен жеке бас мәдениетіне байланысты деген де жорамалдар айтылады. Әйелдердің зорлығы тыйылмай тұрғанына қарағанда, жалпы қоғамның құқықтық сауатсыздығы аңғарылады. Арагідік айтылғаны болмаса, қазіргі кезде әйел мен бала зорлығына қатысты қоғам наразылығы байқалмайды. Халық ішінде қалыптасқан жаңсақ стереотиптер де бар. Оның бастысы – әйелдердің ерлерден бір саты төмен тұруы. Әйелдер күйеуімен ажырасуды абыройсыз көріп, соның салдарынан жұбайының ұрып-соққанына көнеді. Еуропа елдерінде «әйел мен бала құқына қоғам бір кісідей жауапты» деген түсінік қалыптасқан. Әр кез әйелдер құқын сақтау – зорлық-зомбылықтан сақтанудың басты шарты. Осы тұста құқық қорғау саласы мен әйелдер мәселесінде зерттеу жүргізіп жүрген мамандар пікірін сұраған болатынбыз.
Дина ТАҢСӘРІ,«НеМолчи.Kz» қозғалысының жетекшісі:
– Бұл – өте күрделі мәселе. Осы уақытқа дейін шындықты жасырып келдік. Қоғам болып кіріспесек, әйел зорлығы жақын арада азаяды деп айта алмаймын. Көп әйелдер өзінің зорланғанын айтуға ұялады, шағымданбайды. Сол себепті біз қылмыстың масштабын толық білмейміз. Өзгеріс болсын десек, әуелі шын деректерді, статистиканы анықтауымыз қажет. Ол үшін емхана, ауруханаларға тексеріс жүргізгеніміз абзал. Әр келген әйелді тіркеп отыру керек. Көп жағдайда әйелдер бір рет емес, бірнеше рет зорлық көреді. Полициялар мәселені шешуге дәрменсіз, ықылас танытпайды. Денсаулық сақтау саласында да кінә көп. Зорлық фактісін психологиялық немесе дене жарақаттары тізіміне тіркей салады. Бөліп қарау керек. Билік пен қоғам біріге көңіл аударар деген ниетпен жеке тіркеуді біз үкіметке ұсындық. Зорлық-зомбылық – індет. Балабақшадан бастап тәрбиелемесек болмайды. Балабақшада тәрбиешілер айқайлайды, айқай естіген бүлдіршін есейген кезде қоғамға мейріммен қарай ала ма? Билік бұл жайға көңіл аудару керек. Жалпы, адам құқы маңызды. Талай жыл бойы экономикаға, ақшаға назар аударып келдік. Енді адамзат құндылықтарына, отбасы ісіне назар аударатын уақыт жетті.
Арай ӘЛІМХАН,журналист:
– Тұрмыстық өмірде, жалпы елімізде тіркелетін зорлық-зомбылық бойынша ең көп жапа шегетін – әйелдер. Орташа есеппен, жылына Қазақстанда өз күйеуінен зорлық көріп, соның кесірінен 400-ден астам әйел көз жұмады. Бұл – елімізде күніне бір әйел күйеуінің қолынан қаза табады деген сөз. Осындай қоғамдағы дертті сәл де болсын жойып, зардаппен күресудің бір амалы – заңды одан ары қатаңдату. Заң бар, дегенмен құқық қорғаушылардың осалдығы, бейжайлығы білініп тұр. Әйел күйеуінен соққы жеп, полицияға шағымданса, «өз күйеуіңіз, ондай жағдайлар болып тұрады» деп жылы жапқысы келетіндер де бар. Әйелдерден де кінә жоқ емес – тұрмысқа шығатын әйел өз құқын толық біліп алғаны абзал. Тағы бір дүние – көршілердің бейқамдығы. Өзіміз де көршілеріміз айқайласып, баласы шыр-пыр болып жатса да, көңіл аудармай отыра береміз. Бейқамдығымыз – түрлі қылмысты көзімізше жасатып отыр. ТМД елдері мен Үндістан әйелге зорлық-зомбылық жасау көрсеткішінде «алдына қара салмайды». ТМД елдері коммунистік көзқарастан арылмай, осы әрекетке барып отырса, Үндістанда түрлі қоғамдық факторлар себеп. Діннің бұл мәселеге келгенде қатысы жоқ деп ойлаймын. Ислам дінін ұстанатын (теріс ағымдарды есептемегенде) көптеген елде жағдай тұрақты, Еуропада әйелдерге құрмет ерекше. Түйіндей келе айтарым, қоғам тәрбиесін, санасын жетілдіру – басты мәселе.
Ләззат АХАТОВА,адвокат:
– Өзімнің қызметтік тәжірибемнен аңғарғаным – бала зорлаушылардың көбі байлар немесе материалдық жағдайы төмен кедейлер. Жұрт қатарлы ғұмыр кешіп, қоғамның бір бөлшегіне айналған азаматтардан шыға қоймайды. Оңтүстік өңірлерге қарасаңыз, бала зорлап, істі болғандардың басым бөлігі – жалдамалы жұмыс істеуге келген өзге елдің азаматтары. Бұл жағдайға немқұрайлы қарап отырған құқық қорғау органдары да бар. Таныстық пен ақша қылмыстық істі қылмыскерлердің пайдасына шешіп берген де кездерін көрдік. Осыдан екі жыл бұрын бала зорлаушыларды өлім жазасына кесу туралы заң шығаруын Үкіметтен талап еттік. Ұсынысхатқа баласы үшін алаңдаған мыңнан астам кісі қол қойды. Не себепті ұсыныстың жауапсыз қалғанын ұқпадық. Түптеп келгенде, бала зорлығы – қоғам дерті, психологиялық ауру. Бір фактор – қоғам кейбір адам шошырлық нәрселерді көре берсе, еті үйренеді. Біздегі интернетті аша қалсаңыз, ұятсыз фильмдер де көп. Жәй нәрсе көрінуі мүмкін, алайда адам санасын дертке ұшыратудың бір жолы. Ата-аналар балаларын қадағалауды ұмытып кетіп жатады. Еуропа елдерінде бала құқын қорғауда ата-аналар рөлі жиі айтылады. Бізге де осы әрекетке көшу керек-ақ.
Мадияр ТӨЛЕУ