«Айбоз»: атына заты сай болсын!
«Айбоз»: атына заты сай болсын!
449
оқылды
Мәдениет министрлігі «Айбоз» әде­би сыйлығы өтетінін жария етті. Ұлттың жаны да, жады да әдебиет екені белгілі. Ұлттық әдебиеттің «то­қырау» күй кешіп келе жатқаны да жа­сырын емес. Әдебиеттің де, әде­биетші қауымның да ауылы оқыр­маннан алыстап кеткені қашан?! Ара-тұра бірлі-жарым шығармалар бой көрсетіп қояды. Бірақ бұл бүкіл әдебиеттің жүгін көтере алмасы белгілі. Ұлттық идео­ло­гияның негізінде салмақты әдебиет жа­та­тынын ескерсек, бірлі-екілі шығар­ма­мен әдебиеттің көсегесін көгерте ал­майты­ны­мыз анық. Ендеше бұл тығы­рық­тан шығар жол қандай? Ең алдымен әде­биетке жағдай жасау. Ол үшін түрлі әдеби байқаудың са­нын арттыру маңызды. Осы орайда Мә­де­ниет министрлігінің «Айбоз» сыйлығын өт­кіземіз деген қадамы қолдауға лайық дер едік. Министр Дәурен Абаев бұл туралы: «Айбоз» әдеби сыйлығы тың туынды­лар­дың өмірге келуіне даңғыл жол ашады деп сенеміз. Жалпы, Еуропада болсын, Аме­риканы алайық, дамыған елдердің көбінде көркем шығарма айрықша бағаланады. Кеңес дәуірінде де ақын-жазушы­ла­ры­мыздың ой еңбектеріне қаламақы жақсы төленді. Жалпы, шығармашыл қауымды ынталандыру арқылы біз көркем ойлай алатын, рухани діңгегі берік, айтар ойы терең жас ұрпақ қалыптастырамыз. Ұлт­тық әдебиетке салынған бүгінгі инвес­ти­ция – ертеңгі болашақ кепілі» деп жазды Facebook парақшасында. Тұңғыш рет өткізілетін байқаудың сыйақысы да қомақты – 5 миллион теңге. Ең қызығы, шығарманың тіліне, қалам­гер­дің жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Ұлт­тық әдеби сыйлық бірнеше аталым бо­йынша беріледі. Айта кетсек, «Үздік про­за», «Үздік поэзия», «Үздік драма­тур­гия» қатарына «Үздік комикс», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік әдеби аударма» мен «Үздік кітап дизайны» номинациялары қосылып отыр. Аты да, заты да әдемі әдеби байқаудың өткені қажет. Өйткені бұл жас жазушыларға да, орта буын қаламгерлерге де шабыт сыйлары анық. «Айбозға» қатысып, мара­патты жеңіп алғысы келетіндердің де қа­тары аз болмайтыны белгілі. Ендігі мәсе­ле – сапада. Көркем шығарманың деңге­йінде. Ел тұшынып оқитын, өзекті де өміршең дүниенің өмірге келуінде. Ең қызығы, байқауға қойылатын та­лаптардың бірі – жас ерекшелігіне шектеу қойылмауы. Мұндай жағдайда елге белгілі ел ағалары тағы да оза шауып, жастар шетте қалып қоймай ма деген қауіп басым. Белгілі сыншы Айгүл Ісмақова: «Айбоз­дың» жарияланғанына қуанып отырмыз. Мұндай марапаттардың болғаны дұрыс. Бірақ біз сыйлықты кімге береміз? Мәсе­ле – осында. Соңғы жылдары байқаулар­дың дені «тамыр-таныстыққа» салынып, шешіліп жататыны жасырын емес. Тіпті, Мемлекеттік сыйлықтың да айналасында осындай әңгімелер жүреді. «Айбоз» осын­дай жаман ғадеттерден ада болып, шын таланттарды анықтап, әділ бағаланса деген ойымыз бар. Ендігі сыйлықтар ақсақалдар таласпайтын қылып, орта буынға, жастар­ға арналса, жақсы болар еді. Кейде ақ­сақалдарды аттап өте алмайды. Сондықтан «Айбоз» атына сай, 40 пен 60 арасындағы, болмаса қырыққа дейінгі жастар қаты­са­тын байқау болса деген тілек бар» дейді. Министрлік айтқандай, бір ғана шы­ғар­масымен ұлт әдебиетіне еңселі ес­керт­кіш орнатқан ақын-жазушылар тарихта аз емес. «Нобель сыйлығына лайық шығарма жазылмады» деп ауызды қу шөппен сүрте бергеніміз жарамас. Бұған дейін де үздік шығармалар дүниеге келді. Мүмкін, олар­дың насихаты кемшін болған шығар. Алайда өткен шығармаларға емес, енді жаңашылдыққа да басымдық бергеніміз дұрыс секілді. Ақын Маралтай Райымбекұлы: «Ұлт­тық әдеби сыйлықтың атын қою үшін ар­найы «конкурс» өткізіп, жаңашыл бас­тамашыл жастардың да ұсыныс-талап­тарын тыңдадық. Шынын айтқанда, жан-жақтан мыңға тарта ұсыныс түсті. Сол мыңның ішінен «Айбоз» деген атауды таң­дап алдық. Рас, жас ерекшелігіне шек­теу қойған жоқпыз. Таланттың бәрі жасқа қарап тұрмайды. Бастысы, жаңа шығарма жазылса болғаны. Ал «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді деген ойдамыз. Өйткені мұнда өз саласының мамандары, ар-ұяты жоғары, биік деңгейдегі азаматтар жұмыс істейтін болады. «Үш-төрт ай ішінде жаңа шығарма жазып үлгере ме?» деген сауалға келсек, әлбетте үлгереді. Кез келген шығармашыл, талантты адам үнемі іштей буырқанып жүреді. Ал мұндай бәй­гелер олардың ықыласын арттырады, қа­наттандырады, шабыт сыйлайды. Мақ­сат­ты түрде қолына қалам алады. Байқауға арналған шығарманың маз­мұнына келер болсақ, оның бәрі байқау­дың талаптарында көрсетілген. Бұл бай­қауға қалам ұстаған қаламгердің бәрінің қатысуға мүмкіндігі бар. Тақырыптардың өзектілігі де басты назарға алынады», – дейді. «Толқынды толқын қуады» демекші, толқын-толқынымен жаңа буын бір буын­ды алмастырып отыратыны жасырын емес. Бұл байқауда да әдебиетке жаңа есімдер, жаңа толқын қосылуы мүмкін. Басты талап – тақырып өзекті болуы тиіс. Ұлттық сыйлықты өткізудегі мақсат – қаламгерді, баспагерді ынталандыру, жаңа шығарманың тууына мүмкіндік жасау. Ұйымдастырушылар қазылар алқасы соңғы сәттерге дейін құпия болатынын айтып жатыр. Бұл да шығарманың әділ бағалануына жол ашатын қадам болмақ. Сыншы Анар Қабдуллина «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жариялануы әдебиетті дамытудағы жақсылық нышаны деп санайды. «Отандық қаламгерлер қа­тыса алады, жас шектеуі жоқ көрінеді. Көпшілік арасында атағынан ат үркетін үлкендер жағы алып кетпей ме деген қор­қыныш та жоқ емес. Оның үстіне, жеті но­минация бойынша конкурсқа қыруар материал келіп түсетінін болжау қиын емес. Бұл жерде салмақ пен жауапкершілік ұйымдастырушыларға түсетіні анық. 5 мил­лион аз ақша емес, сондықтан әділ­қа­зы­лар арасында танысына бұра тарта­тын­дар да болады. Шығармаларды оқитын ри­дерлер тобы болуы керек, іріктелген шы­ғармалар қайта-қайта талқылаудан өткені жөн. Мәселе – жас шектеуінде емес, дұрыс шығармалардың іріктеп алы­нуы маңызды. Ол үшін ридерлер бүгінгі әде­биет­тегі тенденцияны, оқырман сұра­ны­сын дөп басып тани алуы керек. Ал «Ай­бозға» ақ жол тілеймін, ең әділетті әдеби байқаулардың басы болсын!» дейді сыншы. Әдебиетін қадір тұтқан ел озады. Ақы­ны мен жазушысының жағдайын жасаған ұлттың да келешегі кемел болары анық. «Гарри Поттер» сияқты әлемдік шығар­малар туар күн алыс емес секілді. Қазақ әдебиетінің алыптары дүниеге келген топырақта тағы да әйгілі шығармалар ту­масына кепілдік жоқ. Сондықтан әде­биет­тің «Айбозына» айналатын көркем дү­ние­лер өмірге келсін деп тілейік.

Айым БЕКТҰР