Алматыда адам өлімімен аяқталған заңсыз митингті ұйымдастырған экобелсенді Тәшімова қамауға алынды
Алматыда адам өлімімен аяқталған заңсыз митингті ұйымдастырған экобелсенді Тәшімова қамауға алынды
Фото:facebook.com/salta.virgilio
820
оқылды
Алматыда экобелсенді Салтанат Тәшімова 15 тәулікке қамауға алынды. Ол рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартылды, – деп хабарлайды қаланың әкімшілік соты.
"Сот 2022 жылғы 9 сәуірде "Минина" саябағында Т. есімді интернет блогер бастаған тұрғын үй кешендерінің тұрғындары Алматы қаласы әкімдігінен жиын, митинг өткізуге рұқсат алмай, қолдарына плакат ұстап, қоғамдық шараға заңсыз қатысқанын анықтады. Т. заңсыз митингке белсенді түрде қатысқан", дейді соттан.
Сот отырысы кезінде белсенді өзінің кінәсін мойындамаған. Десе де,  ол саябақ маңында расымен болғанын және ол жерге тұрғын үй алабын салуға қарсы шыққан тұрғындардың шақыртуымен барғанын атап өткен. Сотта прокурор белсендіні құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындауды сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды.
"Әкімшілік жазаның түрі мен мөлшерін анықтау кезінде сот құқықбұзушылықтың сипатын, құқықбұзушылықты қасақана жасау фактісін, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің құқықбұзушылықты тоқтатуды заңды түрде түсіндіре отырып, талап еткеніне қарамастан, құқыққа қайшы әрекеттің жалғасқанын есепке алды. Қазір сот актісі заңды күшіне енген жоқ және онымен келіспеген жағдайда апелляциялық сотқа шағым түсіруге болады", дейді Алматы қаласының әкімшілік сотынан.