Сенат Төрағасы Бағдат Әміреевпен кездесті
Сенат Төрағасы Бағдат Әміреевпен кездесті
499
оқылды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесті. Мәулен Әшімбаев ұйымның бұған дейін өткен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тың бастамалар ұсынғанын атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта оларды ұйым аясында ілгерілетудің маңызды екеніне назар аударды. «Қазақстан Президенті түркі мемлекеттері ұйымы аясында бірқатар маңызды бастама мен ұсыныстар жасады. Олардың бәрі бауырлас елдеріміз арасындағы жан-жақты өзара тиімді ынтымақ­тастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Парламент Сенаты алдағы кезеңде басқа түркі мемле­кеттерінің парла­ментшілерімен бірлесе отырып осы бастамаларды жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеуге ниеттеніп отыр», – деді Мәулен Әшімбаев. Бағдат Әміреев өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымына мүше ел­дер­дің экономикалық және мә­дени-гуманитарлық ынтымақ­тастығын одан әрі нығайтуға арналған бастамаларын іске асыру жолында ұйым белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сенат Төрағасы Қазақстан түркі елдерімен көпжақты ынтымақ­тас­тықты дамытуға, оның ішінде парламенттік байланысты нығайтуға баса мән беретінін айтты. Ол сондай-ақ 5 маусымда елімізде өткен республикалық референдумға ТүркПА мен түркі мемлекеттері ұйымының байқаушылары қатысқанын және олардың Қазақстанның референдумды табысты өткізгені туралы мәлімдеме жасағанын тілге тиек етті.