Қазақстан лидері «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысты. Ол өз сөзінде форумға шақырғаны және дәстүрлі түрде жылы қабылдағаны үшін РФ басшысы В.Путинге ризашылығын білдірді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, аймақтағы елдер заманауи сын-қатерлерге лайықты төтеп беріп қана қоймай, одан барынша пайда табуға тырысуы керек.
Осы себепті «ЕАЭО аясында еуразиялық интеграцияны Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасымен ұштастыру – маңызды міндет».
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару ісін жаңғырту және Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтып берді. Президент жиынға қатысушылардың назарын бірқатар маңызды мәселеге аударды. Соның ішінде Еуразиялық одақтың әлеуетін арттыруды өзекті міндет ретінде атады.
– Одаққа мүше барлық елдің экономикасының жиынтық көлемі қазір 2 триллион доллардан асады. Бұл – еркін тауар айналымы, капиталы және жұмыс күші бар өте үлкен нарық. Пандемия мен дағдарыс жағдайына қарамастан одақ аясындағы ынтымақтастық дәйекті түрде нығайып келеді. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі одақ құрылған уақыттан бергі ең жоғары деңгейге жетіп,
73 миллиард долларды құрады. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен үштен бір бөлікке көп, – деді ол.
Жалпы, ЕАЭО-ны жаңа жағдайға сай қайта құру қажет болуы мүмкін.
– Жаңа жағдайды ескере отырып, Еуразиялық одақ аясында жаңа сауда стратегиясын әзірлеумен айналысқан орынды әрі пайдалы болар еді. Тиімділігі күмәнді контрсанкцияның орнына Азия мен Таяу Шығыс нарығын тұтас қамтитын белсенді әрі оңтайлы сауда саясатын жүргізген жөн. Қазақстан «буферлік нарық» қызметін атқарар еді. Еуразиялық интеграцияның түбегейлі жетістікке жетуі бірлескен сауда стратегиямыздың тиімділігіне байланысты, – деді Қ.Тоқаев.
Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіп кооперациясын мүлде жаңа деңгейге көтерудің перспективасы зор екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ресейлік инвесторларға тиісті инфрақұрылымы бар өнеркәсіп алаңдарын ұсынуға, қолайлы жағдай жасауға әзір екенін жария етті.
Президент үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін тағы бір маңызды міндет деп атады.
– Қазақстан интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы бола отырып, басқа да халықаралық ұйымдармен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықты тұрақты қолдап келеді. Осы форум аясында «Үлкен еуразиялық серіктестікті» қалыптастыру мәселесі қызу талқыланды. Бұл тұжырымдама өңірлік ұйымдардың тең құқықты ынтымақтастығының ортақ кеңістігін құруға бағытталмақ. Қазақстан Үлкен еуразиялық серіктестік құру үдерісін құптайды, – деген ол ШЫҰ, АСЕАН, ЕАЭО – «Үлкен еуразиялық кеңістіктің» ажырамас бөлігі бола алатынын нұсқады.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді де қозғады. «Жасыл» инвестицияларды көбейту мүмкіндіктерін кеңейту жоспары мен экологиялық проблемаларды шешу жолдары сөз болды.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді де қозғады. «Жасыл» инвестицияларды көбейту мүмкіндіктерін кеңейту жоспары мен экологиялық проблемаларды шешу жолдары сөз болды.
– Былтыр жауын-шашынның аздығынан өзендердің суы таяз болып, диқандарымыздың көпшілігі құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Трансшекаралық Жайық өзенінің жағдайы өте ауыр! Мемлекеттеріміз орнықты даму үшін мұндай ұзақмерзімді міндеттерді бірлесіп шешуі керек! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол биылғы қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тілге тиек ете келе, осы жиынға Ресей дін қайраткерлерінің қатысқаны жөн екенін жеткізді. Қазақстан көшбасшысы сөзін қорытындылай келе, бейбіт, тұрақты және экономикалық тұрғыдан қуатты Еуразияны құру – жаһандық ауқымдағы орнықты дамудың және инклюзивті өсімнің қуатты факторына айналарына сенім білдірді.
Негізгі спикерлердің баяндамасынан кейін жиын сұрақ-жауап форматында жалғасты. Президент бірқатар халықаралық мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді. Атап айтқанда, Украина мәселесіне қатысты Қазақстан ұстанымы жайлы сауалға Қ.Тоқаев: «Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде 500 ел болар еді. Онда бұл хаосқа әкеледі. Сол себепті де, біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамаймыз. Шамасы, бұл қағида, біздің ойымызша, квазимемлекеттік құрылым саналатын Луганск мен Донецкіге де қатысты қолданылады», – деді. Сондай-ақ жиын барысында Мемлекет басшысы Қазақстанға қатысты кейбір пікірлерге де өз ойын білдірді. Мәселен, Президент: «Мен бірқатар ресейлік депутаттың мүлдем жаңсақ, әдепсіз пікірлеріне наразылық білдіргім келеді. Шындығында, біздің арамызда сан-саққа жүгіртіп, көпіртетіндей ешқандай да мәселе жоқ. Барлық алауыздық біздің халықтарымызға, бірінші кезекте Ресей Федерациясының өзіне нұқсан келтіреді. Маған сондай бұрыс пікірлердің неге айтылатыны түсініксіз», – деді.