Су шаруашылығы: өңір үшін аса өзекті
Су шаруашылығы: өңір үшін аса өзекті
© коллаж: Әсел Балтақызы
829
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асы­ру аясында кеше Мәжіліс қабырғасында «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Парламенттік тыңдау өткен болатын. Қос палата депутаттары, орталық мем­ле­кеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, су саласының ғалымдары мен ма­ман­дары, шетелдік және отандық сарапшылар, Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Ата­мекен» ҰКП өкілдері қатысқан жиында еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ре­сурс­тарын пайдалану, қабылданып жатқан шаралар мен Қазақстанның су саласын дамыту перс­пективалары, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Соның ішінде Атырау облысындағы су шаруашылығы мәселелеріне айрықша назар аударды. Мінбеге шығып сөз сөйлеп, осынау өзекті мәселені халық қа­лаулыларына жеткізген спикер­лердің арасында Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов та өңір үшін аса өзекті мәселе – су шаруашылы­ғының бүгінгі жағдайы және оны дамыту жоспарын мәлім етті. Оның айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аймақ дамуының кешенді жоспары қабылданып, онда тұрғын­дарды сапалы, таза ауызсумен қам­тамасыз ету бойынша нақты іс-ша­ралар қарастырылған. Атырау аты­рабында негізгі су көздері – Ресей Федерациясынан бастау алатын Жайық, Қиғаш, Ақтөбе облысынан келетін Жем, Сағыз, Ойыл өзендері және Қоянды мен Тайсойған жерас­ты су кен орындары. Облыс халқы­ның 70%-ы, яки жалпы саны 468 мың адам болатын Атырау қаласы, үш аудан Жайық өзенінен, 24%-ы, яки жалпы саны 162 мың адамы бар үш аудан Қиғаш өзенінен тартылған «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы ауызсумен қамтылған. Сондай-ақ бұл суды ТШО, KUS (KarabatanUtilitySolutions), «Бола­шақ» зауыты (NCOC) сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ша­руа қожалықтары техникалық мақсатта қолданады. Қалған 6%-ы Қызылқоға және Құрманғазы ауда­нының 38 мың тұрғыны жерасты су қорын тұтынып отыр. «Бүгінде облыс бойынша орта­лықтандырылған ауызсумен қамта­масыз ету деңгейі – 99,6% құрайды, соның ішінде ауылдық елді мекен­дер бойынша – 83,6%, яки 128 ауыл­дық елді мекен бар. Алайда Атырау қаласы және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін су тазартқыш жабдықтары өткен ғасырдың 30-шы және 60-жылдары қолдануға беріл­ген. Қазір олар апаттық жағдайда. Сонымен бірге су тапшылығы да бар және алдағы бес жылда су жетіс­пеушілігі 40 пайызға дейін өседі деп болжануда. Осыған байланысты, жаңа екі сүзгілеу стансасын іске қосу жоспарланып отыр», – дейді Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов . Облыс әкімінің айтуынша, «Ас­трахань – Маңғышлақ», су құбыры арқылы халықты сумен қамтамасыз ету мәселесімен бірге, өңір эко­но­микасының негізін қалыптастыра­тын ірі өнеркәсіптік кәсіпорын­дардың да мәселелерін шешу қажет. Себебі алдағы уақытта су тапшы­лығы туындайды. Сондықтан құ­быр­ды екі кезеңнен тұратын қайта жаңғырту және өткізу қабілетін ұлғайту бойынша жоспарланған құрылыс жұмыстарын кейінге ше­гермей, тездетіп шешу қажет. Осы ретте Серік Жамбылұлы депутат­тардан қолдау сұрап отыр. Оның бірінші кезеңінде 151 шақырым құ­быр кеңейтілмек, ал екінші ке­зеңде 242 шақырым жердің өткізу қуаты ұлғайтылып, бүгіндегі тәу­лігіне 110 мың текше метрден 170 мың текшеметрге дейін артпақ. Бұл жұмыстарға 121 млрд теңге сома­сын­да қаржы қажет. Су құбырын қай­та жаңғыртудан бөлек, облыс әкімі жерасты суларын да мүмкін­ді­гінше кеңірек пайдалануға шақырды. «Ауызсу тапшылығын жоюда Ақтөбе облысында орналасқан Көк­жиде тұщы суы кен орнын іске қосу қажет. Оның су қоры өте мол әрі сапалы. Бұл бір жағы халықтың денсаулығын жақсартуға сөзсіз әсер етпек. Ендеше осы кен орнынан Атырау облысына су тарту жоба­сының техникалық-экономикалық негіздемесін Экология министр­лігінің әзірлеуіне ықпал етулеріңізді сұраймын. Одан бөлек, жылдан-жыл­ға жерасты су қоры азайып ке­леді, осы мәселені шешу үшін бар­лау жұмыстары жүргізіліп, жоба­лық-сметалық құжаттамасы әзір­ленді. Бұл жобалардың жалпы құны 5,9 млрд теңгеге бағаланып отыр. Ол дегеніміз – Тайсойған кен орнынын және оның суымен Қызылқоға ау­данындағы 9 000-нан астам халықты қамтамасыз ететін желілерді, Қоян­ды кен орнын және оның суымен Құрманғазы ауданындағы 6 000 халықты сумен қамтамасыз ететін желілерді, 12 000 халқы бар Кереген-Сағыз-Жамансор ауылдарын сумен қамтамасыз ететін топтық су құбы­рын қайта жаңғырту жұмыстары. Биыл бұл жобаларға 300 млн теңге бөлінді, бұл жеткіліксіз, сондықтан да ұлғайтуды сұраймыз», – деді Серік Шапкенов. Өңір басшысы депутаттардың назарын аудартқан тағы бір мәсе­ле – өндірістегі шайынды сулар жайы. Тазартылмаған күйде далаға төгілгендіктен олар булану арқылы күкірт, сутегі және көмірқышқыл газына айналып, қоршаған орта мен халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Ал азаматтық Кәріздік-та­залау құрылысжайы (КОС) бойын­ша бүгінде қуаты тәулігіне 70 мың текше метр болатын кәріз тазалау ғимараты пайдалануға берілген. Одан бөлек, қуаты тәулігіне 31 мың текше метр болатын бір КОС-тың құрылысы басталған. Үш ауданда кәріздік тазарту құрылғылары бар, қалғандарында қуаттылығы орташа модульдік қондырғыларды орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар шайынды суларды техникалық су деңгейіне дейін тазартып тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе – облыстағы ауылшаруа­шылық каналдарының жағдайы тоз­ған, су өткізу қабілеті өте төмен. «Осыған байланысты, 7 канал бойынша жөндеу жұмыстары жүр­гізілді, 14 канал бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, респуб­ли­калық меншікке берілді. 3 арна бойынша ішінара қаржыландыру басталып, бұл жұмыстарға 250 млн теңге бөлінді. Бүгінгі мүмкіндікту пайдаланып, депутаттардан осы жұ­мыстарды уақытылы қаржылан­дыруға қолдау көрсетуін сұраймыз. Бұл дегеніміз 205 мыңнан аса ірі қара мал, 741 мың ұсақ қара мал, яки қой мен ешкі, 106 мың бас жыл­қы, 37 мың бас түйе сумен қамты­лады деген сөз. 9640 га суармалы, 2 050 га сулы, 1 430 га шабындық жер­­ді құрайтын бұл аумақта 3 244 ша­руа қожалығы орналасқан. 8 мың­нан астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Су мәселесі бойынша тағы бір назар аудара кететін проблема – жылдан-жылға Жайық және Қиғаш өзендерінің суы тартылып келе жатқаны. Олардың сағасын тазалау мен түбін тереңдету жұмыстары да өзекті мәселе болып тұр. Егер біз бұл жұмыстарды дер кезінде қолға алмасақ, балықтың теңізден өзенге өтуі процесі үзіліп қалуы мүмкін. Өйткені бұл сағалар – балықтың уылдырық шашатын жерлеріне өтетін табиғи жолдары. Аталған мәселені шешу мерзімінің созылуы Каспий теңізінің балық қорының өсімін молайту мүмкіндігінен айырылуға әкеп соғатынын ескеру қажет. Сондай-ақ лайланған сағалар барлық су кемелерінің өтуін тоқ­татады. Мәселен, Жайық және Қи­ғаш өзендерінің гидрологиялық ре­жимін жақсарту және суын мо­лайту мақсатында 2017-2021 жыл­дар аралығында өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, оның ұзын­дығы 169 шақырым болды. Енді 2022-2026 жылдары жалпы ұзын­ды­ғы 295 км болатын қосымша жұмыс жоспарланған. Бұған жалпы сомасы 21,1 млрд. теңге қарастырылып отыр», – деді өңір басшысы. Баяндамасын қорытындылай келе, Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов депутаттардың назарын келесідей өзекті мәселе­лерге аударды. Біріншіден, Көкжи­деден таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін ТЭН-ін әзірлеуді бастау. Екіншіден, Ресей Федерациясымен біріге отырып «Ириклин» су қойма­сының жұмыс режимін бірлесіп қарастыру. Нақтырақ айтқанда, жыл сайын гидронысаннан 200 млн текшеметр су жіберу жаз айларында жүзеге асырылатынын ескере оты­рып, су тасқыны кезеңі өткеннен кейін маусым айында ең жоғары мөлшерді 60%-ға дейін өсіріп, одан әрі бірте-бірте 20%-ға дейін шілде және тамыз айларында тиісінше азайтуға келісу. Үшіншіден, теңіздің су қорының ластануын болдырмау мақсатында, қазір суға батқан кеме, сорғы стансалары сынды тағы да басқа анықталған 27 ірі габаритті заттарды көтеру қажет. Төртіншіден, Атырау облысының аумағында гидрологиялық режимді жақсарту және су деңгейін көтеру мақсатында тұрақты түрде өзендер түбін терең­дету жұмыстарын жүзеге асыратын коммуналдық кәсіпорын құру ке­рек. Осындай өзекті мәселелер сөз болған Парламенттік тыңдаудың қо­рытындылары бойынша Қазақ­стан Республикасының Үкіметіне су саласындағы ахуалды жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірленді. Олардың арасында Атырау өңірінің су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелері де бар. Естеріңізге сала кетсек, аталған жиын Мәжі­ліс­тің Экология мәселелері және табиғат пайдалану, Экономика­лық реформа және өңірлік даму мен Аграрлық мәселелер ко­ми­тет­терінің ұйымдастыруымен өткен болатын.