Қазақстан мен Иран Бірлескен сауда палатасын құрады
Қазақстан мен Иран Бірлескен сауда палатасын құрады
1,885
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси шағын форматтағы кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Иран делегациясына ілтипат білдіре отырып, биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы мерзім ішінде елдеріміз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнатты.
"Біз тату көршілік пен берік достыққа негізделген сындарлы саяси диалог құрдық. Екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. 60-тан астам келісім жасалды. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Біз енді Бірлескен сауда палатасын құруды жоспарлап отырмыз. Парламентаралық байланыстар жолға қойылды. Өңіраралық кооперация нығая түсуде. Халықаралық ұйымдар аясында тығыз әріптестік орнаттық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айта келе, биыл бірінші тоқсанда екіжақты тауар айналымы қарқынды дами түскеніне, елдеріміз арасындағы өзара сауда-саттық көрсеткішін арттыру маңызды екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік және логистика саласының, атап айтқанда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының үлкен әлеуеті бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ Президент Каспийдегі теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалану керек екенін атап өтті. Ақтау және Құрық, Амирабад және Анзали айлақтарының әлеуеті зор. Ауыл шаруашылығы – екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның бірқатар компаниясы ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, сүт өнімдерін шығару және күріш өсіру бағыты бойынша Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының Иранға тасымалданатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Қазақ-иран қатынастарын нығайтуда мәдениет саласындағы ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Осы ретте Ирандағы қазақ диаспорасы екі ел арасын байланыстырушы алтын көпір болады. Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты зерттеу және тарихи деректер алмасу бағытындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына да тоқталды. Өз кезегінде Ибрахим Раиси Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандық делегацияға ілтипат білдіре отырып, Мемлекет басшысының бұл ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша қазақ-иран қатынастарын дамытуда жаңа бетбұрыс болатынын жеткізді.
"Сіздің сапарыңыз сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-транзит, знергетика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін", – деді Ибрахим Раиси.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Иран Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Содан кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
  • Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Саяси және халықаралық зерттеулер институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;
  • Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрлігі арасындағы талдамалық зерттеулер және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы екіжақты сауданы арттыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитіндегі Қазақстан-Иран ынтымақтастығы туралы меморандум;
  • «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Телерадио хабарларын тарату компаниясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Ұлттық мұнай компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасының Темір жолдары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.