Жуырда 18-19 маусым күндері Алматы – Анталья бағытындағы екі рейс уақытылы ұшпады. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 18 маусымда Air Astana әуекомпаниясының Boeing-767 ұшағында техникалық ақау анықталған. Сондықтан әуекомпаниясы келесі рейстерде ұшақты ауыстыруға мәжбүр болған.
18 және 19 маусымда Алматы – Анталья бағытындағы екі рейс 24 сағат 56 минутқа және 3 сағат 23 минутқа кешікті.
«Air Astana әуекомпаниясының Алматы – Анталья бағыты бойынша 18 маусымдағы KS 915 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 09.40-та ұшуы тиіс болатын. Алайда 19 маусым күні таңертең рейс техникалық себептерге байланысты кейінге қалдырылды. Ұшақты ауыстырды. Ұшақ 19 маусым күні сағат 10.36-да Антальяға ұшты», – деді комитет өкілі.
Алматы – Анталья бағыты бойынша 19 маусымдағы KC 915 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 09.40-қа жоспарланған еді.
Бірақ техникалық себептерге байланысты ұшақ Boeing-767-ден көлемі жағынан кішірек Airbus-321 ұшағына ауыстырылды. Борт 19 маусымда жергілікті уақыт бойынша 13.03-те аттанды. Осы рейспен келген жолаушылардың бір бөлігі Нұр-Сұлтан арқылы Антальяға жөнелтілді. Ал кейбірі 20 маусымда Алматы – Анталья рейсі бойынша KS 915 ұшағымен жөнелтіледі деген жоспар бар.
Air Astana әуекомпаниясының 20 маусымдағы Алматы – Анталья бағыты бойынша ұшуы тиіс KS 915 рейсі Сеул – Алматы рейсін күтуге тура келгендіктен, 15.40-қа дейін кешігеді.