– Қазір Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының әкімдерін оқытып жатырмыз. 22 маусымға дейін 535 ауыл әкімі біліктілігін жетілдіреді, – деді Данияр Мұқитанов.Облыс әкімінің орынбасары әкімдерге Жаңа Қазақстанды құру үшін өзгерістерді өздерінен бастау қажет екенін айтты. Жаңа бағытта жұмыс істеу үшін осындай семинарлардың үлесі мол екенін жеткізді.
– Партия тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Соны тиімді қолдана білу керек. Алған білімімізді бюджет болсын, басқасы болсын, дұрыс бағыттап, тиімді қолдансақ, алдымызға қойған мақсаттарға қиналмай жетеміз, – деді Ермек Кенжеханұлы.Семинарға қатысушылар бизнес-жоспар дайындауды үйреніп, жобаларды қаржыландырудың, сертификаттау мен стандарттаудың көздері туралы толық ақпарат алып жатыр. Оқу практикалық сабақтармен ұштастырылған. Яғни, семинарға қатысушылар алған білімін малға азық дайындау, етті, сүтті ірі қара мал өсіру, сұлулық салоны, тігін шеберханасы секілді шағын кәсіп мысалында пысықтайды.
– Ауыл – ел бесігі, ауыл өркендесе, мемлекет те өркендейді. Сондықтан халықтың экономикалық белсенділігін арттыру маңызды. Осы тұрғыда семинардың пайдасы мол деп есептеймін. Әкімдер ауылға жаңа серпін, тың тыныс беретіндей мәлімет алғаны сөзсіз, – деп тұжырымдады Ербол Данағұлов.Семинарға қатысушылар алған білімінің жемісті болатынына сенеді. Олар кәсіпкерлікті дамыту дағдыларын меңгеріп, соны жұмыста қолдануды көздеп отыр. Хромтау ауданы Қопа ауылдық округінің әкімі Айгүл Бусурмановаға әсіресе практикалық сабақтар ұнаған.
– Семинарға екінші күн қатысып жатырмын. Мониторингтік талдау жасау, ауыл ішіндегі жеке кәсіпкерлерді қолдау және олардың бизнес-жоспарын дамыту бойынша тиімді ақпарат игердік. Әсіресе практикалық жұмыстар тиімді болды. Алған білімімізді алдағы жұмысымызда пайдаланамыз, – деді ол.Ал «Табыстарды ұлғайту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласындағы басшылардың құзыретін арттыру» оқу бағдарламасының алғашқы қатысушылары қазір үйлеріне оралды. Солардың бірі – Роза Байгелдинова. Ол үш күн бойы Жарсай ауылдық округі әкімінің әдеттегі жұмысынан босап, семинарға қатысқан. Дәрістерді мұқият тыңдап, пайдалы болатын кейбір мәліметтерді сабақтар арасында нақтылау үшін жұмыс дәптеріне түртіп алды. Оның округі тіршілігі қайнаған күрежолдан алыс. Сондықтан жергілікті тұрғындар өздерінің әл-ауқаты үшін ерекше тапқырлық танытуы керек. Олар жақында басталған газдандыру және орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстарына байланысты үлкен өзгерістерге үміт артып отыр.
– Ауылдық округ әкімі болып 2009 жылдан бері жұмыс істеймін, бірақ мұндай оқу біз үшін алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда бізді скринингтер өткізуге үйретті. Яғни ауылда қанша адам тұрады, олардың табысы қандай, отбасында жұмыссыз кім, он сегіз жасқа дейінгі балалары бар ма, мүгедектер бар ма – соларға назар аудардық. Аулаларды аралау адамдардың нақты әл-ауқатын анықтауға көмектеседі. Солардың негізінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму картасын жасаймыз. Бізге бизнес-жоспарларды қалай құратынын түсіндірді, алдымен өткізу нарығын табу керегін айтты. Сондай-ақ маркетингтік талдау жасау, дамудың перспективалық бағыттарын анықтауды игердік. Алған біліміміз сөзсіз кәдеге асады, – дейді Роза Байгелдинова.
Азат ҚАЗАҚ