Мұғалім тапшы өңірлерге мамандарды тарту мақсатында арнайы бағдарлама іске қосылды
Мұғалім тапшы өңірлерге мамандарды тарту мақсатында арнайы бағдарлама іске қосылды
895
оқылды
Қазақстанда мұғалім жетіспейтін және білім сапасы нашар аймақтарға білікті педагогтерді тарту мақсатында арнайы бағдарлама өз жұмысын бастады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова хабарлады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде мұғалім тапшылығы және білім сапасы нашар өңірлер мәселесі Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облысына қатысты. Аталған аймақтарда математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті және шетел тілі мұғалімдері жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін министрлік педагогтер арасында арнайы байқау жариялап отыр. Қажетті құжаттар тізімі өңірлік білім басқармалары және Назарбаев зияткерлік мектебінің ақпарат ресурстарында орналастырылған. Бағдарламаға құжат қабылдау 2022 жылғы 26 маусымға дейін созылады.
«Мұғалімдер осы бағдарламаға қатысып өз бағын сынай алады. Бағдарламаға тәжірибелі ұстаздармен қатар оқуды енді бітірген жас мамандар да өтінім бере алады. Жоғарыда аталған 4 өңірде үйлестіру кеңесі құрылды. Бағдарламаға қатысушы ұстаздар алдымен өз пәні бойынша тест тапсырады. Екінші кезеңге өткендер 350 сөзден тұратын эссе жазуы керек. Екі кезеңнен сәтті өткен мұғалім соңғы әңгімелесуден өтеді. Әңгімелесу ZOOM платформасы арқылы сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылады», – деді Гүлмира Кәрімова министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының тікелей эфирінде.
Комитет төрағасының айтуынша, бағдарламаға қатысушы мұғалім барлық тапсырманың 60%-ін сәтті орындаған жағдайда жолдамаға ие болады. Ал ұстаздар сынақты өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсырады.