Елорда мектептерінде бірнеше пән бойынша мұғалім жетіспейді
Елорда мектептерінде бірнеше пән бойынша мұғалім жетіспейді
564
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше пән бойынша сабақ беретін мұғалім жетіспейді. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев айтты.
«Мектептерде негізінен орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері 2 720 маман, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 680 маман, математика мұғалімі – 1 020, ағылшын тілі – 1 360, орыс тілінде оқытатын химия және биология мұғалімдері  340 маман қажет. Сонымен қатар арнайы білімі бар мектепке дейінгі мекемелерге 1 656 тәрбиеші керек», –  деді Қасымхан Сенғазиев әкімдікте өткен қоғамдық кеңес отырысында.
Сонымен қатар басқарма басшысы астанада медицина мамандарын даярлау бойынша 240 өтініштің келіп түскенін айтты.
«Өтінішке сәйкес қаламызға отбасылық медицина бойынша 78 маман, педиатрия – 14, акушерия және гинекология 17, ересектер мен балалардың анестезиологиясы және реаниматологиясы 15, физикалық медицина және оңалту 15 және басқа да мамандар даярлау қажет. Сондай-ақ Денешынықтыру және спорт басқармасының өтініші бойынша 50 маман даярлау қажеттігі туындап отыр. Сол секілді  Дін істері басқармасынан 15 орын белгіленді. Оның ішінде исламтану, дінтану мамандарын әзірлеу қажет», деді ол.