Астықты Ақмоладағы диқан қауымның басына үйірілген бұлт тарқамай тұр. Бұған дейін бірнеше облыста егістік алқабы киіктердің шабуылына ұшырап, жаңа көктеп шыққан мыңдаған гектар астықтың тапталып кеткенін жазғанбыз. Енді ақмолалық шаруалар көресіні доңыздардан көргенін айтып дабыл қақты.
Осыдан 6-7 жыл бұрын пайда болған жабайы доңыздардың негізгі бөлігі Зеренді ауданындағы ауылдарды қан қақсатқан. Егістік жерлерінің ойран-топыры шығып қып-қызыл шығынға батқан диқандар облыс әкімдігі мен тиісті органдардың табалдырығын талай тоздырыпты. Алайда түйінді мәселе арада бірнеше жыл өтсе де шешілмеген. Ауыл тұрғындарының бірнеше жыл бойы мемлекеттік органдарға жолдаған шағым хаттарынан жауап жоқ.
Талпақ танау 40 гектар егінді таптаған
«Жабайы доңыздардың санын реттеліп отыруы керек еді. Бірақ біздегі жағдайға ешкімнің қылы да қисаймайтын сияқты. Шошқалар жолындағыны жұлып жеп, егістік алқаптарды жайпап, орман-тоғайларды ластап жатыр. Тобырымен жүздеп жортып жүреді. Ал атуға мүлде тыйым салынған. Миллионның үстіне айыппұл салынғандықтан, мылтық кезеуге ешкімнің батылы бармайды. Ал біреулер сол доңыздардың арқасында пайдаға кенеліп отыр. Шіріген байлар келіп, қабанға аңшылыққа шығады. Торайларынан ірі қабанға дейін әрбіріне 100 мың теңгеден астам ақша төлейді. Сондықтан біреулердің қалтасын қалыңдатып отырғандықтан да, қабандарды атуға рұқсат бермей жатқандай көрінеді. Былтырлары 40 гектар егінімнің түгін қоймай таптап жеп кетті. Мәселені басшылардың қатысуымен бірнеше рет көтердік. Бірақ еш нәтиже болмады», – дейді Мәлік Ғабдуллин ауылындағы «Найля 64» ЖШС-ның басшысы Владимир Водкин.
Облыс шаруаларының айтуынша, қазір Ортағаш, Қызылегіс, Мәлік Ғабдуллин, Ұялы, Игілік ауылдарында жыл сайын жабайы доңыздардан зардап шеккен. Ал доңызы көбейген табиғаты орман мен көлге бай бұл аумақты жеке кәсіпкер С.Нұртазин 49 жылға жалға алған. Диқандар жабайы қабандардың шабуылынан көз ашпаймыз деп тиісті органдардан көмек сұрағанымен, орман шаруашылығы және жануарлар Ақмола облыстық аумақтық инспекциясы басшылығы шошқаларды бақылауға ала алмайтынын ашық айтты.
«Зеренді ауданы аумағында «Пухальское» аңшылық шаруашылығы бар. Жалпы ауданы 111 031 гектар алқапты қамтиды. Бұл жер жеке кәсіпкер С.Нұртазинке бекітілген. Аңшылық шаруашылықтың өткен жылғы есебі бойынша жабайы доңыздың жалпы саны 133 басты құрайды. Иә, соңғы жылдарда ауыл шаруашылығында егістік алқаптарға қабандардың жиі кіріп кететіні байқалып жүр. Ережеге сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарлар әлемін қолдану орман шаруашылығы саласында инспекция бақылауды жүзеге асырады. Дегенмен біз емін-еркін егіс алқабында жүрген жабайы қабандарға жауап бере алмаймыз», – дейді Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Заңда шикілік бар ма?
Шаруалардың шамадан тыс шығынға батып жатқанын зеренділік зейнеткер Алексей Бойков та мойындады. Оның айтуынша, жануарлардың санын реттеу үшін заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет.
«Жабайы доңыздардың санын реттеуде белгіленген шектеулерді алып тастау қажет. Расында да, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін шаруалар шығынға батып жатыр. Егінін қабандар тақырлап, таптап кетеді. Мәселен, ұрғашы доңыздардың саны 50-60 бас болса, әрбірі 8-10-нан көбейіп 400-500 басқа бірден көбейеді. Ал мұны бақылауға алып жатқан ешкім жоқ. Мен осы салада жылдар бойы еңбек еткендіктен, мәселенің мән-жайын жақсы білемін. Күзгі аңшылық маусымы басталғаннан жыл соңына дейін санын реттеу үшін «Бурабай», «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін де осы аулауға жұмылдыру қажет деп есептеймін. Оларды бақылау мүмкін емес. Бір жерден қуса, екінші егістік жерге барып, жапырып кете береді. Сондықтан санын реттеуді қолға алу қажет», – дейді зейнеткер Алексей Бойков.
Біз облыс аумағында қанша гектар егістік алқаптың доңыздардың шабуылына ұшырағанын анықтау мақсатында облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқанбыз. Алайда басқарма әзірге доңыздардан жапа шегіп, арыз жазған шаруалардың басқармаға келмегенін мәлімдеді.
P.S. Cонымен, егіні мен табиғаты талпақ танауға жем болған зеренділік шаруалар Үкіметтен үміт күтеді. Олар мәселе шешімін таппаса, есіл еңбек текке кете ме деп қауіптенеді.