Американдық технологиялық алпауыт қазақстандық компанияны сатып алды
Американдық технологиялық алпауыт қазақстандық компанияны сатып алды
©cnn.com
985
оқылды
Qualcomm мобильді желіні автоматтандыру және басқару саласындағы әлемдік ірі компания Алидар Өтемұратовтың Cellwize компаниясын сатып алғанын жариялады. Мәміледен түскен қаражат DAR компаниясының жобаларын қаржыландыруға жұмсаламақ. 2012 жылы қазақстандық инженер Даниэль Дребински, кәсіпкер Алидар Өтемұратов, Аңсат Жабагин мен израильдік азамат Саси Геваның бастамасымен Cellwize компаниясы құрылған болатын. Cellwize интеллектуалдық байланыс заманында жаңа буын желілерін орналастырумен айналысады. Бүгінде компанияның 16 елде ұялы байланыс операторымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін 40 офисі бар. Осы уақыт аралығында компания Intel, Qualcomm, Verizon Ventures, Samsung Next және Deutsche Telekom Capital тарапынан инвестициялар тартқан болатын. – Біз қазақстандық жобаның осындай жаһандық деңгейде әлемдік ойыншыларды мойындатқанымызды мақтан тұтамыз. Бұл біздің халықаралық деңгейдегі басқа компаниялармен тереземіз тең екенін айқын дәлелдейді, – дейді DAR компаниясының басқарушы серіктесі Нұрбек Қарабала.   Cellwize технологиясының бірегейлігі Cellwize ұялы байланыс операторларының өз желілерін ұтымды басқаруын тиімді ететін Chime платформасын құрды. Яғни машиналық оқыту алгоритмдері мен жасанды интеллект адамның қатысуынсыз ұялы байланыс операторларының желілерін үйлестіруге көмектеседі. Сондай-ақ, бұл технология 2G/3G/4G/5G буын желілерін оңтайландыру процестерін автоматтандыру үшін қолданылады және мобильді желілердің сенімділігін қамтамасыз етеді. Бұл құрал жаңа 5G желілерін конфигурациялауға, оларды оңтайландыруға және деректерді бақылауға мүмкіндік береді. Үшінші тарап әзірлеушілері платформамен API арқылы операторларға барынша қолжетімді жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сілтеме ретінде біріктіре алады. Бұл платформаны қазіргі таңда 3 миллионнан астам ұялы байланыс мұнарасы пайдаланады. – Алдағы бес жылда мобильді байланыстың шамамен 75%-ы 5G-ге тиесілі болады, ал 2,6 миллиард 5G ұялы байланыс абоненттеріне қызмет көрсету әлемдегі мобильді халықтың 65%-ын құрайды, – дейді Cellwize бас директоры Офир Земер. 5G – бұл жай болашақтың технологиясы ғана емес, ол көптеген архитектура мен техникалық шешімдердің күрделі кешені.   Cellwize технологиялары микрочип өндірушілеріне не үшін қажет? Qualcomm компаниясы смартфонға ұялы желіге қосылу үшін орнатылған микрочиптерді шығаратын әлемдегі ең ірі американдық монополист компания. Ол соңғы жылдары 5G мобильді мұнараларына арналған процессорларды да шығары бастады. Сол себепті Cellwize-дың технологиялары Qualcomm-ға телекоммуникация нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтудің бірден бір жолы болмақ. Яғни Cellwize компаниясын және оның шешімдерін сатып алу арқылы Qualcomm өзінің 5G чиптерін оператор желісін басқаруға арналған бағдарламалық жасақтамасын нарықта сатуға жол ашады. DAR компаниясы мәміле сомасын нақтылаған жоқ, бірақ осы мәміледен түскен қаражат Алидар Өтемұратовтың білім, финтех және спорт саласындағы қазақстандық жобаларын инвестициялауға бағытталатынын хабарлады. – DAR компаниясы өзінің жобаларын қандай ақшаға қаржыландырады деп жиі сұрайды. Қаржыландыру телекоммуникациялық жобалардан түскен дивидендтерден келетінін бұған дейін ашып айтқан болатынбыз. Cellwize транзакциясынан түскен қаражатты DAR компаниялар тобының білім, спорт және финтех саласындағы отандық жобаларына, сондай-ақ біздің гранттық бағдарламаларымызға жұмсаймыз, – дейді Нұрбек Қарабала.