Президент Алматы облысының әкіміне тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруды міндеттеді
Президент Алматы облысының әкіміне тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруды міндеттеді
©www.akorda.kz
305
оқылды
Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдап, облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективаларымен танысты.  Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір облыстың экономикасында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2, сауда – 103, құрылыс  1 14,3 пайызға артқан. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалуға ниетті. Президент азаматтардың сенімін ақтау, сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысына әкімшілік-аумақтық реформалардан кейінгі жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, Алматы облысы мен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына өзгерістер енгізілетіні жөнінде ақпарат берілді. Әкімнің айтуынша, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм сияқты экономиканың инвестициялық тартымды секторларына ерекше көңіл бөлінеді. Марат Сұлтанғазиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс орталығын Қонаев қаласына көшіру жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар жөнінде есеп берді. Президент жаңа әкімге облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.