Шекара қызметі «Қордай» өткізу пункті арқылы Ыстықкөлге баратын туристік автобустардың кедергісіз өтуін қамтамасыз етпек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы туроператорлар мен жауапты ведомство өкілдерінің кездесуін ұйымдастырды. Кездесу барысында туристік топтарды жедел өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Келісімге сай туроператорлар Шекара қызметіне трансферлік көлік және туристер саны, олардың шекараға келу уақыты туралы ақпаратты алдын ала жібереді. Осыдан кейін туристер шекарадан арнайы жолақ арқылы өтеді.
«Әзірге үлкен туристік автобустар бойынша ғана келісім бар. Кәсіпкерлер палатасы жолаушы микроавтобустарын тез өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл микроавтобустар үлкен автобустарда орын қалмағанда жұмылдырылады, – деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Туризм департаменті директорының орынбасары Елена Михнова.
Сонымен қатар қырғыз шекарашыларымен туристік автобустардың Қазақстанға кіруі үшін жеке жолақ ұйымдастыру мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Атамекен» ҰКП осындай кездесуді Ресей Федерациясымен шекарада ұйымдастыруға ниетті.