Шұбаркөлде белсенді көмір өндіріледі
Шұбаркөлде белсенді көмір өндіріледі
1,062
оқылды
ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ коксхимиялық цехының базасында белсендірілген көмір өндіретін зауыт іске қосылды. Өндірістік кешен жылына 1 000 тоннаға дейін өнім шығару қабілетіне ие. Бұл зауыттың ТМД аумағында баламасы жоқ.
– «Шұбаркөл көмір» АҚ-да өн­дірісті әртараптандырудың бі­рінші кезеңі 2006 жылы спецкокс өнді­ретін зауытты іске қосудан бас­­­тал­ды. Арнайы кокстың ұсақ­та­рынан белсендірілген көмір алу – әртарап­тандырудың екінші кезеңі. Біз қо­сымша құны көмір құнынан екі есе жоғары өнім шығаратын боламыз. Мұндай жоғары техно­логиялық өн­дірісті іске қосу бүгін­де өзекті бо­лып тұр, – дейді «Шұ­баркөл кө­мір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов.
«Шұбаркөл көмір» АҚ коксо­хи­миялық цехының базасында спе­ц­кокстың ұсақтарынан белсенді­рілген көмірдің тәжірибелік-өнер­кәсіптік өндірісін құру идеясын Шұбаркөл мамандары ойлап тап­қан. Олар бұл жобаны ERG иннова­торларының I форумында қорғап, жеңімпаз атанған болатын.
– Әрі қарай идея ERG-дің ғы­лыми-зерттеу инжиниринг орталы­ғының (ҒЗИО), Шұбаркөл көмір мамандарымен және бірнеше елдің ғалымдарымен бірлесе пысық­тал­ды. Осылайша, Шұбаркөл көміріне арналған жоғары технологиялық және сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндік беретін бірегей техноло­гияны әзірлеп, енгіздік, – дейді ERG-дің ҒЗИО басқарма төрағасы Сергей Опанасенко.
Өндірісте белсендірілген көмір жиі қолданылады. Ал бізде жылына 7 мың тоннадан астам белсен­ді­рілген көмір Қазақстанға шетелден жеткізіледі.
– Шұбаркөл белсендірілген көмірінің негізгі артықшылығы – шикізат ретінде арзан кокс ұсақта­рын және қазір жағылып жатқан энергия тасымалдаушы ретінде кокс газын пайдалануға байла­ныс­ты оның өзіндік құны төмен. Бұл өн­­ді­ріс қалдықтарын кәдеге жара­тудың өте маңызды проблемасын шешуге сеп, – дейді коксохимиялық өнді­рі­сінің басшысы Сабыржан Иманбаев.
Сонымен қатар осы технология бойынша алынған белсендірілген көмірдің құны негізгі бәсекелес­терге қарағанда 1,5-3 есе төмен бо­лады. Белсендірілген көмірдің үлгі­лері барлық қажетті зертха­на­лық сынақтан өтті. Жобаны сәтті енгізу кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақ­станда отандық өндірушілер шы­ға­ратын өнім үлесін арттыруға мүм­кіндік берді.

Қарағанды облысы