Еліміз 1998 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында бірінші болып зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалады. Себебі тәуелсіздік алған сәттен бастап, зейнетақы реформасына дейін Қазақстанда Кеңес Одағынан мұра болып қалған үлестіруші немесе ортақ зейнетақы жүйесі қолданылып келген еді. Үлестіруші жүйенің басты қағидаты – ұрпақтар ынтымақтастығы, яғни жұмыс істейтіндер есебінен зейнеткерлер зейнетақымен қамтамасыз етілетін.
Ал жинақтаушы жүйеде зейнетақы қаражаты жұмыс істейтін әрбір азаматтың ай сайынғы аударатын тұрақты жарналарынан құралып, түрлі қаржы құралдарына инвестицияланған соң алынған табыспен бірге құрметті еңбек демалысына шыққан кезде зейнетақымен қамсыздандыру үшін пайдаланылады.
2013 жылдың 22 тамызында жұмыс істейтін әрбір азаматтың айлық табысының он пайызы мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарнасын есепке алатын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы құрылды.
Қазіргі тәжірибелерге сүйенсек, Қазақстанда қарт тұрғындардың үлесі өсіп келеді. Салдарынан болашақта әлеуметтік қолдау деп аталатын коэффициент төмендеп, сәйкесінше бюджет есебінен қарттарды зейнетақымен қамтамасыз етуді жалғастыру қиындай түспек. Сондықтан көптеген адам келешекте жұмыс істеген кезеңде жинаған жинақтарына ғана иек артуға мәжбүр болады. Бірақ біз жас күнімізде қартайған шақтағы әлеуметтік жағдайымыз туралы бас қатыра бермейміз. Дегенмен зейнет жасы таянғанда өмір бойы төккен теріңе қарай лайықты зейнетақы алғың келетіні де ақиқат. Ал ол үшін еңбек етіп жүргенде тиісті жарналарды тұрақты әрі толық мөлшерде аудару керек. Өкініштісі, қайсыбір адамдар жарна мөлшерін азайту үшін жалақыларын әдейі азайтып көрсетеді...Осылайша, жеке жауапкершілікті ысырып тастап, қария шақта қолтықтан демеу болатын зейнетақы капиталы мәселесіне мән бермейді. Сөйте тұра, зейнетке шығар сәт жақындағанда жанталас күйге түсіп, БЖЗҚ-дан керемет тосынсый күтеді. Бірақ қаржы әлемінде ғажайып тарту-таралғы деген болмайды. Әр адам зейнетін бейнетіне қарай көреді.
Болашақ зейнеткерлерге кім қолдау көрсетеді?
2021 жылдың 1 қаңтарында ел халқының саны 18 879 552 адамға жетті. Демографиялық зерттеулер жас ерекшеліктеріне қарай 15 пен 24 жас аралығындағы тұрғындардың саны азайып кеткенін көрсетті. Бұл 1990-2000 жылдардағы бала туу деңгейінің күрт төмендеуінің салдарынан туындаған жағдай.
2050 жылға қарай БЖЗҚ-ның актуарлық есептеулері бойынша елімізде егде жастағы адамдардың үлесі 18,4% құрайды. Ал БҰҰ есебі бойынша нақ осы кезеңде әлемдегі қарттардың үлесі 20,1% болады деп күтілуде. Мәселен, 1990 жылдары туғандар 2050 жылы зейнет жасына жетіп, бұл топтағы азаматтар «демографиялық жаңғырықтың» бірінші толқынын құрайды. Тағы бір қызық дерек, 2050 жылы өмір сүру ұзақтығы артып, қариялар арасындағы өлім-жітімнің төмендеуі есебінен егде жастағы адамдардың саны ұлғаяды деген болжам бар. Мұны, әрине әлеуметтік жағынан алғанда жақсы жаңалық деп айтуға болар. Дегенмен 1990-2000 жылдар аралығында дүниеге келіп, қазір 20 мен 30 жас аралығындағы жастарымыз зейнетақы қамын осы бастан ойластырғандары абзал.
Халықтың қартаюы бюджетке салмақ
Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға қарай елімізде егде жастағы халық саны өседі. Яғни, еңбекке жарамды 25 пен 64 жас аралығындағы азаматтардың үлесі азаяды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қолдау коэффициентінің екі есеге дерлік төмендейтінін көрсетеді. Түсінікті тілмен жеткізсек, осы жылдары 65 жастан асқан 1 зейнеткерге еңбек жасындағы 3,64 адамнан келеді.
Экономистердің есебінше, тұрғындар арасында қарттар үлесінің артуы еңбек нарығына, экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз етуде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеменің артуына тікелей әсерін тигізеді. Бұл мәліметтерді ескерсек, алдағы онжылдықтарда еліміздің жоғарыда атап өткен қиыншылықтарға ұшырауы мүмкін екенін байқауға болады.
БҰҰ болжамы бойынша, мұндай жағдай тек Қазақстанды ғана емес, әлемнің көптеген елін күтіп тұр. Сондықтан зерттеушілер бүгінгі жастар – болашақ зейнеткерлердің алдағы қария шақта қамсыз тіршілік кешулері үшін қаражат жинақтауды қазірден бастап ойластырулары керек екенін тағы бір рет еске салады.
Бірде оң, бірде теріс
Жұртшылықтың басым бөлігі қарттық кезең түгілі алдағы бір-екі жыл көлемінде қалай өмір сүретіндерін ескере бермейді. Жастық күш-қуат, еңбекке қабілеттілік мәңгілік мызғымас қалпында қалатындай алаңсыз ғұмыр кешеді. Бүгінгі күннің күйбең тіршілігінде жинаған ақшасының жай-жапсарына, қаржылық сауаттылық, жоспарлау мәселесіне көңіл аудармай жатады. Сондықтан олар нарықтың құбылмалығы немесе доллар бағамының өзгеруі салдарынан инвестициялық кірістің өзгергені туралы ақпаратты көргенде ғана үрейге бой алдырып, тиісті мекемелерден түсініктеме беруді талап етеді. Мамандардың айтуынша, мұның жақсы жағы да бар. Өйткені дәл осындай сәтте көптеген азамат аз мөлшерде жарна аудару арқылы қомақты зейнетақыға үміт арта алмайтындарын, яғни, жарналарды көбейту жолдарын іздестіру керектігін нақтырақ түсінеді. Ал инвестициялық кіріс тікелей сол жарналардың мөлшеріне байланысты. Ендеше инвестициялық кіріс дегеніміз не?
– «Зейнетақы активтері құны өзгеріп отыратын әртүрлі қаржы құралына инвестицияланады. Нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түсетін кіріс белгілі бір кезеңде оң және теріс болуы мүмкін. Инвестициялардың шамамен 2/3 бөлігі теңгеге, 1/3 бөлігі шетел валютасына тиесілі. Шетел валютасындағы инвестицияның басым бөлігі АҚШ долларымен көрсетілген. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтерінің бір бөлігі ретінде инвестициялық кірісте көрініс табады. Кейде ұлттық валюта нығайса, кеудемізді қуаныш сезімі билейтіні ақиқат. Әрине, бұл дұрыс. Бірақ осы кезде зейнетақы шотыңыздағы инвестициялық кірістің мөлшері азаюы мүмкін. Ал доллар бағамы көтерілсе, өсуі мүмкін», – дейді бұл жайында БЖЗҚ мамандары.
Осыған нақты мысал ретінде биылғы жылдың басындағы теңге мен АҚШ доллары арасында болған айырмашылықты келтіруге болады.
Мәселен, 2022 жылдың қаңтарынан наурыз айының басына дейін теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 431 теңгеден 495 теңгеге дейін әлсіреді. Одан кейін наурыздың ортасында доллар 512 теңгеге дейін көтерілді. Осылайша, апта сайын зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау жүргізіліп, Қор салымшыларының жеке зейнетақы шоттарында айтарлықтай оң инвестициялық кірістер байқалды. Алайда ұлттық валюта бағамының нығаюына байланысты соңғы кездері салымшылардың шоттарына есептелетін инвестициялық өсімнің біршама төмендегені де белгілі.
– Айта кетерлік жәй, зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және айдың соңғы күнінде жүргізіліп отырады. Қордағы ақшасының инвестициялық жағдайын қадағалаған салымшылар осы аралықта біршама өзгерісті байқады, – дейді БЖЗҚ сарапшылары.
Бұл ретте сарапшылар зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді инвестиция болып табылатындықтан, инвестициялық кірісті кем дегенде бір жыл мерзімге талдау керек екенін ескертеді. Шынында да, қысқа мерзімді деректер нақты көрсеткіш емес, олар нарықтағы әртүрлі жағдайға байланысты өзгеріп отырады.
Инвестициялық табыс инфляциядан жоғары
Инвестициялық кірістің қысқа мерзімді төмендеуі туралы ақпарат салымшылар арасында дүрбелең тудырып жатады. Бұл көбіне олардың зейнетақы шотындағы жағдайды ай сайын бақыламауы салдарынан болады. Әрі БЖЗҚ-ның ай сайын беретін дәстүрлі есебінен кейін де жұртшылық мәселенің мән-жайын анықтау үшін кәсіби мамандардан кеңес алуға асықпайды. Есесіне олар көрші-қолаң, тамыр-таныстарымен бірге әлгіндей «жаңалықтарды» белсенді түрде талқылайды. Дәл осы тұста халық арасында «ақша құнсызданып, инфляция табыстылықтан асып барады» деген сөз де желдей есіп тұрады. Ал іс жүзінде не болып жатыр? Шындығында, соншалық дүрлігуге себеп бар ма? Оны білу үшін салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына бөлінген 2021 жылғы таза инвестициялық кірістің көлеміне назар аударған жөн.
Алматы