Шалғай ауылдың балалары үшін IQanat республикалық оқушылар слетінің аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара аясында оқушылар елордадағы Назарбаев университетінде жоба қамқоршыларының бірі, BI Group холдингінің басқарма басшысы Айдын Рахымбаевпен кездесті.
Мотивациялық кеште Айдын Рахымбаев 752 оқушыға жігер сыйлады.
«Ауыл баласы ол кезде әлемдік оқу орнында оқимын деп үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Мүмкін емес деп ойлайтын едім. Бірақ қалауын тапсаң, қар жанады екен. 35 жасымда ағылшын тілін үйренуді қолға алып, 40-тан асқанда ғана Гарвардқа түсуді жоспарладым. Тек 47 жасымда ғана сол оқу орнына түстім», – деді ол. Сондай-ақ ол оқушыларға жауапкершіліктің мән-маңызын да түсіндірді.
«Жауапкершілік жүктелген тапсырманы орындаумен шектелмейді. Жауапкершілік – біреуге сіңірген еңбегің емес, өзіңнің алдыңда абыроймен атқаратын міндет» екенін жеткізді. Осыдан соң оқушылар тарапынан «Оқушы күніңізде жауапкершіліктен жалтарған кезіңіз болды ма?» деген сұрақ қойылды. «Ондай оқиғалар жетіп артылады. Оқушы кезімде талай бұзықтық жасадық. Бір күні мектепке ерте келіп, бор жазылмас үшін балауызбен тақтаны жақсылап боядым. Мектептегі ең қатал мұғалімнің сабағында осындай әрекетке барғаным бар еді. Сол күні сабақтан алып қалып, оңбай таяқ жедім. Қайнаған сумен бірнеше сағат бойы тақтаны жуып шықтым», – деді бала күндегі естелігімен бөліскен Айдын Рахымбаев.
Кездесу соңында Айдын Рахымбаев ауыл баласының да қала баласымен қатар біліп алып, әлемді бағындыру үшін осындай қор ашуды қолға алғанына еш өкінбейтінін жеткізді. Айта кету керек, IQanat республикалық оқушылар слеті IQanat қорының бастамасымен өткізіледі. Қор Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы ауыл мектептерінің оқушылары үшін жыл сайын IQanat республикалық олимпиадасын ұйымдастырады. Қор өз жұмысын алғаш 2017 жылы бір облыстың 6-7 ауданындағы балалар арасында олимпиада ұйымдастырумен бастаған. Биыл олимпиадаға Қазақстанның 164 ауданынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан балалар қатысты.
IQanat қорының атқарушы директоры Кәмила Башарованың сөзінше, IQanat High School мектебінің алға қойған мақсаты – білім ошағында оқыған әрбір азамат өскенде өзі секілді тағы бір баланың лайықты білім алып, жоғары жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін мейірімділік эстафетасын қалыптастыру. Себебі халықаралық зерттеулерге қарасақ, ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан ауыл балаларының көкжиегін кеңейтіп, қамқорлық таныту керек.
Зияткерлік жарыстың бірінші кезеңі, аудан деңгейінде іріктеуден басталады. Олимпиада 1қыркүйектен басталады. Бірінші кезеңде балалар үш блоктың бірінде бейімділікті анықтау үшін барлық пән бойынша тест тапсырады. Оның ішіне математика, физика, химия, биология, қазақстан тарихы, география, дүниежүзі тарихы бар. Екінші кезеңде облыс деңгейінде өтеді, онда бірінші кезеңге қатысқан оқушылардың тек 25 пайызы ғана бақ сынап, осы алғашқы сатыда ең көп балл жинаған пән бойынша тест тапсырады. Биыл оқу жылында олимпиадаға республиканың түкпір-түкпірінен жиналған ауыл мектебінің 37 мыңға жуық қазақстандық оқушы қатысып, оның 7,6 мыңы ғана екінші кезеңге өткен. «Ақтық сында тек 752 бала бақ сынайды. Соңғы сынақта сүрінбеген үздік 100 бала ғана IQanat High School of Burabay-да оқуға мүмкіндігі бар», – деп отыр Кәмила Башарова.