Шымкентте жекеменшік мектеп ашқан директор жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы жалған есеп жүргізіп, бюжет қаржысын қалтаға басқан, – деп хабарлайды «Хабар 24».
2019-2020 оқу жылында мыңдаған оқушыны тіркеп, жеңіл жолмен ақша тапқысы келгендердің қатарында Білім басқармасының екі қызметкері бар. Олардың бірі өз ісіне салғырттық танытса, екіншісі жемқорлыққа жол бергені үшін 3 жылға сотталды.
Ал жекеменшік мектептің құрылтайшысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Әл-Фараби аудандық соты мемлекет қазынасына 123 миллион теңге шығын келгенін айтады.
Еркебұлан Төлешов, әл-Фараби аудандық сотының төрағасы:
– Айкөзов Білім басқармасының бас маманы бола тұра, Дүйсенқызынан 2 миллион теңге пара алған. Оқымаған оқушыларға оқыды деп қол қойған. Ал Білім басқармасы басшысының орынбасары Текебаеваға үкім Қылмыстық кодекстің 371-бабы (салғырттық) бойынша шықты.