Теңге-рубль бағамы ажырап жатыр – Расул Рысмамбетов
Теңге-рубль бағамы ажырап жатыр – Расул Рысмамбетов
1,136
оқылды
Сонымен, ұзақ жылдар бойы ең бір тұрақты деп саналып келген рубль бағамы осы аптада күрт өсіп, 8,54 теңгеге бір-ақ жетті. Мамандар мұн­дай жағдай елімізде бірінші рет болып тұрғанын айтады. Өйткені ұзақ уақыт тұрақты келген валюта бағамының арақатынасы сетіней бастады. Енді ол одан әрі ыдырай беруі мүмкін. Ал Ұлттық банктің өзі мұны біздің валютаға тікелей қатысы жоқ өте нәзік факторларға байланысты деп түсін­діріп отыр. Қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов ендігі жерде дәс­түрлі шаралармен шектеліп қалуға болмайтынын айтады. –  Расул Ибрагимұлы, соңғы уақыттардағы екі ел арасындағы өзгерістер қаржы саласына да жетті, соның ішінде валюта бағамына әсер етіп отыр. Оны қалай бағалауға болады? –  Менің ойымша, бұл жерде бұған дейін тұрақты бір бағам бойынша ұзақ жылдар байлаулы болып келген екі валютаның бір-бірінен ажырау процесі жүріп жатыр. Ал бағамның ажырауы деге­німіз не? Оны былай деп түсіндіріп көрейін. Біз осы уақытқа дейін теңге-рубль бағамын олардың дол­ларға шаққандағы бағамын алып, олардың бір-біріне арақатынасын анықтап, соған сәйкес шығаратын едік. Ал қазір жағдай өзгерді. Ресейде санкцияға байланысты импорт күрт азайып кетті. Бірақ, экспортпен валютаның келу ағыны көбейе түсті. Еуропаға «рақмет», олар сол баяғыша еуромен есеп айырысуын белсенді түрде жалғас­тырып жатыр. Ресейдің өнімдерін сатып алып жатқан басқа елдер доллармен есептеседі. Сондықтан да көршімізде бүгінде валютаның өте үлкен көлемі қордаланып қалды. Оны олар ешқайда жұмсай алмай отыр. Сол себепті ондағы долларға қатысты валюта бағамы елдің өз ішінде оқшауланған күйде түзілді де, теңгемен бағамын анықтауда әсер етті. Бұл –  бірінші мәселе. –  Олай болса, теңге неге әлсіреп кетті? –  Бұл –  екінші мәселе. Теңгенің рубльге деген бағамы, ол –  қашанда екі ел арасындағы сауда айналымы­ның қатынасынан шығатын дүние. Олар бізге қанша тауар сатты, біз Ресейге қанша тауар саттық деген сияқты. Міне, осы баланстан біз бағамды анықтаймыз. Бұл –  екі валютаның доллар бағамындағы ара­қатынасын салыстырудан кейінгі екінші айқындау әдісі. Біз дұрыс сауда-саттық жасап жатыр­мыз ба, өз-өзімізге шығын тарт­тырып, сауда жасап жатқан жоқпыз ба, соны анықтауға арналған тексеру. Әйтсе де, қазақстандық банктер жыл басында, яғни наурыз, сәуір, мамыр айларында кішкене бағамдай алмай қалды да, рубльді қабылдауын жалғастыра берді. Тіпті, ресейліктерді сол кезде валюта айырбастау комиссиясының арагідік 15 пайызға дейін жеткені де тоқтата алмады. Олар ештеңеге қарамастан, қымбат комиссияны да төлеуге дайын екенін көрсетіп, біздің елге келіп қолма-қол рубльді теңгеге, оны долларға айырбас­тауды белсенді түрде жүзеге асырды. Соның нәтижесінде, біздің елімізде әртүрлі бағалаулар бойынша 10-нан бастап 30 мил­лиард рубльге дейін Ресейдің қол­ма-қол ақшасы жиналып қалды. Бұл аса жақсы жағдай емес. Бірақ болған нәрсе болды. –  Енді не істеу керек? Жаңа бағамдық ажырау жүріп жатыр дедіңіз. Ол жақсы ма, жаман ба? –  Әуелі біздің Ұлттық банк пен Ресейдің Орталық банкі екі валюта арасында қандай бағам болуы керек деген ортақ түсінік орнатуы керек. Біздің Ұлттық банк Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, еліміз үшін, қазақстандық компаниялар үшін қандай бағам тиімді екенін түсінуі қажет. Өйткені қазіргі болып жатқан өзгерістер Қазақстанға аса тиімді емес. Біздің импортымыздың 40 пайызын Ресейден келетін тауарлар құрайды. Оның тең жартысы азық-түлік. Бұл өте жаман жағдай, біз өз-өзімізді асырай алмай отырғанымызды білдіреді. Сондықтан осы ахуалды түзеп алмай, валюта бағамын рет­теуде бір мықты тетікке ие боламыз деу қиын. Ол үшін біріншіден, импорттық тауарлардың басқа елдерден баламаларын іздеу керек. Екіншіден, өзіміз өндіруіміз керек. Үшіншіден, неде болса Қазақстанда рубльді долларға айырбастау ко­мис­сиясын қымбаттатуға тиіспіз. Өйткені біздің банктер бұл жағ­дайда қалай болғанда да қауіп-қатерге ұшырап тұр. Бұл тұста банктердің осы рубль­дерді Ресейден импорт сатып алуға жұмсаймыз деген уәжі де орынды. Бірақ ол рубльдерді жинай беруге де болмайды. Сондықтан да менің ойымша, Ұлттық банктің, Ұлттық экономика министрлігінің, Эко­номикалық зерттеулер институты­ның, Қаржылық реттеу агенттігінің өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құру қажет. Олар арнайы отырыс өткізіп, біз үшін қандай бағам тиімді екенін анықтауы тиіс. Өйткені біз мұндай жағдайға бірінші рет душар болып отырмыз. Сондықтан да мұндағы бағамның ажырауына нақты бір сөзбен анықтама беру қиын. Ол енді тоқтай ма, оны да айта алмаймын. Мәселен, мен сонау наурыз айында осының бәрі енді-енді басталған кезде рубльді қабылдауды азайтуды ұсынған болатынмын. Себебі рубль не үшін керек екендігін түсіне алмай отырмын. Ол бүгінде конвертацияға жатпайтын валюта болып саналады. Рубльді тек Ресейде ғана айырбастауға болады, онда да тек қана қолма-қол емес ақша түрінде, оның үстіне валюта айырбастау комиссиясы да тым қымбат. Тағы бір тиімсіздігі, қолма-қол емес ақша түрінде жұмсайын десең, ресейлік банк карталары Ресейден тысқары жерде, яки Батыс елдерінде жүрмейді. Ендеше, комиссия құрған күннің өзінде де бұл мәселені нақты қалай шешуге болатыны жөнінде менің ешқандай да ұсынысым жоқ. Бұл уақыттың еншісіндегі мәселе. –  Әңгімеңізге рақмет!