Fly Arystan әуе компаниясы Түркістан қаласынан Бішкекке жаңа халықаралық рейсті іске қосты. Нұр-Сұлтан-Бішкек тікелей рейсі Airbus-320 әуе кемесімен аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері орындалады.
Алғашқы рейсте-ақ коммерциялық жүктемесі 60 пайыздан асқан. Екі сағаттай уақытта ұшақ Бішкек қаласының Манас аэропортына жеткізеді. Негізі Нұр-Сұлтанның өзінен аптасына түрлі компанияның алты рейсі шығады. Ішіндегі ең қолжетімдісі – 23 маусымнан басталған Fly Arystan әуе компаниясының рейсі. Билеттер агрегаторларда, қосымшада және лоукостердің ресми сайтында сатылымда бар. Құны 14 900 теңгеден басталады. Оған борттағы кездейсоқ орын және салмағы бес килограмм қол жүгі қосылған.
Жолаушылардың бірі Айжамал апа арзан бағада мұндай рейстің ашылғанына қуанышты. Айтуынша, жиендерін көруге Бішкекке жылына екі-үш рет барып тұрады.
– Өзім ақтаулықпын, қызым қырғызға тұрмысқа шыққан. Қазір үш жиенім бар. Кішкентайларды сағынамын, сол себепті ара-арасында барамын. Көбіне Ақтаудан пойызға отырып, екі күн 10 сағат жүреді. Әсіресе, күннің осындай ыстығында мазаң кетеді. Рейс ашылғанын естіп, қуандым. Ақтаудан астанаға екі сағатта ұшып келдім. Әуежайдан бір шәйімді ішіп алдым да, енді Бішкекке ұшпақпын, – дейді Айжамал апа.
Сонымен қатар маусым-шілдей айлары – демалыс кезі. Бішкекке жол тартқанның көбісі Ыстықкөлге демалуға бара жатқандар. Демалушылардың бірі – Алма.
– Арзан әрі қолжетімді бағамен Ыстықкөлге барып келуге болатынын білгенімде, билетті бірден сатып алдым. Бір өзім емес, бүкіл ұжым бара жатырмыз, дейді ол.