Алматы әкімдігі Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның мерейтойлық концертіне 111 млн теңге бөлуді жоспарлап жатыр. Бұл туралы Facebook парақшасында Ерлан Нұрпейісов есімді азамат жазды.
Оның айтуынша, Алматы әкімдігінің Мәдениет басқармасы осы жылға арналған бюджет жобасында Роза Рымбаеваның есеп беру кешіне 111 млн теңге бөлмек.
“Билеттер әдеттегідей сатылымға шығарылып, әкімдік жарнама және концерт өтетін орынды тегін ұсынып, неге коммерциялық кеш өткізілмейді? Егер әкімдік халықтың қаржысымен концерттің барлық шығынын жапқысы келсе, ашық тендер өткізіледі деп үміттенемін, өйткені тек дыбыс пен жарықтың өзіне 46 млн теңге жұмсалмақшы”, – деп жазды ол.Сондай-ақ кешті жарнамалау үшін 17 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр.
“Егер әкімдік барлық шығынды көтеретін болса, жарнамаға неліктен мұнша қаржы жұмсалуы керек? Коммерциялық инвестициялар болмаса, кіріс күтудің де қажеті жоқ па? Әлде билеттер сатылымға шығарыла ма? Егер сатылатын болса, түскен ақша кімнің қалтасына түседі?”, – дейді ол.