Қарасораны шапқан дұрыс па, әлде сатқан ба?
Қарасораны шапқан дұрыс па, әлде сатқан ба?
1,941
оқылды
Бүгінде есірткі бизнесі десе, ең бірінші Шу өңірі еске түсетіні анық. Жамбыл облысының картасында жалпағынан жатқан бұл өлкеге есірткі шөбі ертеде қолдан егілген екен. Тамыры бірден жер тартып кеткен қарасора байлауға көнбей, қазіргі таңда ауқымы 24500 гектар жерді алып жатыр. Өсімдіктің гүлдейтін шағында Шуға заңсыз есірткі тасымалдау­шылар лек-легімен ағылатыны тағы белгілі. Осыған орай биыл 1 маусымнан басталған «Қарасора» жедел алдын алу шарасы аясында ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. 6 айда 800 келі есірткі тәркіленді Қатаң бақылауды қажет ететін аймақта бүгінде қарасораның көзін құрту үшін Жамбыл облыстық Полиция департаменті білек сыбана кіріскен. Депар­тамент­ке қарасты Есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл басқар­ма­сының қызметкерлері Шу ау­да­нының 5 гектар жер аумағында 1 тонна 781 келі сора тұқымдас өсімдікті шауып, өртеген. Сон­дай-ақ «Қарасора–2021» респуб­лика­лық жедел алдын алу іс-шара­сын өткізу барысында атал­ған басқар­ма 27 жастағы шулық азаматтан 60 келі 440 грамм «кан­набис өсімдігі» және 103 келі 240 грамм «кептірілген марихуана» есірткі затының 10 қабын тәркіле­ген. Сонымен қатар былтыр заңсыз айналымнан 3 тонна 293 келіден астам, оның ішінде 800 грамм героин, 103 келі гашиш, 3 тоннадан астам марихуана секілді түрлі есірткі заттары көлеңкелі сатылымнан шығарылған. Бұдан бөлек, 550 гектар аумақта жер жырту, шабу және өртеу жолдары­мен 40 тоннадан астам жабайы қарасора жойылған. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Арнайы жоспар жаса­лып, Жамбыл облысының құмды аймағынан есірткі заттарын шы­ғару арналарын жабу үшін 6 жыл­жы­малы мобильді бекет қойыл­ған. Сондай-ақ биылдан бастап алғаш рет жедел алдын алу іс-шара­сы барысында жабайы қарасора қарқынды өсетін аумақ­тарды қашықтықтан зерделеу­ді жүзеге асыру үшін Қорғаныс ми­нистрлігі мен «Қазақстан Ға­рыш сапары» акционер­лік қо­ғамы­ның пилотсыз ұшу аппарат­тары тартылуда. Есептік кезеңде облыстық Полиция департаменті қызмет­кер­лері 800 келіден астам есірткі заттарын анықтап, тәркілеген. Ал бұл – өткен жылдың осы кезеңі­­мен салыстырғанда 612 келіге артық көрсеткіш. Апта бұрын Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қыз­мет­­кер­лері жедел іздестіру іс-шара­ларын жүргізу барысында Шу ауданы Ақтөбе ауылынан 12 ша­қырым жердегі «Баусасық» құмды айма­ғында 43 жастағы жергілікті тұрғын­ды құрықтаған. Тексеру барысында одан жалпы салмағы 194 келі «каннабис өсім­дігі», 4 келі 800 грамм «кептірілген мари­хуана» және 4 грамнан астам «каннабис шайыры» есірт­кі заты табылған. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, қазіргі уақытта ол Шу қаласының уа­қыт­ша ұстау изоляторына орна­ластырылған. Көрші елден үйренеріміз көп Облыстық Полиция департа­мен­тінің бастығы Арман Баймур­зиннің айтуынша, сала маман­дары қазір есірткі тасымалдау жолдарын бұғаттап қана қоймай, оның жаңа түрлерін шығару­шы­лармен де күресуде екен. Ол үшін егістіктер, тасжол және теміржол жиектері, бау-бақшалар мен қой­ма­ларға дейін тінтіп жа­тыр. Сон­дай-ақ малды ауылдар­дағы мал­шы­лардың қорасы да қаралуда. Жасыратыны жоқ, мұндай тінту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Осыдан екі-үш жыл бұрын есірткі шөбін басып алып бара жатқан бірен-саран көлік­ ұсталғанын естісек, қазір апта сайын малшының үйінен бастап, тұрғын үйдің қоймасынан ондаған келі есірткі шөбі анық­талғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Демек, құрылымдық сала қыра­ғылық танытуда деген сөз. Алайда осы есірткі шөбіне жылда қыруар қаржы бөліп, шабу қажет пе? Егер есірткі шөбін кәдеге жаратудың жолын тапсақ, заңсыз тасымал­даушылармен де күресу қажет болмас еді. Бұған дейін айтыл­ғандай, қарасорадан қағаз жасау­дан бастап, құрылыс материал­дарының да түрлерін шығаруға болады. Мәселен, Ресей мен Финляндия мемлекеті ағаштан, Қытай мен Тайланд бамбуктен қағаз жасап жатса, неге бізге мыңдаған гектарды алып жатқан қарасорадан қағаз шығармасқа? АҚШ-тың доллары да осы қара­сорадан жасалады деген дерек бар. Бір жылдары өзіміздің отан­дық мамандар да «теңгені осы қарасорадан жасау керек» деген бастама көтерді. Одан бөлек, қарасораның майын емдік мақсат­та да пайдалануға бола­тыны көп айтылып жатыр. Ғалым­дар­дың сөзіне сенсек, қарасора­ның майын ішкеннен кейін адамның иммунитеті көтеріледі екен. Ал одан жасалған кос­метикалық бояулар көп уақытқа дейін өз сырын кетір­мейді. Ресей ғалымдары осы ба­ғыт­тағы зерттеу жұмыс­тарын күшей­тіп, қазір қара­сораны ме­ди­циналық мақсатта қолдануға болады деген байламға келіп отыр. Сол себепті үш бірдей зауыттың жұмысын жолға қойған. Талқыға емес, ақылға салатын кез келді Ал Қазақстанда қарасора қылмыстық жаза арқалайтын жол ретінде қаралуда. Естеріңізде болса, 2004 жылы Қазақстан-Германия біріккен кәсіпорны құрылып, Шу алқабындағы қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар шығаруды жоспарлаған. Алайда ауқымды бастама аяқсыз қалды. Кейіннен Парла­мент Мәжілісінде бұл мәселе көтеріліп, «Kagaz Shahary SEZ» серіктестігінің дирек­торы Максим Скрынниктің бас­тама­сымен Алматы және Түркіс­тан облыстарында 40 гектар жерге қарасора егілді. Құрамында есірткісі жоқ 100 күнде өсіп шыға­тын қарасораның бұл түрінен өндіріске қажетті 25 мың түрлі зат алуға болады деп көзделді. Алайда бұл өндірістің бүгінде өрістеп жатқаны бай­қалып тұрған жоқ. Бәлкім оған шикізат тапшылығы себеп болған шығар. Сондықтан қарасора өндірісіне бүгінде таптырмайтын орын – Шу өлкесі екені анық. Шикізат қорынан еш қиналмай­сың. Тіпті, қарасораны жергілікті тұрғын­дар­ға жинатып, халықты да жұ­мыс­­пен қамтуға болады. Ал зауыт салуға инфра­құрылымы жүр­гізіліп қойылған «Тараз» химия­лық паркі» арнайы эко­номикалық аймағы сақадай сай дайын тұр. Тек тірліктің теті­гін табу керек. Ол үшін, әрине, ғалым­дардың ба­сын қосып, тара­п­­тардың ұсы­нысы мен жобаларын тыңдаған жөн. Лайықты жоба анық­тал­ғаннан кейін оны қаржы­лан­дыру қиынға соқпас. Ал бұл өндіріс орнының өніміне өз елімізден бөлек, сырт мемле­кет­те де сұра­ныс орасан болатыны­ даусыз. Әрі қажетті шикізат ту сыртыңда тұрғандықтан кәсіп­орын жұмы­сын бір сәтке де тоқ­та­тпауға бола­ды. Елімізде онсыз да көп це­мент, қант, кірпіш зауыт­тарын сала берген­ше неге тың кәсіп түріне көңіл бөлмеске? Оның көзін жоюға жылда қыруар қаржы бөлгенше неге экономика­лық тұрғыда тиімді пайда­ланбас­қа? Осы мәсе­ле­ні билік басын­дағы­лардан талқыға емес ақылға салып, бір шешім шығаратын кездері жеткен сияқты...

Жамбыл облысы