Әскерге барудан қашқан колледж студенттерінің видеосына министрлік түсініктеме берді
Әскерге барудан қашқан колледж студенттерінің видеосына министрлік түсініктеме берді
Фото: tengrinews.kz
Қорғаныс министрлігі колледждерде түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді.  Видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Видео мәтінінде техникалық колледжде диплом қорғау кезінде студенттерді әскери комиссариат қызметкерлері алып кетпек болған делінген. Қорғаныс министрлігі мәліметінше, әскери қызметке шақыруға жататын азаматтар жергілікті басқару органының шақыру қағазы бойынша келуге міндетті. Шақыру қағазын жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері азаматтың жеке өзіне немесе жұмыс, оқу орнының ұйым басшысына тапсырады.
«Бұл оқиға осыдан шамамен 10 күн бұрын болған. Оның неге соңғы бірнеше күнде бұлай тарап кеткенін білмейміз. Біз ол әскерге шақырылған жастар мен олардың ата-аналарымен сөйлестік. Олар диплом алып жатқан түлектер. Сондықтан олар оқуды аяқтаған болып саналады. Тиісінше медициналық тексерістен өту үшін келуге міндетті. Оларды әскери комиссариат қызметкерлері күштеп әкетпейді. Тек оларды медициналық тексеріске шақырған», - деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, студенттер арасында алдын ала оқу орнының басшылығымен келісілген түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау үшін медициналық комиссияға шақыру қағаздары тапсырылады.