Қазақстан экономикасын қолдайтын тікелей инвестициялар қоры таныстырылды
Қазақстан экономикасын қолдайтын тікелей инвестициялар қоры таныстырылды
Astana Finance Days 2022 қаржылық конференциясы аясында Қазақстандағы «Шеврон Мұнайгаз Инк.» тікелей портфельдік инвестицияларды іске асыру мақсатында «Астана» Халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) құрылған Chevron Direct Investment Fund жеке компаниясын таныстырды. Chevron Direct Investment Fund жеке компаниясы өз қызметін 2021 жылғы 11 қазанда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында 248,5 млн АҚШ доллары сомасында инвестиция құю қорын құру туралы Өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес жүзеге асырады. Құрылған компанияның миссиясы ақпараттық және цифрлық технологиялар, қоршаған ортаны қорғау, мұнай-газ саласына тауар өндіру және қызмет көрсету сияқты әртүрлі салалардағы жергілікті коммерциялық кәсіпорындарға инвестиция салу арқылы Қазақстан экономикасына қолдау көрсету. Компания жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпорындарды дамыту, тәжірибе мен технологияны алмасу арқылы жергілікті қамтуға инвестиция құюды жоспарлап отыр.
«Біз инвестициялық жобаларға қойылатын нақты критерийлері мен талаптары бар және де жобаларды іріктеу процесі тиімді ұйымдастырылған «Шеврон» компаниясының тәжірибесі мен сараптамасы – қазақстандық кәсіпкерлер әлеуетінің өсуіне және тартымды бизнес-жобалардың дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз», – деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
«Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің Қаржы жөніндегі бас менеджері Дэймон Торнбергтің айтуынша, компания Қазақстанда қолайлы экономикалық кірістілік, ел экономикасына оң әсер ету, жобалардың Қазақстанның стартегиялық жоспарларына және «Шеврон» компаниясының коммерциялық және техникалық талаптарына сәйкестігі сияқты негізгі көрсеткіштерге сай келетін тартымды жобаларды инвестиция құю үшін қарастырып жатыр. 2021 жылғы желтоқсаннан бастап компанияның инвестициялық жобаларды қаржыландыруға өтініштерді қабылдайтын www.cdif.kz сайты жұмыс істейді.