Рухани келеңсіздіктердің алдын алу тетігі ретінде Ұлттық домбыра орталығын ашу қажет – Ерлан Саиров
Рухани келеңсіздіктердің алдын алу тетігі ретінде Ұлттық домбыра орталығын ашу қажет – Ерлан Саиров
©Sputnik
552
оқылды
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкімет отырысында Ұлттық домбыра орталығын ашуды ұсынды. Депутат бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған  депутаттық сауалында айтты. Ерлан Бияхметұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Рухани жаңғыру құндылықтары – біздің басты рухани бағдарымыз» деген сөзін басшылыққа ала отырып, ұлттық мәдениеттің маңызына тоқталды.
«Президент айтқан рухани бағдарымыз еліміздің ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, төл мәдениетінен нәр алатыны сөзсіз! Әрбір халықтың өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, халықтың жаны, ақыл-ойы, парасаты. Бүгінде қазақ руханиятына әлемнің түкпір-түкпірінен сан түрлі ақпарат құйылып жатыр. Салдарынан ұлттың тұтастығы мен салт-дәстүріне сызат түсіп, ел берекесі шайқала бастады», – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Осы ретте рухани келеңсіздіктердің алдын алудың бір тетігі ретінде Ұлттық домбыра орталығын ашуды ұсынды. Оның сөзінше, мұндай орталық – ұлттық өнердің барлық саласы шоғырланған дербес ұйым болуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ аталған орталықтың жұмыс істеу бағытына қатысты бірнеше нақты ұсыныс айтты.
«AMANAT» партиясы ұлтымыздың рухани әлемін сақтап дамытудың кешенді бағыт-бағдарын жасау қажет деп есептейді!
  1. Жаһандану процестері өзінің технологиялық жетістіктерімен қатар, ұлттық мәдени кодты коррозия жасайтын, халқымыздың тарихи санасына жат бағыттар әкелуде.
  2. Домбыра орталығы ұлттық игілігімізді терең ұлықтау арқылы, әсіресе жастар арасында осындай жат пиғылдан аулақ болудың алаңына айналуы абзал.
  3. Ұлттық домбыра орталығы қазақтың тереңнен келе жатқан мәдени брендін, салт-дәстүрін халықаралық деңгейде насихаттауға қабілетті, ауыл-аймақтан қазақтың жас таланттарын жия отырып, домбыра дүлдүлдерін тәрбиелейтін орынға айналуы қажет.
  4. Бүгінгі қым-қиғашы көп заманда өзіндік рухани кеңістікті, ұлттық болмысты сақтап, аялап, дамыту өте маңызды! Осынау кезеңде жастар, азаматтар дәстүрлі рух, нәр алатын рухани ұлттық пана рөлін атқаратын мекемелер құру мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды!
Мәселені шеше отырып,  заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймын», –  деді Ерлан Саиров «AMANAT»  партиясының фракция мүшелері атынан жолдаған депутаттық сауалда.