Атырауда бес жасар егіз қыздар 3-қабаттан құлап кетті
Атырауда бес жасар егіз қыздар 3-қабаттан құлап кетті
© newsroom.kz
2,857
оқылды
Атырау облысында 2017 жылы туған екі қыз бала терезеден құлап, түрлі жарақатпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, – деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті.  Оқыс оқиға 27 маусым күні кешкі уақытта болған. Оқиға кезінде қыздардың анасы көрші бөлмеде отырған.
«Сағат 22:10-да Полиция департаментінің жедел кезекші бөліміне Нұрсая ықшамауданында ересектердің қарауынсыз (анасы көрші бөлмеде болған) қалған екі егіз қыздың терезенің москитті торына сүйеніп тұрып, үшінші қабаттан құлап кеткені туралы хабар түсті», – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқарушылар қайғылы оқиғаның басты себебі, балалар аша алатын терезелердің дұрыс бекітілмеуі,  москитті тордың қауіпті екенін, балалар оған сүйенбек болғанда бірден құлап кететінін айтады. Сондай-ақ терезенің жанында бала көтеріле алатын тумба немесе орындық қойылмауы тиіс.
«Балалар әсіресе, ата-анасы жақын жерде болса қауіпті сезе бермейді: бір минутқа көзіңізді тайдырсаңыз, қиындық туындауы мүмкін! Бес жасқа дейінгі балалар (80% жағдайда) қауіпті жайтқа жиі тап болады», – деді ТЖД өкілдері.