Ротация кадрларды рәсуа етпей ме?
Ротация кадрларды рәсуа етпей ме?
2,478
оқылды
Қазақстанда ротациялау науқаны қызды. Қызық болғанда, оған та­раптардың ешқайсысының көңілі толмайды. Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов креслосына тамыр жайып кеткен мектеп директорларын ауыстырудың қарқынына қанағат­танбайтынын ашық мәлімдеп, оны тез аяқтауды талап етті. Бұл үрдісті директорлар да қатты сынауда. Ал ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңестері мықты басшымызды бер­мейміз деп жоғарыға шағымданып жатыр. Ротация саланы жайлаған бы­лық пен коррупцияның бетін ашуы мүмкін. Асыққан ротация ағаттыққа бастайды Жаңа оқу жылында оқушылар мүлдем басқа мектепке тап болғандай сезімде қалуы ғажап емес. Себебі еліміздегі жалпы орта білім беру мектептерінің көпшілігінде директоры өзгереді. Ал әр білім орда­сын­дағы бүкіл ұжым, педагогтар құрамы, қам­қоршылық кеңесі, тіпті ата-аналар комитеті көбіне директордың қалауына, әрі соның талабына қарай қалыптасатыны жасырын емес. Ол кетсе, жаңа директор төл командасын ала келуі мүмкін. Тиі­сінше, орынбасарлар, ішінара мұғалімдер өзгереді. Сондай-ақ бірқатар ата-аналар директордың ізімен өзге мектепке ауысуға тілек білдірген. Қазақстанда биылғы жылы мектеп директорларының әзірге тек 11%-ы ғана ротацияланған. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бұл көрсеткіштен түңіліп, оны тым төмен деп атады. Сон­дықтан ол аппараттық кеңесте өңірлерге – білім басқармалары басшыларына бұл жұмысты жеделдетіп, ротация науқанын 2022 жылғы 1 тамызға дейін тәмамдауды тапсырды. Әйтпесе, қыркүйекке дейін созса немесе одан кешіктірсе, бұл білім ор­даларының жаңа оқу жылына дайынды­ғына кесірін тигізеді. Оның соңы білім беру деңгейіне күрт төмендеуіне әсер етеді. Яғни, жас ұрпақтың білімі құлдырап, тағдырына залал келуі ықтимал. Сөйтіп, әу баста жемқорлықпен күреске, озық мектептердің тәжірибесін кең таратуға бағытталған ізгі шара ретінде жоспарланған ротация ақыр соңында елге зиян әкелуі мүмкін. Қазіргі кезде жекелерін қоса алғанда, республикада 7 474 мектеп бар. Министр­ліктің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың мәліметінше, барлық мектептің 6 299-ы – мемлекеттік. Яғни, олардың бәрінің директоры ертелі-кеш ротацияға ілігеді. Бұл ретте дәл қазір 1 240 директор 7 және одан көп жыл бір мектепті басқарады. Арасында 15-20 жыл отырған­дары жетерлік.
– 2022 жылдың басынан бері 220 мектеп директоры ротацияланды. Бұл ротациялануға жататындардың жалпы санының 11%-ы. 2022 жылғы қазан айына дейін тағы 514 мектеп басшысын ауыстыру жоспарланып отыр, – деп хабарлады Гүлмира Кәрімова.
Мысалы, Ақмола облысында жалпы алғанда 428 директор болса, соның 26-сы ротациялануы тиіс: алайда бірде бірі орынтағын жаңғыртпады. Дәл осындай жағдай Ақтөбе облысында (407 директор­дың 56-сы ауысуы қажет, бірақ ауысқаны – 0), Павлодар облысында (298-дің 134-і 7 жылдан көп уақыт отыр), СҚО-да (472-сінің 157-сі), Жамбыл облысында (443-інің 33-і ауысып кетеді деп бекітілген, әзірге ол жүзеге аспады) ұқсас жағдай қалыптасқан. Ротациялау науқаны Қостанай облы­сында қызу жүруде: 476 мектеп басшысы­ның 27-сі немесе тізімдегісінің 66,7%-ы ротацияланып үлгерді. Одан кейінгі орында Алматы облысы тұр: өңірде 705 мектеп директоры қызмет етеді, оның 44-і немесе ротацияға іліккендерінің 51,1%-ы ауыстырылды. Үштікті БҚО тұйықтайды: бір мектепті 7 жылдан көп басқарғандардың 45,9%-ы немесе 17-сі. Бұл көрсеткіш Маң­ғыстауда – 36,4% (16 директор ротация­ланды), Қарағандыда – 17,1% (38), Атырау облысында – 16,9% (12), ШҚО-да – 15,4% (8), Түркістан облысында – 8% (44). Министрлік орталықта шу тудырғысы кел­меді ме, әйтеуір үш мегаполиске тиіс­педі. А.Аймағамбетов алдағы шілде айында осы мәселеде өңірлік білім басқармала­рын асықтыратынын аңғартты.
– Мектеп директорларын ротациялау – өте маңызды құрал. Былтыр сіздердің сұрауларыңызбен ротациялау науқанын 2022 жылға ауыстырдық және оны оқу жылы аяқталған соң, жазда жүргізуге ше­шім қабылдадық. Бірақ маусым да аяқ­талды. Не көріп отырмыз? Білім басқар­малары 7 жылдан артық отырған мектеп директорларының бар-жоғы 11%-ын және мемлекеттік балабақшалар директорлары­ның шамамен 35%-ын ғана ротациялауға қол жеткізе алған. Бұл – жеткіліксіз. Сон­дықтан 1 тамызға дейін осы жұмысты бітіруді тапсырамын, – деді Оқу-ағарту министрі аймақтардың білім басқармала­ры басшыларына.
Еңбегінің қызығын көрмей кете ме? Ротация науқаны басталғалы көптеген мектеп және балабақша басшылары мен ұжымдарынан, тіпті ата-аналардан маза кетті. Педагогтер, ата-аналар білікті, адал, мықты басшыларынан айырылып қалудан қорқады. Жетісу облысының Балпық би ауылының «Қуаныш» балабақшасының ұжымы да Оқу-ағарту министрінен қатаң райынан қайтуды өтініп, хат жазды. Олар ротациямен келіспейді.
«Биыл балабақшамыз мемлекеттік аттестациядан өтті: қаншама ұйқысыз түндерді бастан кештік, еңбегіміз жанып, табысты өттік. Осы және басқа да жетіс­тіктерге жетіп, сол жолда тынбай жұмыс жа­сап, енді еңбегінің жемісін теріп, қызы­ғын көретін кезде басшыларымызды ауыс­тырып жатыр. Бұл нағыз әділетсіздік қой. Біреу еңбек етеді, оның орнына бас­қасы келіп отырады, «дайын асқа тік қасық» деп. Біз басшымыздың ауысқанын қала­маймыз. Балабақшаны тақырдан көтеріп, ыстығына күйіп, суығына тоңған, гүлден­діріп отырған басшымыздан айырып жатыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Ең болмағанда, аттестациядан кейін орнында бір жыл отырғызса деп сұраймыз», – деді балабақша ұжымы атынан оның әдіскері Орал Исижанова.
Аймағамбетовке хат жолдағандар қа­та­рында Теміртау қаласындағы №16 мек­тептің жалпымектептік ата-аналар коми­теті де бар. Олар директор В.Голубева­ны ротациялау туралы шешімнің күшін жою­ды өтінді.
«Біздің директор Валентина Степа­нов­­на педагог-зерттеуші дәрежесіне ие. Өз алдына таңдап мақсат, таудай талап қойды, темірдей тәртіп арқасында соған жете ал­ды. Тамаша әкімшілік команданы – білікті мұғалімдерді жинай алды. Со­ның арқа­сын­да шәкірттердің білім дең­гейі өсті, оқушыларымыздың жетістіктері жоғары. Олар олимпиадаларға үнемі қатысады, жүлделі орындардан табылады. Биыл бастапқы сыныптарымыз «Жыл коман­дасы» атағына ие болды. Мектепке түбе­гейлі жөндеу жүргізді, ауланы абат­тандыр­ды, ағаш, гүлзәр отырғызды. Біздің мектеп – қаладағы жалғыз эколо­гиялық мектеп. Ең лас қала саналатын Теміртау үшін бұл үлкен жетістік», – дейді ата-аналар ко­митетінің жетекшісі Елена Кретинина.
Ата-аналар комитеті жаңа директор қырсыз болып шықса, жылдар бойғы жетістікті ары дамыта алмай, бір жылда істі жарға жығады деп қауіптенеді. Сондай-ақ директор кетсе, оның орынбасарлары, бірқатар мұғалімдер, тіпті ата-аналар мен балалар басқа мектепке ауысуға ниет білдіріпті. Бұл білім деңгейінің құлдырауы­на соқтыруы ықтимал. Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесі де министрлікке хатында мектеп директоры Қорлан Тұрсынованы басқа мектепке ауыстыру туралы жергілікті білім басқармасының шешімін құптамады.
«Қорлан Дәуітханқызының басқа мектепке ауысуына келіспейміз. Ол – ата-аналар мен ұжымы арасында зор беделге ие тұлға. Мектебіміздің үлкен әрі үш ауысымда оқитынына қарамастан, әрбір ата-анамен, оқушымен, ұстазбен жылы қарым-қатынас орнатып, әрқайсысының жағдайына жеке, жіті көңіл бөліп келе жатқан білікті басшы, ардақты ұстаз! Осындай басшылар ротацияланбай, жұмысын ары қарай неге жалғастырмасқа?! Ротацияға жұмысын істей алмайтын басшыларды жіберген абзал. Ауылдық жерлерде 15-20 жыл отырған директорлар қала береді де, қала директорлары неге ауыстырылады?! Ротация ісінде әділдік болуы керек!» – деді қамқоршылық кеңе­сінің төрағасы Зейникамал Байжанова.
Мұндай арыз-шағымдар өте көп. Дегенмен Оқу-ағарту министрі икемділік танытпайтын түр байқатты. Қазақстан­дықтар мұның «еститін мемлекет» қағи­датына қайшы екенін алға тартады. Ал білім басқармалары мұндай толқуды директорлардың өздері ұйымдастыруы мүмкін деген пікірде. Асхат Аймағамбетовтің ұстанымынша, мектеп директоры 10-15 жыл бойы бір орында отырса, бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтады. Егер «басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін». Ал басшылықтың ауысуы өзгерістер мен тың бастамалардың енгізілуіне, басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға жол ашады-мыс. Министрдің айтуынша, кадрлардың ротациясы мектептердің тиімділігін арттырады, жас мамандарға өз күшін білім ордасын басқаруда сынап көруге мүмкіндік береді. Тек, ротация кадрларды рәсуа етуге соқтырмаса болғаны. Ұзақ жыл ғұмыры мен еңбегін бір білім ордасын көтеріп, дамытуға арнаған, оны өз перзентіндей жақын қабылдайтын кейбір тәжірибелі директорлар бәрін жаңадан бастағысы келмей, қарапайым мұғалімдік жұмысқа ауысып жатыр. Бұл құбылыс жаппай белең алса, білікті директорларды билік қайдан алмақ?