Фильмдерімізде ұлттық рух жоқ – Қойшығара Салғараұлы
Фильмдерімізде ұлттық рух жоқ – Қойшығара Салғараұлы
881
оқылды
Сан қатпарлы тарихты зерттеген ғалым көп. Бірақ қатесіне үңіліп, қазақ тарихын түгендегендері санаулы. Солардың бірі – «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген роман жазған жазушы, түркі жазуын қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды мұра ұсынып жүрген тарихшы Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ. – Алғашқы еңбек жолыңызды журналистикадан бастасаңыз да, жұрт сізді тарихшы ретінде көбірек таниды. Тарихқа қалам тербеуіңізге не түрткі болды? – Біз оқу бітірген жылы Совет өкіметі қазақ жастарына жоғары білім алғызбаудың бір амалы ретінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының мектеп бітірушілерінің атынан «сыныбымызбен ауыл ша­руашылығына барамыз» деген үндеу жариялатты. Осыған байланысты мектеп бітірген соң аттестатымызды ала алмай, бәріміз ауыл шаруашы­лығына баруға мәжбүр болдық. Әкем соғыстан ауыр жараланып келгеніне қарамай, колхоздың қойын бағатын. Мен сұранып, әкеме көмекші шопан болып бардым. Көп ұзамай әкем өк­песінде қалған снарядтың жарық­шағының кесірінен қайтыс болды да, менің жеке қойшылық өмірім басталды. Ол кезде Совет өкіметі әр саладан бір қаһарман шығарып, соны жұртқа үлгі ететін бір дәстүр бар еді. Қалай екенін білмеймін, әкемнің еңбегінің арқасында шығар, біздің өңірден сондай көтермелеу атаққа мен іліктім. Үлкен жиындарда, ақындар айтысында, әйтеуір менің атыма мақтау айтылып жататын. Жасым жетпей, партияға да өткізіп жіберді. Мақтаулы шопан ретінде Шопандардың республикалық слетіне қатыстым. Мақтау грамо­тасына ие болдым. Осындай кө­термелеудің арқасында Алматының Малдәрігерлік институтына оқуға баруға мүмкіндік туды. Бірақ Ал­матыға барған соң өз қалауымды жасайын деп ҚазМУ-дың Филология фа­культетінің журналистика бөлі­міне оқуға түстім. Өмірімнің ең қуат­ты, ең қайратты шағы, «қайдан шық­­тық?» деген сауал мазалай бас­та­ды. Алғашында осы сауалдың жауа­бын тарихқа қатысты академия­лық еңбектер мен жекелеген таны­мал ғалымдардың зерттеулерін оқы­сам табамын деп ойлағам. Өкініш­ке қарай, ол ойым ақталмады. Бәрінде бір сарын, бірінің айтқанын екіншісі өз сөзімен қайталап беруден аспаған «еңбектер». «Тегіміз қайдан бастау алады?», «Түрік деген кім?», «Түрік ха­лықтары деп аталуымыз неліктен?» деген тәріздес сауалдары­ма жауап таба алмадым. Содан соң өзімше ізденуді бастадым. Көне құ­жаттарға, ежелгі заман оқымыс­ты­ларының зерттеу еңбектеріне ден қойдым. Солай бір ғалым екінші бір мен білмейтін ғалымға, бір кітап екінші кітапқа шығарып салып отырды. Ғылым академиясының кі­тапханасы мен Ұлттық кітапха­на­ларының Сирек қолжазбалар қорына ке­зектесе барып, алты жыл уақытым­ды осыған жұмсадым. Соның нәти­же­сінде қазіргі тарихтың дұрыс жазыл­мағанына тарихи фактілердің бұр­маланғанына, кейбір зерттеуші­лердің пендешілігіне көз жеткіздім. Қиянат көп. Білместіктен емес, әдейі бұр­ма­ланған деректер қаншама?! Осының бәрін көргенде қатты тол­қыдым. Не істеуім керек? Қайтіп жаза­мын, қай­тіп айтамын? Халқы­мыз­дың тарихын өзімізге зерттетпей, өзге ұлттардың өкілдері зерттеген саясат болса анау. Советтік дәуірде «Қазақ халқының тарихынан» бірде-бір адам не кан­дидаттық, не доктор­лық жұмысын қорғамады. Қорға­майын деген жоқ, қорғатпады. Біздің тарихтың біл­гір­лері Левшин, Аристов, Харузин секілді отарлауды тездету үшін қазақ болмысын тануға арнайы жіберген патша шенеуніктері болды. Бұлар­дың бәрі, айталық, біреуі салт-дәстүрімізді, біреуі рулық-тайпалық жүйемізді, біреуі жерімізді, біреуі шаруашылығы­мыз­ды білуі үшін арнайы жіберілген «шпион» шенеу­ніктер еді. Солардың жинаған ма­териалдары Совет үкіме­ті кезінде зерттеу материалдарына ай­налып, ғылымға енді.

«Қазақстан тарихы» қазақ тарихы емес

– Қазіргі тарихтың зерттелуіне қандай баға бересіз? Мектепте оқу­шылар неге «Қазақстан тарихын» оқиды? Қазақ тарихы қайда қалды? – Әлі күнге танымдық-теория­лық тұрғыдан да, тарихи-филосо­фиялық тұрғыдан да, тіпті әдіс­темелік тұрғыдан да тек өзгелердің көзқарасы негізінде жазылған, хал­қымыздың халықтық болмысын танытпайтын жасанды тарихты «төл тарихымыз» деп малданып келе жатырмыз. Бүгінгі тарихшыларымыз өз халқының тарихынан жан-жақты хабардар болып, оны тұтас танып білмеген соң өздері білмейтіндері жөнінде жазған өзге елдердің ғалым­дарының ой-тұжырымдарының дұ­ры­сын да, бұрысын да сол күйі қа­былдап, оларды өмірлік шын­дықтың айғағы ретінде жұртқа ұсы­нуға мәж­бүр. Қазіргі қолданыс­тағы «Қа­зақстан тарихы» деп аталатын көп томдықтар көне заманнан бү­гінге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Бүгінгі «қазақ» деп аталып жүрген халықтың ата тегінің кімдер екені, олардың қашан, қайда пайда болғаны, бүгінгі иеленіп отырған жерін қай заманнан бері мекендеп келе жатқаны, мына жер бетіндегі мыңдап саналатын басқа халықтар­дан ерекшелер қан­дай халықтық құндылықтары ба­ры жайлы нақты дерек жоқ. Оқу­лық «Ежелгі тас ға­сыры (палеолит) дәуі­рін­дегі Қа­зақстан», «Жаңа тас ға­сы­рындағы (неолит, энеолит) Қа­зақ­стан», «Қа­зақстан ертедегі дәуірде» деп ата­латын тарихымызды түп-та­мырынан таратып, түгел тануға үміттендірер та­раулармен басталға­ны­мен, бұлар­дан бүгінгі «қазақ» деп аталған ха­лықтың түптегі «е-е, осы­лар екен ғой», «олар осылай қа­лып­тасып, осы­лай өмір сүрген екен ғой» дегізер та­нымдық нақты бір мәлімет тап­пайсыз. Мұндағы «Қазақстан» атауы қайталана айты­лып, нақты көрсетіл­генімен, оның бұл қол­да­ныс­тағы біл­дірер ұғымы – қазақ елі мен хал­қына қатысты емес, олар­дың қа­зақ аталғаннан кейін иеленіп отыр­ған бүгінгі жеріне, сол жерден табылған тас, мыс дәуір­леріне жата­тын заттық айғақтар жө­нінде ғана. Бұл заттық айғақтар­дың нақты иесі кімдер? Оны тап ба­сып тану қиын. Бәлкім, та­рихтың «Қазақ халқының тарихы» деп атал­май, «Қазақстан тарихы» аталуы да содан шығар. Өйт­кені «Қазақстан» – халықтың емес, осы­дан бес жарым ғасыр бұ­рын­­ғы жұр­тынан жеке бө­лініп шы­ғып, «қазақ» деген атпен өз алдына жеке мемлекет құрған түрік­тердің бір бұтағының мекен еткен жерінің, елі­нің атауы ғой. Ал бізге керегі қазақ хал­қының өзінің төл тарихы емес пе?! – «Қазақ қазақ болғанға дейін» кім еді, «қазақ қазақ болғаннан кейін» кім болды? – Кез келген халық бір атадан тарамайды. Бірнеше жұрттан құрал­ған, солардың бірігіп, кірігіп кетуі­нен пайда болады. Біздің зерттеу­шілерге бір ерекше мүмкіндік – біз­дің тіліміз басқа түріктілдес халық­тардың тіліне қарағанда бастапқы тілге өте жақын. Қазақ атауы бағзы­дан бар. Х ғасырда византиялық Константин Порфирородныйдың Қазақ хандығы жөніндегі мәліметі мынандай жолдармен берілген: «Зихиядан жоғарыда папагин жері жатыр. Ал бұл жерден жоғарыда «Касахия» деп аталатын ел бар. Касахиядан жоғарырақта Кавказ тауы жатыр». Бұл шамамен қазіргі Әзербайжан еліндегі Қазақ ауда­нының жері болса керек. Егер ге­нетик ғалымдардың адамзат бала­сының алғаш жаралған жері Оңтүстік Шығыс Африка дегендері шынымен рас болса, бір қазақтың ғана емес, бүкіл түріктектес халықтардың түп­тегін, яғни бастау тарихын осы өңір­ден іздеген жөн. Кейін олар Афри­кадан Азия құрлығына өткен. Геродоттан бұрынғы тарихшылардың түсінігі бойынша, олар Кавказ тауын жердің шеті деп білген. Сондықтан олардың бұл Азиясы қазіргі Алдыңғы және Кіші Азиямен тұйықталады. Кейін осылардың өсіп-өніп өріс кеңейткен ұрпақтары Кавказ тауы­ның терістігіне өтеді. Қазақтың қазақ болғанға дейінгі тарихы, міне осы кезден басталады. Кавказдың теріскейіндегі бұл алып даланы тарихшылар «Ұлы дала» деп атайды. Жалпы, далалықтардың тарихы бірігулер мен ыдыраулардан тұрады. Біріккенде далалық империя құрады, ыдырағанда жеке хандықтарға бө­лініп кетеді. Мысалы, біздің Қазақ хандығы осындай ыдыраудың, нақ­тырақ айтсақ, Алтын Орда тараған­нан кейін ХV ғасырда пайда болды. – «Мөде хан» атты повесіңіз бар. Мөде жайлы кинороман жазғаныңыз­ды да білеміз. Осыдан тура 22 ғасыр бұрын өмір сүрген Мөде хан туралы тарихты сіз қайдан таптыңыз? – Мөде туралы жазудағы менің мақсатым: тарихты зерттеу бары­сында мыңжылдықтар тұрғысынан алғанда, заттық құндылықтардың да, рухани құндылықтардың өзгеретінін, тек жердің ғана мәңгілік екенін көрсету болды. Жерді сатуға да, жерден айырылуға да болмайтынын, жер – асыраушың, оны анаңдай ар­дақтап, атаңдай құрметтеудің бар­шаға ортақ халықтық парыз еке­нін ұрпақтың бүкіл болмысымен жан-жақты сезініп өсуіне көмектес­кім келді. Халқымыз «бардың байы­бына барып, бағалай білгенге бақ қонады, құндылығын құнттай біл­генге құт қонады» дейді. Осы бабалар өсиетін орындауда ел билеушілері қандай болуы керек дегенге ерекше мән бердім. Соған орай кейінгі жа­зылған кинороман нұсқасында Мөде хан «Алтын тамырдағы» болмысынан гөрі: ел билеуші қандай болуы керек, қалай іс жүргізу керек, халықпен қа­лай араласу керек, төңірегіне кім­дерді топтастыру керек, қысқасы не үшін, қалай өмір сүру керек деген се­кілді сауалдарға толық жауап бере­тін күрделі тұлға. Көпсериялы фильм бола ма деген үміт болып еді. Бірақ түрлі себеппен бұл киносце­нарий киноға айналмады. Осы жерде бір ерекше тоқталып кететін жайт – Мөде хан біздің ресми тарих көр­сеткендей жаулаушы хандардың бірі емес. Өзінің сөзі де бар, «кезінде билікқұмар жеке тұлғалардың жеке билікке ұмтылуынан бөлшектеніп кеткен халықтың басын қосуға» ұмтылған жан. Бір сөзбен айтқанда, өзге жаулаушылар секілді төңірегін түгел жаулап алуды мақсат еткен басқыншы емес, кезінде бытырап кеткен тек түріктектес халықтардың ғана басын қосып, бір үлкен қағанат орнатқан тұлға. Біз көне тарихты негізінен Еу­ропа тарихшыларының жазуы арқылы білеміз ғой. Тарих атасы атанған гректердің бас тарихшысы Геродот секілді Қытайдың да тарих атасы атанған Сыма Цянь деген тарихшысы болған. Империя кезінде император сарайында, қазіргі біздегі саясат бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, ішкі-сыртқы саясат бөлімі деген бар ғой, сол секілді «тарих бө­лімі» деген болған. Сыма Цянь сол тарих бөлімінің меңгерушісі болған. Қытайдың тарих бөлімінде барлығы жазылған. Бірақ бір ескеретін зат, Қытай тарихында жазылғандардың бәрін сол жазылғандағыдай тура түсінуге болмайтын тұс­тары бар екен. Бұл, әсіресе олардың соғыстағы жеңілістеріне қатысты берілген деректерден ерекше бай­қалады. Мен оны алғашында білген жоқпын. Кейін Президент тапсыр­масымен арнайы Қытайға барып, архивіне түсіп, сондағы ғұлама ма­ман­дармен етене араласып, сұх­баттасу бары­сында көне­жазбалар берер деректің астарында жа­сырын қала­тын шындық­тың не еке­­нін аңғаратын мүм­кіндік туды.

«Алтын Орда» деген мемлекет жоқ

– Қазір қатардағы оқыр­маннан бастап ғы­лым адамдарына дейін жұрттың бәрі «Ұлы Ұлыс» демейді, «Алтын Орда» деп атайды, солай жа­зады. Ал сіз бір сұхбатыңызда «Алтын Орда» деп атау дұрыс емес дедіңіз. Қандай дәлеліңіз бар? – Қазіргі тарих ғылымында «Ұлы Ұлыс» деген ресми төл атауы атал­май, оның орнына «Алтын Орда» атауы қолданылып келеді. Қазақ елі тәуел­сіздік алғаннан кейінгі жа­зылған «Қазақстан та­рихы­ның» 2010 жылы жарық көрген көптомдығының екін­ші томының «Қазақ халқының қалыптасуы. Қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы» деген бөлімінің бірінші тарауында түгелдей «Алтын Орда» деп алынған. Шын мәнінде, өмірде «Алтын Орда» деген мемлекет те, империя да болмаған. Шыңғыс хан өлгеннен кейін сегіз жыл уақыт өткен соң Қарақорымда моңғол ақсүйектері құрылтай шақырып, Шығыс Еуропаға жорық жасау жө­нінде шешім қабылдады. Осы жо­рық­ты басқару Жошының жауынгер баласы Батуға (Батыйға) жүктеледі. Жеті жылға созылған бұл жорықтан Бату хан 1242 жылы үлкен жеңіспен оралады. Нәтижесінде, бұрынғы Жошы ұлысы жаңадан қосылған бірнеше ұлыспен ұлғайып, күшеюіне байланысты енді «Ұлы Ұлыс» деп аталды. Осыдан кейін, қашан Ұлы Ұлыс ыдырап кет­кенге дейінгі аралықта өткен екі ға­сырдан астам уақыт ішінде бұл елдің елдік атауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ішкі-сыртқы жұрт та, осы Ұлы Ұлыстың негізін қалаған Бату ханнан бастап оның ең соңғы билеушісі болған Тоқтамыс ханға дейінгі аралықтағы ел билеу­ші­лерінің бәрі де өз елін «Ұлы Ұлыс» деп атаған. Бұған Тоқта­мыстың Литва королі Витовитке жазған хаты­­ның аяғына «Ұлы Ұлыс­тың би­леушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп қол қойып, мөр басуы да айғақ. Енді «орда» сөзінің сөздік төркіні мен атаулық мағынасына үңіліп көрейік. Көптеген тарихшы «орда» сөзін «орта» деп түсіндіреді. Мысалы, осы орайда арнайы зерттеу жүргізген «История Отечества» атты еңбектің авторы К.Данияров: «Көптеген түркітанушы «орда» сөзі түріктің «орта» деген сөзінен шыққан деп есептейді. Басқаларға қарағанда, осы шындыққа келеді. Қалай дегенде де, «орда» мемлекет сөзінің баламасы емес, «орталық», «астана» деген ма­ғы­наны білдіреді» дейді. Бұл арада зерттеушінің «орданы» «орта» деп тануы да, оны «шындыққа келеді» деуі де атау сөздің төркінін ғылыми талдау арқылы емес, ел билеушісінің ордасы қалайда елдің ортасында болуға тиісті ғой деген жалаң қи­сын­ға сүйенген, бұл – тиянақсыз тұ­жырым. «Орда» сөзі әуелде «орда, ордың ішінде» деген мағынаны біл­дірген. Оған бүгінге аман жеткен Ұлы­таудағы хан мен қағандар орда­сын тіккен жердегі «орданың жұрты» айғақ. Кейін қолданыста «ел билеу­шісінің әкімшілік үйі», «кеңсесі» дегенді білдіретін «орда» ұғымы пайда болған. Көптеген дереккөзде оның жеке айтылмай, көп жағдайда «ханның ордасы», «қағанның орда­сы» деп біреуге еншіленіп айтыла­тыны содан болса керек. Осындай хан мен қаған ордаларының кейбірі «Алтын Орда» деп аталып, ерекше әспеттелгенімен, олардың да атқара­тын қызметі басқа жай ордалармен бірдей мағынада. Бар айырмашылық: ханның немесе қағанның кеңсесі болған осындай орданың сән-сал­танатын асыру үшін керегелерінің басын, уықтарының қарларын, шаңырағының шеңберін алтынмен аптап, сәндеп әшекейлеуінде ғана. Мұндай алтын ордалар және Бату құрған Ұлы Ұлыстар бұрын да бол­ған. Бұл ретте басқаны айтпағанда, өзіміз тарихтан білетін Бірінші Шы­ғыс түрік қағанатының атақты қа­ғаны Дизабулдың Византия елшісі Земархты осындай іші-сырты алтын­мен апталған Алтын Ордада қабыл­даға­ны белгілі. Ал мұны нақты Шың­ғыс хан заманына тураласақ, мысалы Рашид ад-Дин өз еңбегінде Қарақорымда мың адам сыятын үлкен үй тігілгенін, оның уықтары­ның алтынмен апталғанын, ол үйді «Алтын Орда» деп атайтынын жа­зады. Сол сияқты Плано Карпини ұлы хан Күйікті таққа отырғызу рәсімін өткізген үйдің де «Алтын Орда» деп аталғанын айтады. Кейінгі Қыпшақ даласының ұлы ханы әз-Жәнібектің (1341-1357 жж.) үйінің де Алтын Орда аталғаны мәлім. Міне, осылардың өзінен-ақ ешбір орданың, тіпті Алтын Орда аталса да, ешқандай мемлекеттің аты болмаған. Салыстырмалы түрде айтқанда, біздің қолданысымыздағы «Алтын Орда» дегеніміз – далалықтардың мемлекеті үшін қай заманда болсын, бар мән-мағынасы қазіргі АҚШ-тың «Ақ үй», болмаса Ресейдің «Кремль» дегенімен бірдей. Бірақ осылай екен деп ешкім АҚШ-ты «Ақ үй мем­лекеті», Ресей Федерациясын «Кремль мемлекеті» деп атамайды ғой. Осыған қарамастан, қазақ та­рих­шылары әлі күнге ресми тарих атауларында, академиялық ғылыми зерттеулерінде Алтын Орданы Ұлы ұлыс атауының баламасы ретінде ешқандай түсінік, ескертпесіз қол­дана береді. Білмегендіктен емес, біліп тұрып сөйтеді. – «Жер жаһанда арғы атаңның ізі бар» деген кітабыңызда Крит пен Кипрден табылған қыш тақтай­ша­лар­дағы жазуды әлемнің маман ғылым­дары «Сызықты А жазуы» деп танып, оны латын әріптеріне түсір­генімен, жазудың қай тілдің мұрасы екенін анық­тай алмай, оларға «Этеокрит», «Этеокипр» деген ат беріп, «ғылымға бел­гісіз із-түзсіз жо­ғалып кеткен ха­лық­тан қалған мұра» деп қорытынды шығарды дейсіз. Сіз сол жазуды өз та­рапыңыз­дан бір әріп, не бір сөз қос­пай толық оқып шыққан көрінесіз. Сон­да қыш тақтайшаларда не жазыл­ған? –Бұл Крит пен Кипрден ағыл­шынның атақты археологі Артур Эванс 1900 жылы тапқан жазу, яғни осыдан 122 жыл бұрын табылған. Мұны талай елдің маман ғалымдары оқып, қандай халықтан қалған мұра екенін анықтай алмаған. Орыс ға­лым­дары да зерттеді. «Көне жазулар құпиясы» деген кітапта осы қыштақ­тай­шалардағы жазуға арнайы бір тарау берілді. Олар да кілтін таба ал­мады. Осыны өзіміздің Жамбыл облысының бір журналисі Амантай Айзахметов деген жігіт оқыды. Осы жігіт оқып, «Рождение туркского мира» деген кітабын шығарған. Орыс­тілді жігіт еді. Ғалымдарға көр­сеткен. Ғалымдар оған, «шырағым, өз шаруаңмен айналыс. Мұның жұм­бағын сен түгілі көне жазуды оқып жүрген мүйізі қарағайдай әлемнің белгілі мамандары да шеше алмаған» деген ғой. Адам іске шаршамайды. Қара жұмыс болсын, ой жұмысы болсын. Сол істеген жұмысыңнан нәтиже болмаса, бірден шаршайсың. Бірден мұқаласың. Себебі бүкіл энергиясын, бүкіл білімін соған салды ғой. Енді рақатын, нәтижесін көрем дегенде оның түкке жарамайтынын білген кезде қиын. Мысалы, Америкадағы майялардың жазуын оқимын деп соңында нәтижесіз болғаны үшін өзіне қол жұмсаған адамдар болған. Дүниедегі ең жаман нәрсе – сенің еңбегіңнің нәтижесіздігі. Мына жігіт те сондай күйге түсіпті. Содан Ме­кемтас Мырзахмет ағаға барыпты. Барған соң ол кісі: «Шырағым, менің зерттеп жүргенім бұл емес. Менің тақырыбым басқа. Мұны бір білсе, Қойшығара білер» деп сол жерде маған хабарласыпты. «Осындай жігіт келіп отыр, барса қабылдайсың ­ба?», – деді. «Келсін» дедім. Әлгі жігіт ертесіне келді. Келіп, кітабын берді. Әңгімелесе отырып, кітабын парақтап, кей жеріне көз тоқтатып, оқып көріп едім, онша түсіне алмадым. Бірақ есі дұрыс адам бірдеңені көздеп жазды ғой. Әрі сонша жерден арнайы келді. Сосын «Шырағым, қазір бір кітабымды бас­паға дайындап жатыр едім, кітабың­ды тастап кет, асықпай оқып, кейін өзім хабарласайын» деп айттым. Бірақ бұл жауабым азаматты қа­нағаттандырмады. Біраз үнсіз түйі­ліп отырды да «жарайды» деп шы­ғып кетті. Ол кетті, бірақ оның торық­қан түрі көз алдымнан кетпей қойды. Өзімнің де бір кезде білікті біреудің бірауыз сөзіне зәру болып, осындай күй кешкенім еске оралды. Ақыры сол беті жазуымды қойдым да кітабын оқуға отырдым. Жазу­дың кілті кітаптың соңында екен. Соны көрген кезде көзім ашылды, мен ол жерде не жазылғанын түсін­дім. Ал мына тақтайшалардағы жазу қарапайым тілмен айтқанда, буынды жазу. Ерекшелігі – сөзден сөзді айырар ешқандай тыныс белгісі жоқ, біріне-бірі тіркестіре тізілген әріп­тердің қалың тобыры. Осы шұбырған әріптерді алдымен буынға, сосын жеке сөзге бөлу керек. Содан кейін сөйлем шығару керек. Бұл тәсіл жаңағы Амантай Айзахметовтікі. Осы тәсілмен бір тақтайшадағы жазуды енді өзімше оқуға кірістім. Бөлінген буындардан сөз тауып, ерек­шелей бастағанымда еш өзгеріс­сіз бүгінгі қазақ қолданып жүрген таныс сөздер кебектен дән суырған­дай тізбектеліп шыға бастады. Амантай да осындай бірнеше сөзді тапқан, бірақ орыстілді болғандық­тан, сөз мәнісін түсініп, толық сөй­лем құрай алмаған. Ал мен көне та­рих­ты зерттеп, біршама көне сөз­дер­ден хабарым бар адаммын ғой. Сон­да: «Анама тор иумы, ес айым, құл айлас. Әр ана тон өссе, пана ата оқ өссе, ел керек ұл өссе, ана тақ қу» – деген сөздер тіркесі шықты. Мұн­дағы жалғыз түсініксіз сөз – «Тор». Бұл бәрімізге Орхон-Енисей жазуы­нан мәлім сөз. «Билік» деген ұғымды береді. «Тора» деген – заң, кодекс. Ендеше бұл шұбырынды сөйлемді қазіргі тілге келтіретін бол­сақ, «Анама билікке таласудың (июдің) керегі жоқ. Ол айымның ақылы емес (ес айым). «Ол құлмен бірдей болу (құл айлас). «Айлас қатын мұңдас» деген сөз бар ғой қазақта. Ал сен ай­тып отырған «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» – «Әр пана ата оқ өссе, әр ана тон өссе». «Сөйтіп, елге керек ұл өсір­се, тақ (билік) анамды өзі іздеп табады (қуады)» дейді. Осыдан кейін Амантаймен хабарласып, өз оқыға­нымды оған жібердім. Оның еңбегін «Әлемдік ғылыми сенсация» деп бағаладым. Азамат қатты қуанды, «ағатай, менің басымда көп жаңалық бар, бірлесіп еңбектенейікші» деп өтініш жасады. Мен «кітабымды баспаға өткізейін. Сосын ойласып көрейік» деген едім. Бірақ тағдыр бізге бірлесіп еңбек­тенуді жазбады, ол көп ұзамай қай­тыс болып кетті. Сол себепті өз оқуым Амантайдан өзгеше болғаны­мен, бұл жаңалыққа өз атымды тір­кемей, оның атын үнемі дара атай­мын. Шындығында, бұл жаңа­лық қазақ ғылымының жетістігі ретінде танылып, Ж.Шам­пальон секілді біреу бізден де шық­қанын әлемге жариялар еңбек еді. Осыдан кейін Мәскеуден Юрий Драздовтың «Тюркская этнонимия древнеевро­пейских народов» деген кітабы шықты. Ол ежелгі көне ел, жер-су атауларын тура осы тәсілмен оқып, бүкіл Еуропа халқын түріктер­ден шыққан деп дәлелдейді. Амантай Айзахметовтің кітабы 2004 жылы, Драздовтың кітабы 2008 жылы баспадан шыққан.

Киногерлер шетелден жүлде алдық деп мәз

– Сіз тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары Мемлекеттік саясат жөнін­дегі ұлттық кеңес хатшысының орын­басары, хатшысы сияқты жауапты қызметтерде болдыңыз, мемлекет саясатын жүргізуде, идеологияда тарихи фильмдердің рөлі мен маңызы жоғары екені белгілі, елімізде түсіріліп жатқан тарихи фильмдерге қандай баға бересіз? – Кез келген шығарма ұлттық болуы керек. Ал бізде Голливудқа, басқаға еліктеу бар. Еуропалық таным-түсінікпен жазылған тарих арқылы тарихи санасы қалыптасқан біздің киногерлердің санасында әлі күнге дейін «біздің арғы түп тегіміз жабайы болған» деген ұғым тұрады. Фильмдерімізде ұлттық рух жоқ. «Томиристі» арнайы барып көрдім. Бұл да сол көрерменнің көзін арбауға құрылған, атыс-шабысы мол жасан­ды оқиғаларға толы тарихи тақырып­қа арналған бұрынғы фильмдердің бірі. Ұнамады. Онсыз да тапшы кө­ненің көзіндей болып жеткен аз тарихи деректің өзін дұрыс пайдалан­баған. Қияли қоспа басым. Өз басым шығармашылық топтың көрерме­ніне не айтқысы келгенін түсінбедім. Томиристің Кирді жеңіп, басын кескені тарихи шындық. Бірақ ол бұл фильмсіз-ақ жұрттың бәріне белгілі ғой. Осы үшін кино түсірудің қажеті не? Төрт құбыланы түгел жаулаған әмірші атанған, ахаменидтер әулеті билігінің негізін қалаған, парсының тарихқа әйгілі ұлы жаугер билеушісі Кирді жеңген Томирис қандай құдірет иесі? Кир қалай дегенде де массагеттерді жаулап аламын деп зор дайындықпен арнайы жасанып кел­ген, талай соғысты басынан өткерген тұрақты әскері бар, өркениеттің алғашқы ошақтарының бірі Вавилон мен Ассирияны жаулап алған ұлы патша ғой. Соны жеңген Томиристің фильмде көрерменге ой салар, тол­ғандырар қандай адамдық, аналық, патшалық, көрегендік артықшылығы көрсетілген? Өз басым ондай ерек­шелікті көре алмадым. Маған қазіргі киногерлер ки­ноны елді таныту, ұрпақты тәрбиелеу үшін емес, ақша табу үшін түсіретін секілді. Көрер­мендеріне айтар ойы, берер тағылы­мы жоқ, ақша табу мақсатында түсірілген фильмдерге керемет тұ­саукесерлер ұйымдас­ты­рылып, таныстық арқылы жабыла мақтап, түрлі мақала жазылады да, кейін әлгі фильм біржола ұмыт қалады. Ше­т­елден жүлде алдық деп мәз болады. Өз халқының рухани қа­жетін өтеуге жарамай жатқанында шаруасы жоқ. Бар кінәрат осыдан ба деп ойлаймын. Мен кино сыншысы емеспін. Сон­дықтан бұл айтылған­дардың бәрі – менің көрермен ре­тіндегі жеке пі­кірім. – Қазір қандай шығарма жазып жүрсіз? – Ауырмай тұрып, төрт кітап жос­парлап қойған едім. Кітап «Адам атадан Қазақ атаға дейін» деп ата­лады. Соның біріншісі – «Адам бо­лып жаралғанда», екіншісі – «Тайпа болып таралғанда», үшіншісі – «Ха­лық болып қалыптасқанда», төртін­шісі «Ұлт болып ұйысқанда» деп аталады. Бұларды жазу қиын да емес. Негізін қалап қойғанмын. Біздің тарихымыз үзік-үзік. Соны бір жүйе­ге келтіріп, оқырманға халқымыздың тұтас тарихын ұсынсам деген мақсат. Соңғы «Адамзаттың ата тілі» (Ал­ғашқы адамдар қай тілде сөйле­ген». 2020 ж.) атты кітабымды оқыған оқырмандарым менің бұл мақса­тым­ның орындаларына сенеді ғой деген үміттемін. – Әңгімеңізге рақмет!