Айуанның да ақысы бар
Айуанның да ақысы бар
819
оқылды
Бала кезімізде үлкендердің үйден алысқа кетуі бір мұң болатын еді. «Ит бар, мал бар» деп, қонақтыққа бара сала, қайтуға асығып тұрғандары... Қазір қалалықтар мал ұстамайды, бірақ иті болған күннің өзінде оны еш уайымсыз қанша күнге де қалдырып кетуге болатын зоомейманханалар бар. Онда сіздің мұртты мақұлығыңыз уақытылы тамақтанып, айызы қанғанша ойнап, керек десеңіз, тәжірибелі кинологтардың «тәрбиесін» көріп қайтады. Жуырда осындай орталықтардың бірі, елорда іргесіндегі Жібек Жолы ауылында қоныс тепкен «К-9» атты жануарларға арналған қонақүйдің жұмысымен танысып келдік.   Әр үйдің аманаты Бізді қонақүй әкімшісі Елена жылы жүзбен қарсы алды. – Жүріңіздер, қонақтарымыздың көбі мұнда, – деп, бізді қаз-қатар вольерлер тұрған үлкен аулаға алып келді. Әр ит бөлек вольерде екен. Бастапқыда абалап, тордың есігіне жетіп келген олар жанымызда өздеріне жүзтаныс қожайынын көрген соң, бізді де «жаман адам емес» деп ойласа керек, дереу құйрығын бұлғаңдатып, қутыңдап, арсалаңдап, еркелеуге көшті. Елена оларды жағалай таныстырып жүр: – Бұл – шығыс еуропалық овчарка, аты – Барон. Неміс туысқанының ең жақсы қасиеттерін алған ақылды ит. Ал мына ротвейлер – Макс, түсі суық болғанымен, нағыз еркетотайдың өзі. Үшінші вольердегі коргидің есімі – Гуф. Қане, Гуф, қонақтармен амандас! Сол-ақ екен, ол менің торды ұстаған саусақтарымды сүп-сүйкімді тұмсығымен пысылдай иіскелеп, жалай бастады. Мен онысын сәлемдескені деп ұқтым. Оң жақтағы торда манадан бері бізді қызықтап тұрған алпамсадай ақ-сұр хаски «маған да қараңдаршы» дегендей, күркенің апыр-топырын шығарып, секіре жөнелді. – Кейган – біздің мейманхананың тұрақты клиенті. Үйіндегі бала қатерлі ісікке шалдыққан. Ата-анасы оны шетелге емдетуге алып кеткен сайын итті бізде қалдырады, – деп түсіндірді бізге Елена оның жайын. Аулада бас-аяғы он төрт вольер бар екен. Онда үлкен денелі иттер қамаулы тұрады. Ал ғимарат ішіндегі сегіз тор мопс, терьер, чихуахуа, такса тәрізді көлемі кішілеріне арналған.   Жануардың да жаны қинала ма? – Біз 2019 жылғы желтоқсанда ашылдық, – дейді осы орталықтың кинологы Александр Балаклеец. – Иттер мен мысықтарға зоомейманхана қызметін ұсынамыз және иттерді әртүрлі командаға үйретумен және әлеуметтендірумен айналысамыз. Бүгінге дейін 100-ден аса ит бізде қонақ болды. Оның көбі – тұрақты клиенттер. Вольерлердің бағасы тәулігіне 4 000 теңгеден 6 500 теңгеге дейін екен. Бұл сомаға тамақтандыру, тор ішін тазалау және үш мезгіл қыдырту кіреді. Көпшілікке үйренген, «тәртіпті» иттер бірге серуендейді. Ал агрессияға бейімдері бөлек қыдырады. – Мұнда келгенде көңілі құлазып, иесін сағынбай ма? Тастап кетті деп ойлап, иелеріне өкпелеп қалатындары бар ма? – деймін мен қаннен-қаперсіз бір-бірін қуып жүрген коргилерге қарап. – Сағынғанда қалай?! Кез келген ит жаңа орынға көшкенде міндетті түрде күйзелісті бастан кешеді. Иттерге «Суыр күні» деген фильмдегідей, күнде қайталана беретін іс-әрекеттер ұнайды. Олардың адамдар сияқты бұдан іші пыспайды. Ал сол күнделікті өміріне сәл өзгеріс ене қалса, иттерге соның өзі – кішігірім стресс. Бұлардың көбі күшік кезінен бізге келіп-кетіп жүрген иттер ғой. Бірақ соған қарамастан әр келгенінде қайтадан үйренуге уақыт керек. «Ием мені тастап кетті, демек мені жақсы көрмейді» деп ойлайтындай жануарларда сана жоқ. Сондықтан иесіне өкпелей алмайды, – дейді Александр. ит Санасы болмағанымен, иттерде инстинкт мықты жетілген. Мәселен, сіз әлдебір бөтен итті құшақтап, еркелетіп жатқаныңызда, өз итіңіздің ырылдап, бейне бір сізді қызғанғандай айбат шеккенін көрген шығарсыз. «Қызғанып тұр» деп адамша жорып алатын өзіміз екенбіз. Шын мәнінде ит өз иесіне бөтен иттің (немесе адамның) жақындағанын қауіп деп түсінеді де, жай ғана өз территориясын қорғау үшін әлгі бөтен итке атылатын көрінеді. Осы жолы итке қатысты біз қатты сенетін тағы бір жорамалдың миф екенін түсіндік. Өлер алдында олардың көзден таса болып кететіні бар емес пе?! «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дейміз. Сөйтсек, бұл да жыртқышқа тән инстинкт екен. Жануар өзінің әлі кетіп, тосыннан төнген қауіптің бетін қайтара алмайтындай қауқарсыз қалғанын сезеді де, өзіне қауіпсіз жер іздейді. «Ием қиналмасын» деп бізді ойламағаны үшін, әлбетте, оларға ренжу орынсыз. Өйткені оларда сана жоқ.   Тәтті берсең, тәрбиеге көнеді Ит үйрету процесінің қалай жүретінін көрсетпек болып, Александр үш-төртеуін босатты. – Қазір Балуды жіберемін. Ол қатты үреді, бірақ сіз қорықпаңыз, өзінің мінезі сондай, негізі ақкөңіл, – деп алдын ала ескертіп алғаны дұрыс болыпты, барқ-барқ етіп бар даусымен үріп, маған қарай шауып келе жатқан алып акитаны көргенімде, тұра қашпай әрең тұрдым. «Хатико» фильмін есептемегенде, акитамен тірідей тұңғыш кездесуім. Ауланың ана бұрышынан мына бұрышына дейін екпінін баса алмай біраз жүгірген соң, қасымызға қайтып келді. – Иттерді үйретер алдында А, В, С деген үш категория арқылы олардың агрессияға бейімділігін, әлеуметтену деңгейін, стреске төзімділігін және иесіне жақындығын тексереміз. Осылардың қайсысы ақсап тұрса, сол бағытты жетілдіру үшін жұмыс істейміз, – дейді Александр. Мәселен, иттің стреске төзімділігін мына тәжірибемен анықтауға болады екен. Иттің иесін бұрышқа тұрғызып қойып, кинологтар жан-жақтан қаумалап, итке жақындайды. Егер ит иесінің артына тығылып немесе әлгі адамдарға атылса, демек күйзеліске бейім деген сөз. Ал керісінше, адамдарға сеніп, олармен ойнағысы келсе, бәрі дұрыс болғаны. Үйрету барысында тамақпен ынталандыру әдісі жиі қолданылады. Команданы орындап болған соң, итті мақтау ретінде оған тәтті беру керек. Манадан бері тықыршып, бір орында тұрмай, ерсілі-қарсылы шауып жүрген Балуды Александр бір тәттінің күшімен «Отыр!», «Жат!», «Кел!» деген командаларға бойұсындырды. Балудан кейін бостандыққа шыққан Магнат атты лабрадорды да, бағана танысқан Кейганды да тәтті беріп, ырқымызға көндіріп алдық. Тәттіқұмар Кейган, тіпті менің оны құшақтап суретке түсуіме қарсы болмай, 20-30 секундқа моп-момақан бола қалды. – Кейбір иттердің тұқымы үйретуге келмейді деп жатады. Олай емес. Шын мәнінде, үйретілмейтін ит болмайды, үйрете алмайтын адам ғана бар. Ит тәртіпті болуы үшін оны күшік кезінен жақсы мінез-құлыққа баулу керек. Біздің орталықта күшіктерге арналған балабақша жұмыс істейді. Онда біз өзге иттермен араласуға, иесінің жанында қарғыбаумен серуендеуге, «Отыр», «Жат» деген командаларға, тұмылдырық тағуға, бөтен кісінің қолынан тамақ алмауға үйретеміз, – дейді Александр. Айтпақшы, Александр – отыз жылдық тәжірибесі бар кинолог. Кәнігі маманның аузынан естігендіктен бе екен, ит асыраудың да үлкен жауапкершілік екенін түсіндік. Аулада асыр салып жүрген екі коргидің бірі Терридің бүгін қонақүйдегі соңғы күні екен. Мейманхана қызметкерлерімен әңгімелесіп отырғанымызда, екі баласы бар ерлі-зайыпты оны алып кетуге келді. Он екі күнге қалдырған олар итін әбден сағынып қалыпты. Айналып-толғанып әлек. Терри де құдды балабақшадан алып кетуге келген анасын көрген сәбидей есі кете қуанып, біресе иелерін, біресе айналып келіп бізді иіскелеп кетеді. Аманаттап табыстаған жануарды да аман-есен иесіне қайтару жүрекке жылылық сыйлайтын қайырлы істердің бірі ғой. Сол күні біз жылылыққа тойып қайттық.