Жалға берілетін баспананы субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтіледі
Жалға берілетін баспананы субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтіледі
624
оқылды
Алдағы дүйсенбіден бастап бағдарлама талаптарына сай келетін кез келген азамат өтініш бере алады. Өйткені, жалға берілетін баспананы субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтіледі. 4 шілдеден бастап otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық субсидия алуға өтініш бере алады. Бұрынғыдай бағдарламаға қатысушылар тізімінде болу және банктен SMS хабарлама күтудің қажеті жоқ. Мұны Отбасы банктің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін бағдарламаға қатысу туралы өтінішті SMS хабарлама алған азаматтар ғана жолдай алатын. Аталмыш хабарламалар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді тағайындау және төлеу қағидаларының талаптарына сәйкес, уәкілетті орган қалыптастырған және банкке өткізген тізім бойынша жіберілді. Тізімге 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар және көп балалы отбасылар сияқты төрт санат бойынша баспана алуға кезекте тұрған 70 мың адам кірді. Тағы бір талап – соңғы 6 айға отбасыдағы адам басына шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек.
«2022 жылдың 4 шілдесінен бастап otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық субсидия алуға өтініш бере алады. Ол үшін ЭЦҚ қажет. Субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімінде болудың және Отбасы банктен SMS хабарлама күтудің қажеті жоқ», - деп көрсетті Отбасы банктің баспасөз қызметі.
Отбасы банк жұмыс барысында қолға алған тағы бір өзгеріс – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Енді олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс пен қызмет көрсету шарты бойынша төленетін қаражатпен қатар кіріс ретінде есепке алынатын болады.
«Мәселен, жалғыз өзі асыраушы болып табылатын отағасының әйелі мен үш баласы бар делік. Ол айына 180 000 теңге алады. Табыс талабы бойынша бұл отбасы субсидия алуға құқылы. Алайда бұл отбасы қосымша жәрдемақы алатын болса, онда әрбір отбасы мүшесінің табысы 1 КМ-нен жоғары болады. Яғни бұл жағдайда отбасы мемлекеттік қолдаудан қағылады. Дәл осы себепті бағдарламаға қазірдің өзінде 1000-нан астам қатысушы қабылданбады», - делінген хабарламада.
Қазір заңнамалық деңгейде аталмыш өзгертулер енгізілуде. Олар күшіне енгенін банк қосымша хабарлайды. Сол уақыттан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар табыс ретінде қарастырылмайды. Сондықтан бұрын осы себепті субсидия ала алмаған қатысушылар өтініштерін қайта тапсыра алады.