Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. «Мыңжылдық» аллеясында өткен экологиялық шараға «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, Орталық аппарат қызметкерлері және «Жастар Рухы» жастар ұйымының мүшелері қатысты. Сенбілік барысында партия өкілдері Сағадат Нұрмағамбетов көшесінің бойына неміс жөке ағашының 69 көшетін отырғызды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Экологиялық акцияның мақсаты – қала аумағын абаттандыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс бір реттік сенбілікпен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы қажет.

«Әділет» партиясы Орталық аппаратының шаруашылық басқармасының қызметкері Жұлдыз Айтбаеваның сөзінше, тұрғындардан қоғамдық қабылдауларға түсетін өтініштердің басым бөлігі аула мен көше тазалығы, жарықтандыру, балалар алаңының жағдайы және қоқыстың уақытылы шығарылуына қатысты.
«Қоғамдық қабылдауға келген әрбір өтініш нақты зерделеніп, оны шешуге жауапты құзыретті орган анықталады. Мәселе жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық қызметтерге жолданып, оның шешілу барысы бақылауға алынады. Аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, бұл – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекеттік органдар мен тұрғындардың жүйелі жұмысы қатар жүргенде ғана нақты оң өзгерістерге қол жеткізуге болады», – дейді Жұлдыз Айтбаева.

Ал «Жастар Рухы» жастар ұйымы төрағасының орынбасары Ержан Хамитов «Таза Қазақстан» бастамасына жастардың қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірінде жастар ағаш отырғызу, аулаларды абаттандыру және көшелерді тазалау сияқты экологиялық іс-шараларға белсенді қатысып жүр.
«Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жариялағаннан бері «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бұл іске белсенді атсалысып келеді. Бастамаға қатысатын жастардың қатары да артуда. Бізді біріктіретін ортақ мақсат – қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік. Алдағы уақытта қоқысты сұрыптау сияқты жаңа экологиялық бастамаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз», – деді Ержан Хамитов.

Ол «Таза Қазақстан» ұғымын тек сенбілік өткізумен шектемей, жастардың күнделікті әдетіне айналдыру маңызды екенін айтты. Себебі электр қуаты мен суды үнемдеу, қоқысты сұрыптау және қоғамдық орындарды таза ұстау да экологиялық мәдениеттің бір бөлігі.

Жалпықалалық сенбілік Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылды. «Мыңжылдық» аллеясындағы акция қала аумағын көгалдандыруға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
