Азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет
Азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет
597
оқылды
Президент Премьер-Минис­трдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады. Мемлекет басшысына Қазақстанның ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына төрағалығының қорытындысы туралы баяндалды. Жиын барысында маңызды шешімдер қабылданған. Атап айтқанда, ДСҰ-ны реформалау үдерісін бастауға және 20 жылдан астам уақытқа созылған Балық аулау субсидиялары туралы жаңа келісімді қа­былдауға қол жеткізілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің сыртқы сауданы дамыту және экономикалық интеграция аясында ұлттық мүддені қорғау жұмыстарының нәтижесі ұсынылды. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі биылғы 4 айдың ішінде шикізаттық емес тауарлар экспорты былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 33,9 пайызға артып, 5,6 миллиард доллардан 7,5 миллиард долларға дейін өскенін мәлімдеді. Қызмет көрсету экспорты 5,8 миллиард долларға жеткен. Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов Үкіметтің негізгі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы мен қолже­тімділігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспардың жүзеге асырылуы 2024 жылға қарай импортқа тәуелді не­гізгі тауарлар бойынша халықты жүз пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кездесу соңында Президент сыртқы сауда қызметін жандандыру және шетел нарығындағы Қазақстан өнімдерін ілгерілету жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін негізгі азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет екеніне баса мән берді.