– 30 маусым күні Байзақ ауданындағы жарылыс жұмыстары кезінде құрғақ шөп өртенді. 120 адамнан құралған әскерилер өртті сөндіруге бірден кірісіп, өрт сөндіру көліктері де жұмылдырылды. Сондай-ақ жергілікті орманшылар да өртті ауыздықтауға көмек қолын созды. Нәтижесінде, өрт толықтай сөндіріліп, ешкім жарақат алмады. Жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан маңда сақтық шаралары жіті сақталған. Мамандар тәуліктік кезекшілік жүргізуде. 6 маусымнан басталған жарылыс жұмыстарына адам жоқ таулы аймақ таңдалып алынды. Сондықтан халыққа да, төрт түлікке де келер еш қауіп жоқ, – дейді Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Дина Мухаринова.
Тараздың төбесінен түскен сәуле не?
Жарылыстан жайылымды өрт шалғанын жауаптылар жасырмай отыр. Демек, шаруалардың жанайқайы орынсыз дей алмассың. Алайда құзырлы мекемелер қандай жағдайға болмасын дайын екендерін айтып, жару жұмыстары тоқтамайтынын анық аңғартты. Осы орайда бір айта кетерлігі, дәл 30 маусым күні түнде Тараз аспанынан жарық сәуле жерге түсіп, тұрғындардың үрейін алды. Куәгерлердің айтуынша, жарықтың алдында жылы леп ұрып, сәуле жерге түскенде жақын маңдағы үйлердің жарықтары сөніп қалған. Бұл жағдайды кейіннен Төтенше жағдайлар департаменті Қант зауыты аумағында электр бағанасы құлады деп түсіндірді. Бірақ бұған көпшілік сенбейді. Себебі жарық сәуледен кейін жалынды от шыққанын көргендер айтады. Бірақ бұл жағдайдың жарылыс жұмыстарына еш қатысы жоқтығы туралы Тараз гарнизоны ақпарат берді. Дина Мухаринованың айтуынша, жойылып жатқан қауіпті қалдықтардың арасында қашыққа ұшатын бірде-бір жарылғыш зат жоқ екен.
P.S Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда Байзақтағы жарылыстар тұтас бұқараның қарсылығын тудыруда. Бірі жайылымды айтып жанайқайын білдірсе, екіншілері күн сайынғы дүмпуден жүректері шайлығып қалғанын айтады. Жалпы, Байзақта қару-жарақ қоймасындағы жойқын жарылыстан 17 адам қаза болғанын ел жақсы біледі. Кіші сержант Бауыржан Дауытбаев әлі күнге із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Жауынгерді іздеу жұмыстары жалғасуда. Алайда құм арасынан өзге әскерилердің кілті, көзілдірігі сияқты бұйымдары табылып жатқанымен, Дауытбаевқа қатысты бірде бір дерек жоқ.
Жамбыл облысы