«Зейнетақы жинағының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне және келесі жылы «7-20-25» бағдарламасының аяқталуына байланысты 500 млрд теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныс өтелмейді деген болжам бар. Жеке құрылыс салушылардың коммерциялық тұрғын үйді сату жылдамдығы айтарлықтай төмендеуі ықтимал. Сұраныстың өтелмеуіне жол бермеу мақсатында халық үшін екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады», – деді ол Үкімет отырысында.Оның атап өтуінше, Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мынадай базалық шарттар ұсынылады: бастапқы жарна 20 пайыздан басталады, несие беру мерзімі 20 жылға дейін болады, қарыздың ең жоғарғы сомасы 35 млн теңгеге дейін жетеді, сондай-ақ төлем қабілеттілігін міндетті түрде растауды қажет етеді.
«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі деңгейінен 5%-дан аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7%-ы субсидияланады. Екінші деңгейлі банктер өз қаражаты есебінен құрылыс салушылардың бастапқы тұрғын үйіне және «Қазақстан тұрғын үй» компаниясының кепілдігімен қамтамасыз етілген салынып жатқан тұрғын үйге қарыз бере алады. Осы бағдарламаны іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер қажет емес. Қазір бюджеттік өтінім Қаржы министрлігінің қарауында жатыр. Бюджет мақұлданғаннан кейін қазақстандық тұрғын үй компаниясы осы бағдарламаны дереу іске қосуға дайын», – деді Қанат Шалапаев.
Азат ҚАЗАҚ