Әлем астаналарының әрқайсысы өздерінше әдемі. Дегенмен барлығына ортақ бір ғана ғимарат бар. Ол – президент резиденциялары. Мемлекет басшылары шетелден келетін құрметті қонақты осында қабылдап, елдің мәселесін қозғайтын ірі жиналыстарды да басшы «үйінде» өткізеді. Әлем елдерінің көшбасшылары қандай резиденцияда отырады? Бірге білейік.
Былтыр сарапшылар әлемдегі ең әдемі 10 резиденцияның тізімін ұсынды. Сәулетімен көз тартқан көшбасшы үйлерінің қатарына біздің Ақордамыз да ілігіпті. Ел Президентінің резиденциясы өзіне ең таяу деген құрылыстардан 300 метр жерде биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстінде оқшау тұр. Резиденция құрылысы 2001 жылы басталды. Аса маңызды мемлекеттік нысанды салу үшін 26 ұлт өкілі және әлемнің ондаған елінің мамандары мен жұмысшылары еңбек етті. Қазақстан Президентінің жаңа резиденциясының ресми тұсаукесері 2004 жылы 24 желтоқсанда өтті. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр. Ғимарат құрылыстағы ең соңғы заманауи әдістер мен озық инженерлік құрылғыларды қолдану арқылы монолиттік бетоннан тұрғызылды. Үшкір төбесімен қоса алғандағы ғимарат биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бес қабатты және жер астындағы екі қабатты үйден тұрады. Бірінші қабаттың биіктігі 12 метрге тең.
Бірінші қабатта Қазақстан Президентінің атынан ресми қабылдаулар өткізуге арналған салтанат залы, Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясы және кездесулер өтетін зал, сондай-ақ қысқы бақ орналасқан. Екінші қабатта қызметтік бөлмелер бар. Ал үшінші қабатта киіз үй түріне орайластырылып, мәрмәр мен гранитпен безендірілген шығыс залы және құжаттарға қол қоюға арналған мәрмәр зал бар. Ал алтын залда мемлекет және Үкімет басшыларымен шағын құрамда келіссөздері мен кездесулері өтеді. Доғал зал Мемлекет басшысының шетелдік делегациялармен, шетелдік іскер топ өкілдерімен кездесулері мен әңгімелесулері үшін пайдаланылады.Төртінші қабатта күмбезді зал, отырыс залы, келіссөздер залы және кітаптардың бірегей коллекциясы жинақталған кітапхана бар. Ақорда төрт футбол алаңының ауданымен тең екен. Резиденцияның дизайнында батыстық элементтер мен шығыс мотивтері керемет үйлесім тапқан.
Уашингтондағы АҚШ президентінің резиденциясын көпшілік «Ақ үй» деп атайды. Ақ үй Америка тарихының бір бөлігіне айналып кеткен. Америка президентінің резиденциясы болған федералды ғимараттың алғаш іргетасы 1792 жылы 13 қазанда қаланған. Оның үлгісін архитекторлар арасындағы жобаны ұтып алған тегі ирландық Джеймс Хобан ұсынған. Алғашқы уақытта Президент үйі, Президент жекежайы, Президент сарайы болып аталып келген. 1812 жылы сұр тастан салынған ғимаратты британиялық әскерлер басып, өртеп жіберген. Кейінірек, 1817 жылы Хобанның басшылығымен бастапқы қалпына қайта келтірілді. Қабырғалардағы өрттің қалдырған таңбаларын кетіру мақсатында ақ түспен сырлап шықты. Содан кейін 1902 жылы Теодор Рузвельт бұл ғимаратқа «Ақ үй» деген атау берген.
Ал Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизаветаның лондондық резиденциясы Букингем сарайы деп аталады. Пэлл-Мэлл көшесі мен Грин-парктағы Виктория ханшайымының ескерткішіне қарама-қарсы орналасқан сарайда Монарх болған кезде сарай күмбезіндегі байрақ ашылады. Букингем сарайы алғашқыда Бакингем-хаус деген атпен белгілі болып, герцог Букингем үшін арналып салынған болатын. Сарайды 1762 жылы ІІІ Георг (Ұлыбритания королі) болашақ монархтың жеке резиденциясы ретінде сатып алды (корольдің ресми резиденциясы Сент-Джеймс қамалы көлемі мен сыртқы әрленуі жағынан ІІІ Георгке ұнамаған еді). 75 жыл бойына архитекторлар Джон Нэш пен Алупкин қамалының авторы Эдвард Блор Бакингем-хаусты негізге ала отырып, осы типтес үш ғимарат салды. Олардың барлығы біріккенде үлкен орталық алаңы бар шаршы нысанды құрайды.
Сарай 1837 жылы Виктория ханшайымның таққа отырғанынан бастап британдық монархтардың негізгі резиденциясы болып ресми түрде жарияланған. Сарайды гвардия жаяу әскерінің полкінен құралған сарай дивизионы мен Патша атты әскерінің гвардиялық полкі күзетеді. Әр күні 11.30-да сәуір мен тамыз аралығында қарауылдың ауысу рәсімі өтеді. Бұл – мыңдаған туристі жинайтын Лондонның өте танымал рәсімі. Жазда сарайды көруге 30 000 қонақ келеді. Ал Ұлыбританияның 10 премьер-министрі Даунинг-стрит ғимаратында отырады. Үй 1677-1680 жылдары соғылған екі ғимараттан тұрады. Бұл жер 1732 жылы бас қазынашының резиденциясы болған. Премьердің тұрғын үйі ретінде 1902 жылдан бастап атала бастады, оған дейін премьерлер жеке үйлерінде тұрған.
Ресей президенті Владимир Путиннің жұмыс резиденциясы Кремльдегі Сенат ғимаратында орналасқан. Сенат ғимаратын 1779-1787 жылдары архитектор Матвей Казаков салған. 1995 жылы қайта жөнделген. Ресей президентінің резиденциясы іскерлік және парадтық бөлімнен тұрады. Президенттің жұмыс кабинеті резиденцияның іскерлік бөлімінің қақ ортасында. Кремльдің 14-корпусында, Спасскі қақпасының жанында президенттің тағы бір кабинеті бар. Бұл кабинет мемлекет басшысы жыл сайын жолдауын оқитын Мрамор залға жақын.
Елисей сарайы – Франция президенті Эмманюэль Макронның резиденциясы. Сондай-ақ мұнда Франция министрлер кеңесінің отырысы өтеді. Бұл сарайда президент Макрон өзге елдердің басшыларын Республикалық гвардияның салтанатты қарауылымен қабылдайды. Ғимаратты 1718-1722 жылдары архитектор Арман Клод-Молле граф Эвреге арнап салған екен. Наполеонға дейін ғимаратты түрлі граф пен король туыстары иеленген. Кейінірек Наполеон Елисей сарайын үкімет жұмыстарына пайдаланған. 1848 жылдан бастап Наполеон Бонопарттың ресми резиденциясына айналды. 1853-1867 жылдары императордың бұйрығымен архитектор Жозеф-Эжен Лакруа сарайды қайта салып шықты. Содан бері сырт келбеті өзгерген жоқ.
Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің басты резиденциясы Көксарай саналады. Маңызды кездесулер мен қабылдаулар, жиындар осында өтеді. 90-жылдары Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов Әмір Темірдің Самарқандтағы Көксарайының құрметіне осы сарайды салдырып, Көксарай деп атаған. Көксарайдың ерекшелігі сол, аты айтып тұрғандай, жасыл желекке оранған. Күзетінің күштілігі соншалық, президенттің жеке күзеті, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, ІІМ және Ұлттық ұлан Көксарайдың төбесінен құс ұшырмайды.
Салыстырмалы түрде қарағанда, Орталық Азиядағы ең қарапайым «ақ үй» Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың резиденциясы болуы мүмкін. Ала-Арча деп аталатын үйде президент шетелдік қонақтарды қабылдайды, мемлекеттік маңызы бар кездесулер өткізеді және отбасымен бірге тұрады. Түрлі кездесу, конференция өткізу үшін Ала-Арча резиденциясының бөлмелерін жалға алуға да болады. Құны 4 мың мен 50 мың сом аралығында.
Әлем назар аударып отырған Украина президентінің киевтік резиденциясы «Городецкий үйі» деп аталады. Себебі үй сәулетші Владислав Городецкийдің жобасы бойынша салынған екен. Шебер бастапқыда үйді өзі үшін салған, ол мұнда 1903-1913 жылдары өмір сүрді. Тарихи-ескерткіш мифологиялық мүсіндермен, аңшылық тақырыптағы өрнектермен безендірілген.
P.S. Елдің әлеуетін де президент резиденциялары орналасқан сарайына қарап білуге болады. Сондай-ақ әр ел тарихы мен төл мәдениетіне байланысты көшбасшылар үйіне әртүрлі атау берген. Біздің елдің резиденциясының «Ақорда» атануы да қазақ хандығының тарихымен қабаттасып жатыр.